Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасбақа кейпіндегі Ер жігіт

Тасбақа кейпіндегі Ер жігіт

Есте жоқ, ескі заманда өлкеміздің Кіші Борсық құмы жері батысқа қарай үлкен борсық құмына ұласып жатқан қазақтың кең байтақ жайлауы болған деседі. Ол кездері қазіргідей ауыл деген болмаған. Ата-бабаларының салты ма, қайдам, бастары қосылып ауыл болып отырайын десе, майда жандықтарын айтпағанның өзінде, үйір-үйір жылқылары, жыл сайын бұзаулары өсіп, табынға-табын қосылып жатқан мүйізді ірі қаралары, одан бөлек екі жылда боталайтын мыңғырған түйелері ырық берер емес. Сондықтан ба, әйтеуір төрт түлік малдары қосылып кетіп, ағайын арасында араздық туып кете ме деп Кіші Борсық құмы маңында ара қашықтығын сақтап, бөлек отырса керек.
Оларға бәрібір ана төбе не, мына төбе не араларының қашықтығы білінбейді, қай төбеде болсын той-томалағына, не басқа да жағдайларда шақыру келсе, бәрі де ат тайындай тебісіп қалмайтын көрінеді.
Сондай төбелердің бірінде айдың жарығында дүниеге келген Айжарық пен ертеңгілік күн ұясынан көтеріліп келе жатқанда туған Шұғыла атты ерлі-зайыпты өмір сүріпті.
Тіршілігіне сай бұлардың мал-текесі ауылдастарынан кем болмапты. Бірақ, бір дүниесі кем. Бұларға бала сүюді жазбапты. Енді жас кезінде ештеңеге мән бермей, қартайған шағында сары уайымға түсіп, ертелі-кеш бір бала сүюді армандап, құдайға құлшылық жасап отырады екен. Онысы зая кетпеген сияқты. Бір күні Шұғыла Айжарыққа: «Құрсағымда бірдеңе қимылдайды» деп сезімін білдіреді.
– Емші кемпірге жүгірейін бе? –деген Айжарыққа.
–Қой, тұра тұр, – деп сабырға шақырады.
Сонымен не керек, санаулы айлар ме күндер де өтеді. Бір күні түннің бір уағында Шұғыла толғақ қысып, қиналады. Зәре-құты қалмаған Айжарық не істерін білмей әбден сасады. Ауылдастарының әйелдеріне ат шауып барайын десе, түн қараңғы әрі олар ұйқыда жатқан шығар деп ойлайды. Сөйтіп, тұрғанда ол Шұғыланың шаңқ етіп, қатты қиналған дауысын естиді. Барса аяқ жағында тасбақа жатыр. Қорқып кетеді.
Шұғыла есін жиған соң, не істерін білмей тұрған Айжарыққа:
–Іштен шыққан жылан дейтін бе еді, мына мақұлықты алып барып дарияға таста, сонда өмір сүрсін, өлтірме, – дейді.
Айжарық тасбақаны шапанының етегіне орап, дарияға тастайын деп келе жатқанда, тасбақаға тіл бітеді:
–Құдайдан үмітің бар, әке! Мені өлтірейін деп, қайда әкеле жатырсың? – дейді.
Айжарық шошып кетеді. Артынша: «Қой, мұның тіл қатқанын естісе Шұғыла ренжір. Суға тастамайын» – деп шалғайына ораған күйі отауына алып келіп зайыбына:
–Тасбақаның өте жалынышты түрде тіл қатқанын аяп кеттім, дарияға тастамайық, бағайық» – дейді.
Сонымен ерлі-зайыпты екеуі келісіп, іштен шыққан тасбақаны пештің түбіне, келген кеткен адамдардың көзіне көрінбейтін жерге жасырып, бағады. Алдына үш мезгіл талқан, тостағанмен су қояды. Мұны тасбақа талғажау қылып, ұйықтап жата береді. Я дыбыс та шығармайды.
Бұл оқиғаны ауылдастары білмейді.
