Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілшілік деген қоғамның тамыршысы

Тілшілік деген қоғамның тамыршысы

«Өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек» деп айтып жатады ғой. Өзім бүгінге дейін осы таңдаудың бірін қабылдап, өкінген емеспін. Журналист жолы – қызығы да, қиындығы да мол жол. 2 жылға жуық уақыт қана болса да өмірлік жолымның бір парасында жаныма жалау еткен кәсібіме келуім де өмірімдегі естен кетпейтін естеліктің бірі.
Өзім аудандағы талай дарынды да дара шәкірттердің шамын жаққан Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің түлегімін. Әрбір оқушы бала секілді менің де жастайымнан армандап, қиялыма ерік беретін сәттер болатын. Мектеп жасымнан өте белсенді, озат оқушы болғандықтан, балаң арманым да мектеппен қатысты, дәлірек айтқанда, мұғалім болу еді. Санама білім нәрін құйып, алғаш партаға отырғаннан қолыма қалам ұстатып үйреткен мұғалім-ұстаздарыма қарап, қызығатынмын. «Мен де осындай ұстаз болсам, оқушыларымның бәрі ақылды болса, олар ең күшті, мейірімді мұғалім қандай болу керек деген сәтте мені есіне алса» деген түрлі ойлар келіп, іштей қуанатынмын. Осылайша 10-сыныпты бітірер сәтте Ұлттық Бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары басталды.
Мүмкін ерте, мүмкін кеш, бірақ мен өзімнің нақты таңдауымды сол кезде-ақ жасап қойған едім. Бар ойым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, жақсы ұстаз, балаларға екінші ана болу еді. Оның да себебі жоқ емес. Өзім кішкентай кезімнен түрлі ертегі, аңыздарды, кітаптарды көп оқитынмын. Одан қала бере, ғаламторды ақтарып, кітаптағы деректердің шын-өтірігін тексеріп әуреге түсетінмін. Отбасымдағы әжем, ата-анам да үнемі мен оқыған кітапты тыңдап, кейде бірге талқылайтын сәттер де болатын.
Міне, қазіргі «тілші» деген атты иемденуімнің алғашқы баспалдақтары осылай басталған. Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетті «Қазақ филологиясы» мамандығымен бітіріп келген соң, мемлекет қолдауымен іске асып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы аудандық «Толқын» газетіне жұмысқа орналастым.
Алғашқы жұмыс күнімнен-ақ Абай Елешов ағай бастаған ұжым мені жылы қарсы алды. Бастапқы уақытта баспасөзге жаздыру маманы Күлмараш Ерғазиеваның жанында жұмыс істеп тәжірбие жинасам, уақыт өте келе түрлі әңгімелер мен еркін тақырыпта мақалалар жазып үйрендім. Менің осы қырымымды байқаған болса керек, редактор бағдарлама арқылы келісім шарт біткеннен кейін штаттық жұмысқа қабылдауға өтінішімді құп алды. Осылайша күтпеген жерден тосынсыйға толы өмірдің бір парағын аштым.
Бүгінде ұжымдағы журналисттермен қатар ардагер Толыбай Абылаев, Жұмабай Жақып, Амангелді Өткелбаев, Құндыз Дәуітова, Ерғали Абдулла сынды қаламгерлердің жұмыстарымен танысып, өз білімімді шыңдап келемін. Аудындық «Толқын» газеті редакциясында жұмыс істей жүріп әріптес, апа, әпке, аға-қарындас болып сыйласып кеткен ұжымның ұйымшылдығы мен бір-біріне құрметіне де сүйсінесің– біздің мерейімізді өсіріп, халық алдында еңбегімізді бағалайтын бірден бір мейрам. Осы күнде барлық ұжымдастарымның отбасына амандық, істеріне береке тілеймін!
Гүлмарал Мықтыбайқызы Сақтапова
29 маусым 2024 ж. 235 0