Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақұрылыста табысты тірлік жалғасуда

Жаңақұрылыста табысты тірлік жалғасуда

Теңізді өлкені тізгіндегелі аудан әкімінің мұндағы елмен жүздесуі әлі де жалғасып келеді. Кезекті сапар Жаңақұрылыста. Осы аптадағы жасалған Сырдағы сапар сол Жаңақұрылыста жалғасты. Елдегі ағайынмен жүздескен аудан әкімі А.Оңғарбаев ең алдымен «Қуаныш» шаруа қожалығының тоғанда балық өсіру жобасымен танысып, балық шаруашылығындағы берекелі бастамаға сәттілік тіледі. Артынша кәсіпкердің егістік алқабына да барды.
Кейін елдімекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі жай-күйін бағамдады. Елдегі ақуалдың тұрақтылығына сеп болатын мұндай маңызды әлеуметтік нысандардың ішкі жұмысынан бөлек, сыртқы көрінісі де ауылға айрықша мән беріп тұруы маңызды. Осыны ескерген аудан әкмі ауыл халқына қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен танысқан соң мекеме басшыларына ғимаратты талапқа сай күтіп ұстау және тұрғындар үшін жұмыс сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.
Ауыл халқымен кездесу барысында аудан басшысы өңірдегі атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен оң өзгерістер жөнінде баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, аудан көлемінде ауқымды жобалар жыл сайын жүзеге асуда. Бүгін аймақ басшысының қолдауымен Ақшатау елдімекенінде жаңа 60 орындық білім ордасының іргетасын қалап жатырмыз. Бұл – ауыл халқының көптен күткен қуанышы. Ауданның өзекті мәселелерімен таныспын. Қазіргі таңда аудан орталығынан құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын аспалы көпір құрылысын аяқтап, үстіміздегі жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Білім саласында да іргелі жобалар іске асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ауданымызда 4 бірдей 300 орындық мектеп пайдаланылуға беріледі. Оның ішінде, биыл Арал қаласынан және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ұялары алдағы оқу жылында пайдаланылуға берілетін болса, келесі оқу жылында тағы 2 мектеп жаңа №5 мөлтек ауданында және Жақсықылыш кентінде табысталатын болады – деді. Мұнан бөлек алдағы уақытта жүзеге асыралатын жобалармен де бөлісті.
Басқосуда тұрғындар аудан басшысына өздерін толғандырған ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Кездесудің соңында аудан әкімі елдімекен тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін заң аясында шешуде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді.
Атап өтейік, елді мекен тұрғындарымен өткен жиында ауыл халқына арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие алу жолдары да түсіндірілді.
«Толқын» ақпарат
20 мамыр 2024 ж. 190 0