–Бір күні Айжарық малдарын жайғарып келіп, ертеңгілік шайын ішіп отырғанда, Шұғылаға:
–Жаңа малдарды суарып тұрғанда, құдық басына «Шұбар төбеден» шақырушы келіп ертең Құлмырза бай баласының үйлену тойы болатынын айтып кетті, – дегенде Шұғыла:
–Әне, жұрттың баласы үйленіп, әке-шешесін, бүткіл аумақты қуанышқа бөлеп жатыр. Ал біздің «шеріміздің» жатысы анау, қалай мұңаймайсың, – деп көзінің жасын білдірмей сығып алады.
Осы сәтті іші сезді ме, пештің түбінде жатқан тасбақаға тіл бітіп:
–Уа, ата-анам сөздеріңді естіп жатырмын. Уайымдамаңдар, қуанышқа бөлейтін күндерім де жақын қалды.
–Рас па? – дейді Шұғыла көз жасын тыйып, елең ете қалды.
–Иә, анашым менің түріме қарама, іштен шыққан балаңмын ғой! Айыбым құдайдың құдіретімен осындай күйде өмірге келгенім болмаса, қалайда сендерді келінді қылам...
«Шұбар төбедегі» Құлмырза байдың баласының үйлену тойынан қайтқан Шұғыла көрген-білгенін бәрін түп-түгел баян етеді. Және де бұл маңайда бой жетіп отырған қыздардың жоқ екенін іштен шыққан «баласы» естісін деп қаттырақ айтып жібергенін өзі де сезбей қалды.
–Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, сонау «Борбас» төбеде отырған Жарықбас байдың Күнсұлу, Айсұлу және Нұрсұлу атты үш қызына байдың қаһарынан қорқып ешкім жоламайтын көрінеді. Осы әңгімелердің шет жағасын естіген тасбақа, басын көтеріп:
–Бопты. Тек маған жолын сілтеңіздер, сол үш қыздың бірін келін етіп қолыңызға әкеліп беремін,–деп үн қатады.
«Қолыңызға» дегеніне қуанған анасы сондай шалғайда жатқан байдың ауылын әл-қадірінше сипаттап өтеді. Оған осы кіші және үлкен Борсық құмының орта беліне таман Оңтүстікке бет бұрып барады. Бұл маңнан қашық көрінеді...
Ертеңіне Шұғыла оның ас-суын берейін деп келсе, орнын сипап қалады.
Сол кеткеннен «тасбақа аяңмен» жүріп отырады. Жолда өзінің «киелі шөбімен» қоректеніп, әлденіп алады. «Борбас» төбеге жетіп, алыстан Жарықбас байдың он екі қанат ақ боз отауын бағдарлап алып, жігіт қалпына түседі де, ақ боз отауға тура тартады.
Ақ боз отаудың маңында жүрген жалшыларынан байдың демалыпотырғанын біледі де, көп ойланбастан шаңырақтың сықырлаулық есігін ашып, ішке енеді. Сәлем-сауқат жоқ, мұны көрген бай шошып кетеді. Бар айтқаны: «сен кімсің не қылған адамсың?» дейді. Бұл да көп сөзге жоқ емес пе? Әңгіменің турасын айтады:
–Бай-еке, мен сонау «Кіші Борсық» құмы» деген жерден келдім. Келген мақсатым сіздің үш қызыңыздың біреуіне үйленсем деймін, – дей бергенде Жарықбас бай да ашуына басып:
–Жолда жатқан қызды тапқан екенсің? Сендей ақымақты бірінші көруім, әй-шәй жоқ қызыңа үйленем дейсің. Өзің әке-шешеңнің тәрбиесін көрмеген не қылған бейбақсың, оңбаған. Әне, есік шық, – дейді.
–Сабыр етіңіз бай-еке! Әке-шешем бар. Бірақ мұнда келе алмайды, сенен қорқады. Сескенеді. Сондықтан бір өзім келдім, бір қызыңды берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан тыс аламын, – дейді.
–О-ой мынау не дейді.
–Рас айтам. Айтқаным айтқан. Қыздарыңның біреуін бермейтін болсаң, отырған аумағыңды астан-кестен етіп, ойраныңды шығарамын.
