Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Лудомания – ХХІ ғасыр дерті" тақырыбында жиын өтті

"Лудомания – ХХІ ғасыр дерті" тақырыбында жиын өтті

Жастардың арасында белең алған қасіретті қатердің бірі – құмар ойынға әуестік. Әлемді елеңдетіп отырған бұл проблемадан айрандай ұйып отырған қаншама отбасының жапа шеккені бәрімізге мәлім. Елімізде 10 жұптың 7-еуі құнықтырған құмар ойыны ажырасуға себеп болады. Отандық блогерлердің көбісі букмекерлік кеңселерді жарнамалау арқылы пайда тауып отыр. Ал медиа тұлғалардан үлгі алатын қаншама жастың бар екенін бірі елесе, бірі біле бермейді. Ол хоббиге байланысты психикалық бұзылыс ретінде жіктеледі. Оның әлемде таралуын халықтың 0,12%-дан 5,8%-ға дейін бағалайды. Бұл ретте ересек халықтың шамамен 12,5%-ы үнемі ойнайтындығынан хабар береді.

Осы тақырып аясында «ORDA» жоғары колледжінде Ақ-13г оқу тобында өткен «Лудомания – қоғам дерті» тақырыбындағы тәрбие сағатында осы мәселе жастар назарына ұсынылды.

Қазақстанда лудомандардың, психиатриялық ауруы бар адамдардың нақты саны белгісіз. Десек те өзінің лудоман екенін сезінетіндердің саны белгілі болды. 18 наурыздан бастап ҚР-да пилоттық режимде құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуды өз бетінше шектеу бойынша онлайн-қызмет жұмыс істейді. Оны eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы оңай қосуға болады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, сәуір айының басында 7 мыңнан астам қазақстандық өз-өзіне тыйым салған. Тағы 3 мың адам қағаз түрінде ставкаларды қабылдауды шектеу туралы өтініш жазды. Барлығы екі апта ішінде проблемаларды мойындаған ойыншы саны 10 мың адамнан асты.

Құмар ойындарының іргетасы, оған деген қызығушылық мектеп кезден қаланады. Яғни, оңы мен солын ажырата білмейтін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғармайтын балалардың оңай ақша табамын деген пікірінен туындайды. Алғашқы сәтте жай ұялы телефондағы ойындарға донат жасап жүреді. Жайлап ережесіз жекпе-жек, футбол іспеттес спорт ойындарына бәс тіге бастайды. Адам ойынға тәуелді болған кезде интернет-казинодағы слоттарға бармаса, ойындарға қатыспаса, психологиялық тұрғыда ашушаң, жүйке жүйесі жұқара бастайды. Алғашқы кезеңде сіз үшін ойын өте жеңіл, әрі еш күмән тудырмайтындай-ақ болып көрінеді. Бірақ уақыт өте жеңіліс табасыз, жалған намыспен өзге нәрсені дәлелдегіңіз келгенмен, ақыр соңы тақырға отыруға тіреледі.

Жастардың бұл дертіне дауа таппаған дүниежүзілік психологтар дабыл қағуда. Қазақстанда статистика мәліметтері бойынша соңғы жылы 170 мыңнан астам жас 36 миллиард теңгені заңсыз ойын бизнесіне тіккен. 350 мыңнан астам қазақстандық лудоман есебінде. Өткен жылдан бері 2 мың сайт бұғатталып, онлайн-казино аккаунттары жұмысын тоқтатқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министрліктерге заңсыз ойын түрлеріне деген шектеуді арттыруды тапсырды. Сонымен қатар арнайы органдардың осы проблеманы қолға алуын міндеттеп, лудоманияға қарсы күресте тәрбие мен түсіндіру жұмыстарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әуестіктен арылу үшін көп күш-жігер қажет. Егер мақсат қоя білсеңіз және бұл проблеманың сіз үшін әкелетін қатері мен қасіретін ұғыну арқылы ғана ауруды тез арада жеңіп шығуға болады. Құмар ойындарға кеткен қаражытты рухани дамуға, ілім-білімге, пайдалы қызығушылықтарға пайдалану – дұрыс өмір сүру ережесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Топ жетекшісі Г.Абдибаттаева жаһандық дертке айналған мәселе оңай жолмен ақша тауып, қомақты қаражатқа кенелем деген ой мен іс-әрекеттен басталып, нәтижесінде адамды материалдық шығынға ұшыратып, аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін екендігін айтып, жастарға ескертті.

Білім алушылар лудоманияның пайда болу факторлары мен зияны, виртуалды тәуелділіктің зардабы жайлы өздерінің ізденіс жұмыстарын ортаға салып, пікір алмасты.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды
30 мамыр 2024 ж. 225 0