Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтауға лайық мұғалім

Мақтауға лайық мұғалім

Қазақта «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Расында, тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің, тау тұлғалы азамат болып өсуіне ең алғаш  қалам ұстап, әріп тануды үйреткен мұғалімнің ықпалы күштірек болады. Және көбіне баланың болашағына да үлкен әсер ететін сол алғашқы мұғалім. Әрине, қазір терең білімді бойға жиған, біліктілігі жоғары мұғалімдер баршылық. Дегенмен олардың арасында кейбір ұстаздардың шәкірттің тетігін табуға тәжірибесі жетпей жататын кездері болады. Мен осы мақала арқылы Арал қаласындағы №260 орта мектептің бастауыш мұғалімі Құрманкүл Әлімованың өзім көз жеткізген, өзгелерге ұқсамайтын педагог ретіндегі ерекше қырын айтқым келіп отыр.
Мен де мұғалімдік мамандықты меншіктеп алған жанмын. Қаладағы №14 мектеп-лицейінің мұғалімі болып еңбек етудемін. Дегенмен биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған қызым Айлиннің мектеп бағдарламасын алып кетуі оңайға соққан жоқ. Бұл тұста ата-ана ретінде мен де, мұғалімі де ықпал ете алмады. Әдетте «итің жаман» десе көңілі қалатын қазақпыз ғой, өзім мұғалім бола тұра, өз баламның оқу көшіне ілесе алмауы мені қатты қынжылтты. Сонан соң ақылы негізде қосымша білім беретін орталықтарға бердім. Бірақ одан да нәтиже болмады. Бұл жағдай мені уайымға салды. «Баланың зейінін бірден ашып, білімді құю мүмкін емес. Қалайда оның осал тұсын дөп басып таба алатын мұғалім керек» деген оймен жақын таныстарыма "қалада қандай жақсы бастауыш білім беру мұғалімі бар" деген сұрау сала бастадым. Осылайша, №260 мектепте Құрманкүл Айтуғанқызы есімді тәжірибелі ұстаз барын білдім. Сол сәтте көп ойланбастан тәуекелге бел буып, қаладағы «ең керемет» деп таңдап берген мектебімнен, №260 мектепке, Құрманкүл апайдың сыныбына ауыстыруға шешім қабылдадым.
Себебі естуім бойынша, Құрманкүл Айтуғанқызы – 20 жылдан артық білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаз. Заманауи техникаларды жетік меңгерген, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын шығармашылық қабілеті жоғары, жаңашыл мұғалім. Өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектердің арасында «Алтын белгі» алған 4 оқушының алғашқы ұстазы осы Құрманкүл апай болып шықты.
Осылай қызым Айлин оқу жылының 3-тоқсанынан бастап Құрманкүл апайдың сыныбында оқи бастады. Мен алғашқы күннен бастап мұғалімнің тәжірибелі, баланың тілін таба білетін қабілетті педагог екендігіне көз жеткіздім. Қатарластарынан оқу үлгерімі бойынша қалып келе жатқан оқушымен жеке жұмыс істейді. Сабақтан соң алып қалып жекелей үйретеді. Немесе бос уақытын ыңғайлап үйіне шақырып, қосымша оқытады. Мұндай жағдайлар біздің бала күнімізде ғана кездесетін еді. Бұл ұстаз сол көнелер жолын ұстанған. Және ол еңбегі үшін бір тиын да ақы алмайды. Ал қазіргі нарық заманында мұғалімдердің көбісі мектептегі сабағынан тыс уақытта үйреткен білімі үшін ақы тағайындап қойған. Тіпті тәжірибесіз жастардың өзі ақылы қосымша білім беру орталықтарын ашып алған. Осы тұста менің Құрманкүл апайдың шәкіртіне туған анасындай жанашыр ұстаз екендігіне көзім жетті. Ұстаз деген ұлы, мұғалім деген мәртебелі есімнің мәнін асырған, лайықты тұлға екендігін сеніммен айта аламын. Өйткені қызыммен жүргізген осындай үздіксіз жұмыстардың нәтижесінде ол қатарластарымен ілесіп, оқу үлгерімі жақсара түсті. Қазір оқуға деген ынтасы мен ықыласы ерекше. 1-сыныптың оқу бағдарламасын аз уақыттың ішінде тез меңгеріп алды. Әрине, бұл тағы да Құрманкүл Айтуғанқызының еңбегінің жемісі екендігін айтуым керек.
Оқу жылының соңғы күнінде бұл мақаланы жазудағы мақсатым, осындай бейнеті мың батпан бола тұра, еңбегі елеусіз қалып жататын мұғалімге ата-ана ретінде ризашылығымды білдіргім келді. Және кейінгі жас мамандарға Құрманкүл Айтуғанқызы сияқты білім, білігі жоғары мұғалімдерден үлгі алып, тәжірибе жинақтаса екен деген ойдан туды. Ал Құрманкүл Айтуғанқызына еңбекте табыс, мерейі үстем болуын тілеймін.
Жанар Қалдыбаева

26 мамыр 2024 ж. 179 0