–Ондай күшің болса көрсет. Көрейін, – деп қарқылдап күліп, мұны мазақ ете бастайды. Сол сәтте шаңырақтың төбесіне ала құйын үйіріп соғып, шаң-топырақ аралас құмды дауыл маңайын астан-кестеңін шығарады. Қорқып кеткен Жарықбас бай:
–Сөзімнен қайтайын, қызымның біреуін берейін мына алай-дүлейіңізді қойғыз, – деп жалбарынады.
Ала құйын да, дауылда басылып бай тәубесіне келеді. Сонан ауыл-аймағына той жасап, бұған үлкен қызыКүнсұлуды ұзатады және қырық түйеге жасауын артып, шығарып салады.
«Борбас» төбеден былай шыға жігіт қайтадан тасбақа кейпіне түседі. Мұны көрген Күнсұлу шошып кетеді. «Жынға» берген әкесін де іштей қарғап-сілеп алады. Сөйтіп, жолда бүйтіп «елге мазақ болғанша» деп тасбақаны өлтірмекші болады. Бұл әрекетін сезіп қалған тасбақа «мендік» бола алмайсың деп, жолдан қайта оралып, әкесіне табыс етеді.
–Маған бұл қызың жар бола алмайды екен, екінші қызыңды бересің, әйтпесе кещегі күнгі көрсеткен алай-дүлейімді асырамын. Жаныңды сауғалап кірерге жер таппайсың, – дейді ол.
Оның бұл сөзінен зәремені қалмай, тіл-аузы байланып қалғандай, қырық түйенің жүгін шешпестен екінші қызы Айсұлуды береді. Бірақ бұл да апасы сияқты жолда тасбақаны амалын тауып, өлтірмекші болған, арам пиғылын байқап қалған. Екінші қайтара қырық түйенің басын кері бұрып, қайта келеді. Үшінші қызын сұрайды.
Жарықбас бай үшінші қызы Нұрсұлуды бергісі келмей, әрі-бері қитыңдай бастап еді сол мезетте желдің үдей түскенін қарашы, қой болмас көресімді көрсетер, тиыштығым жақсы деп, қорыққанынан ең кенже Нұрсұлу қызын амалсыз ұзатуына тура келді.
Апаларына қарағанда Нұрсұлудың ақылы бар екен. Жолда күйеуінің тасбақа кейпіне түскенін көрсе де көрмеген болады. Тіпті, «тасбақа аяңға» шыдамдылық көрсетіп, айлап жүрсе де бір ауыз тіл қатпайды. Сөйтіп, Нұрсұлуды Кіші Борсық құмында отырған айлы түнде туған Айжарық пен күннің шұғыласында өмірге келген Шұғылаға келін болып түседі.
Бірақ бұлар келінді болдым деп аймаққа жар да салмады. Тойымды неге жасамайсыңдар деп өкпелеп жүрген Нұрсұлу да жоқ. Күндер өтіп жатады. Күнделікті тіршілікке тез-ақ бейімделіп кеткен Нұрсұлу тамақ істеу үшін даладан тезек те тереді. Кір де жуады. Күбі де пісіп, айран шайқап май алуды да жақсы меңгеріп кетеді. Сөйтіп, жүріп «күйеуіне» көз қырын салуды да ұмытпайды. Өйткені, мұны келін қылып әкелгеннен бері пештің тасасында жатқаннан жатқан. Тек ас-суын алдына қойғанда ғана басын көтеріп, үстіндегі тостағанына мойнын бұрып бір-екі рет тигізіп, изейтінін біледі. Мұның сырын ата-енесінен сұрауға да батылы бармайды. Оларда: бір ауыз сөз айтпайды, тек Нұрсұлуды «қызым», «қарағым» деп бәйек болып жүргеніне бұл да мәз.
Күнделікті тіршілікте адамдар бір-біріне қатыспай тұрмайды ғой. Сондай кездерде, келгендерге Шұғыланың айтатыны: «Апамның қызы еді, қолғабыс жасап жүрген», – деп сөзін келте қайыратын-ды.
