Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар!

Жаз басталса дәрігерлер қол-аяғы сынған кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мертігеді. Ал көп жағдайда медицина әлсіз болады. Тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін. Биіктен құлау жағдайлары жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғалары бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі беске де толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбіне құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Мәліметтерге сүйенсек, балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын ескертеміз.
Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан орын алады. Ойын баласының кез-келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.
Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
Сурет: www.gov.kz