Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға ойыншық таңдауда неге мән беру керек?

Балаға ойыншық таңдауда неге мән беру керек?

Балаға ойыншық таңдау ата-аналардан барынша ұқыптылықты, жауапкершілікті талап етеді.
Балалар ойыншықтарын сатып аларда оның иісіне, түріне, боялуына мән беру керек. Өткір, жағымсыз, бөтен иіс, майысу, үшкір қырлары, қылаулары болмауы керек. Сатып аларда оны оңай тексеруге болады, ойыншықты ылғалды сүлгімен немесе саусағыңызбен сүртіп көріңіз, егер сүлгі немесе саусағыңызға бояу жағылса, онда мұндай ойыншықты сатып алмаған жөн.
Сонымен қатар, балалар ойыншықтарының таңбалануында келесі мәліметтер болуы қажет:  атауы, өндіруші елі, жасалған жері, өндірушінің мекен-жайы, импортері, олармен байланысу сымтетігі, өндірушінің тауар белгісі, пиктограммасы, негізгі құрастырғыш материалы (3 жасқа дейінгі балалар үшін) (қажеттілігіне сай), ойыншық күтімі (қажеттілігіне сай), шығарылу күні (айы, жылы), сақтау мерзімі, сақтау  шарттары (қажеттілігіне сай).
Сатылымға шығар алдында ойыншықтар «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы»  008/2011 Кеден одағының   Техникалық регламентінің талаптарымен сәйкестендірілуі тиіс.
Ойыншықты таңдағанда қолмен толық сипап көру қажет. Егер ойыншықта қолды тырнайтын немесе қолға бататын бұдырлар болса, сондай-ақ кішкене бөлек бөлшектері оңай бөлек алынатын жағдайда, ойыншықты балаға әпермегеніңіз дұрыс. Ұсақ бөлшектері ойыншыққа мықтап бекітілген болуы керек.
Сапалы ойыншық ешқандай иіс шығармайды. Жағымды иістің өзі қауіптің белгісі. Кейде жасаушылар қауіпті, сапасыз материалдан жасалған ойыншықты жағымды иістермен бүркемелейді. Ондай ойыншықтар жасалған материалдардан көбінесе формальдегид, фенол сияқты улы заттар табылып жатады.
Ойыншықтар өте жоғары сапалы материалдардан жасалуы қажет. Маталар табиғи заттардан жасалып, арнаулы технологияда боялуы керек, ешқандай түрлі зиянды қоспаларсыз. Ағаш сапалы өнделуі қажет, жарықсыз, бұдырсыз, бұтақсыз және лакталмағаны жөн. Пластик те сапалы зиянсыз, түсі табиғи болуы керек. Айшықты боялған түс материалдың сапасыздығын білдіреді.
Өте қатты шыққан дыбыстар баланың есту қаблетіне зиян тигізеді. Ойыншық таңдаған кезде шығаратын дыбысына көңіл бөлу қажет. Ойыншық дыбысының жұмсақ болғаны дұрыс. Балалар ойыншықтары үшін зиянсыз дыбыстар шегі – 85 децибел. Егер бала осыдан қатты үн шығаратын заттарға әуес болса, онда баланың есту қаблетіне зиян келеді.
Тауарды таңдағанда таңбалы қағаздан өндірушінің түсіндірмесін тауып оқыңыз және өндірушінің түсіндірмесі болуын талап етіңіз. Өндіруші түсіндірмесі тауардың сапасын бағалауға септігін тигізеді.
Тұтынушыларға кеңес: дүкендерден сәйкестігін растайтын құжаты бар, арнайы тексерістен өткен ойыншықтарды сатып алғандарыңыз жөн. Егер де сыртында таңбалануы толық жазылмаған жағдайда, сатушыдан ақпарат алуға болады және сатушы сізге тауар туралы толық, әрі нақты ақпаратты беруге міндетті.
Арал аудандық Сэбб басшысы А.Сатекеева

Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz
21 мамыр 2024 ж. 336 0