Бір күні төңірегіне жақын аймақта үлкен той болады. Айтулы той. Мырза, – деп атап кеткен ақсақалдың жетпіске келген тойы. Күні бұрын жұртқа құлағдар қылған. Міне, осы тойға: –Біздер барып жүрміз ғой «Қызым–сен менің шалымның боз жорғасына мініп, барып көңіліңді көтеріп қайт» – деп Нұрсұлуға ұлықсатын береді. Бұрын әкесі Жарықбас қыздарын ешқайда шығармай, қатал ұстайтын еді. Мына сөзді естігенде қуанышы қойнына сыймай, қайта-қайта рахметін айтып, ризалығын білдіреді.
Шынында да той үлкен той екен. Жан-жақтан ат шалдырып, жаяу жалпылап келгендер тобы аймақты лық толтырған. Қаз-қатар тігілген ақ боз үйлер көздің жауын алады. Бауырсақ пісіріліп, қазан-қазан ет асылып жатыр. Мұндайды бұрын көрмеген Нұрсұлуға бәрі таңсық. Жұртпен бірге тамашалайды. Неше түрлі ойын-сауқтың көкіманы осында, қым-қиғаш қиқу: қыз қуу, аударыспақ, балуан күрес, аламан, құнан жарысы бәрі-бәрі рет-ретімен өтіп жатты. Ең аяғы жамбы ату сайысы өтіп жатқанда Нұрсұлу қатты таңданды, бір отырып, бір тұрды орнынан. Неге екенін де өзі білмеді. Тек алыстан көз ілеспес жылдамдықпен шауып келе жатып, жамбыға садағын тартуға ыңғайланғанын ер жігіттің кескінін көз алдына елестетіп кетті. Тап, тасбақа күйеуінің ас-суын басын көтеріп, мойнын созыңқырап тостағанына қарай артына қарағаны сияқты ма, қалай өзі? Ойланғандай болған жоқ, «Ер жігіт» зу етіп өте шығып, көзге көрінбей кетеді. Жамбыға дәл тигізген екен...» деп қалды жиналғандар.
Той өтіп, үйіне келгенде «тасбақасы сол жатқан күйінде екенін көреді. Бірақ елес көз алдынан кетпейді. Сонан арада біраз айлар өтеді. Екінші рет, тағы бір аумақта өткен тойға барады.Ана той мен мына тойдың айырмашылығы жоқ. Кәдімгі ат жарыстардың түрлері, қазақтың ежелден келе жатқан ойындары. Соның ішінде бұл көрмеген теңге ілу сайысына аса бір ден қойды. Өйткені жарысты ұйымдастырушының ережеге сай теңге ілудің бірнеше түрінен өтетінін хабарлағанда, бұл ойынды естіп-білмегені былай тұрсын, көрмегені анық еді. Ол «Бес белес», «Қос құлаш» және «Жеті құт» түрлері болатын.
Көп ұзамай «теңге ілу» сайысы да басталды. Алғашқы «бес белес» сайысында бұрынғы тойдағы «Ер жігітті» көргендей болды. Тап сол көрініс: Басын созып, артына қарамай қараған ұқсас. Сол арада «Теңге ілу» сайысы қызық әрі ұзаққа созылатынын біліп, Нұрсұлу дереу жорғасымен шауып үйіне келіп, пештің жанында жатқан «тасбақа жоқ», тек тостағаны ғана жатыр. «Тойға кетерінде ошаққа отынды көбірек салып кеткен-ді. Әлі сөнбеген екен. Ойланбастан тостағанды жанып жатқан отқа зытырып жібереді де жорғаға мініп «теңге ілудің» түрлерінің жалғасын көруге келсе, жұрт ортада үймелеп қалыпты. Бұл да ентелей қараса, әлгі «Ер жігіт» шалқасынан талықсып жатқанын көріп, өз көзіне сенбегендей қайта уқалап қараса, сол өзіне елес болып көрінген күйеуі екен. Нұрсұлудың құлағы шыңылдап кетті. Тек естігені: «Аруым, анашымның құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып өмірге әкелген анашымды, атаңды күт. Мен енді сендік емеспін. Әттең тоғыз жыл толғанда... дей беріп, үзіліп кетті.
Аманкелді Өткелбаев,
этнограф-журналист
03 шілде 2024 ж. 141 0