Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылжарда жаңа мешіт ашылды

Қызылжарда жаңа мешіт ашылды

Ұлттық салт-дәстүрімізбен үндесіп жатқан асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт мұсылман қауымы үшін қай кезде де киелі орын саналады. Қазаны қайнаған елдің, азанын шақырып елдегі барша мұсылман қауымның қарашаңырағына айналған бұл Алла үйінің сыр жұртшылығына берері көп-ақ. Ұрпақтар сабақтастығымен ұштасып, қараңғылыққа сәулелі нұр түсірер бұл құттыхана әлі талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз.
Сулы, нулы Сыр өңірінің дін жанашыры, заманында асыл дініміздің қазақ даласына кең тарап, еркін ұсталуына шексіз үлес қосқан Оңғар ахун Тұрымбетұлының 180 жылдығына орай руханияттың орталығы саналған Қызылжар елдімекенінде ашылған жаңа мешітке ауыл тұрғындары мен ардагерлер жиналды.
«Оңғар ахун» атындағы имандылық үйінің салтанатты ашылу рәсімінде алдымен аудан әкімі А.Оңғарбаев тұрғындарды ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, ғибадат үйінің ашылуымен құттықтады.
– Имандылыққа бет бұрып, ізгілікке ұмтылған пенденің сенімін күшейтіп, жан дүниесін нұрландырып, ақиқатқа бастайтын бірден-бір орын ол – мешіт. Дінімізді, діліміз бен тілімізді сақтап, ғасырлар қойнауына жеткен асыл көмбелерімізді, әдет-ғұрыптарымызды өскелең ұрпаққа жеткізіп, ұлт ұлағатын насихаттап отырған Арал өңірінде бүгін міне, тағы да бір киелі, қасиетті мешіт бой көтерді. Күмбезі күн сәулесімен таласқан мешіт құтты да, қайырлы болсын! Еліміз руханиятын дамытып жатқан бүгінгі сәтте бұл мешіт елді береке-бірлікке шақыратын имандылық үйі болсын деп тілеймін – деді, аудан басшысы өз құттықтауында.
Одан соң ауыл тұрғындарына естелік ретінде сый-сияпат табыс етті.Аталған шарада сөз алған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт үйінің жамағатпен көрікті болатынын айтып, жастар үшін ата-ананы сыйлап, құрмет тұтуға үндейтін ілім алуына мүмкіндік жасалғанына қуанышты екендігін жеткізді. Сонымен бірге діни орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.
Мазмұнды шараға тұрғындар қуанышына ортақтаса келген Қазалы ауданы әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы Берік Бисембаев қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Сондай-ақ, «Оңғар ахун» әулетінің атынан Үммігүлсім Сатыбалдиева сөз сөйлеп, игі іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Мұнан кейін жаңа мешіт ғимаратының лентасы қиылып, өмірден өткен марқұмдар рухына арналып, Құран бағышталды.
Осылайша ауыл орталығынан бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған «Оңғар ахун» атындағы жаңа мешіт күндердің сұлтаны болған қасиетті жұма күні жамағатқа есігін айқара ашты. Мешіттің құрылысына ауыл тұрғындары мен баба ұрпақтары біркісідей атсалысып, демеушілік жасаған.
Сонымен қатар, Оңғар ахун Тұрымбетұлының 180 жылдығына орай ауыл ішінде ас беріліп, қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылды.

"Толқын" ақпарат
04 маусым 2024 ж. 197 0