Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен береке тапқан

Кәсібінен береке тапқан

Бүгінгі технология шарықтап дамыған заманда мамандық та көбейіп келеді. Дегенмен ұстаз, дәрігер, су шаруашылығы, электр энергетика саласы сынды адамға қажетті деген маман иелері әрдайым сұранысқа ие. Ал кәсіпкерлік саласы ше? Қазіргі шарықтап, сұранысқа ие болып отырған бұл саланы мемлекетіміз әрдайым қолдайды. "Еңбектің наны тәтті"-демекші, еңбегінің несібесін көріп жүрген жандар да жетерлік. Солардың бірі – ерен еңбегімен елеусіз қалмаған Жали Байтуғанов.
Жали Рүстемұлы 1970 жылы 21 мамыр күні теңізді өлке Арал ауданы Қаратерең ауылында дүниеге келген. 1977-1987 жылдар аралығында атаулы ауылдық округтегі №82 қазақ орта мектебінде білім алады. Кейін 1987-1989 жылдары Тастақ балық өсіру мекемесінде еңбек жолын бастайды. Мұнан соң 2 жыл Қызылорда қаласындағы №1 кәсіптік-техникалық училищесінде "электромонтер" мамандығы бойынша оқып, өз мамандығына деген алғашқы қадамды жасайды. Оқуын бітіріп келген Жали Байтуғанов 1993 жылдан бастап Арал аудандық электрожүйесіне бақылаушы болып жұмыс істейді.
– 1998 жылы Арал қалалық "ДаулетЭнерго" ЖШС мекемесіне бақытаушы болып ауыстым. Ал кейін 2003 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы И.Әдбікәрімов атындағы агротехникалық колледжде ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығы бойынша үш жыл білімімді шыңдадым. Осылайша 2007 жылдан бастап жеке мал шаруашылығымен айналыстым. Кейін төрт жылдан соң кәсіпкерлік аясында "Байтуғанов Жали" шаруа қожалығын құрдым. Мұнан соң 2015 жылдан бастап "Сыбаға" бағдарламасы бойынша халқымыздың ақбас мүйізді ірі қара малын асылдандырып, ет бағытында жұмыс істеп жүрмін,–деді Жали Рүстемұлы.
Әке тәрбиесі ер азамат үшін әрдайым алғашқы орында. Иә, дана халқымыз "Әке көрген оқ жонар" демекші, бала әкеден нағыз ер азамат болуды үйренері сөзсіз.
– Менің әкем Рүстем Байтуғанов 1931 жылы дүниеге келген. Оның еңбек жолы да бізге үлгі боларлықтай. Әкем маған өз ісіңе жауапкершілікпен қарауды үйретті. Сонымен бірге бастаған істі аяқсыз қалдырмау керектігін де айтып отыратын. Әкем балық шаруашылығының инспекторы, Тастақ балық өсіру шаруашылығында бригадир болып жұмыс істеген азамат,–деп Жали Байтуғанов әкесін еске алды.
Жали Рүстемұлының еңбек жолында жеткен жетістіктері де жетерлік. Ол "ДәулетЭнерго" ЖШС мекемесінің "Алғыс хатымен", 2008 жылы Арал өңірін үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге қосқан еңбегі үшін "Құрмет грамотасымен", марапатталған. Сонымен бірге 2015 жылы аз қамтылған отбасы балаларына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған республикалық акция барысында "Алғыс хатпен", 2017 жылы мал шаруашылығына қосқан үлесі үшін облыс әкімі "Алғыс хатымен", сондай-ақ 2020 жылы энергетиктер күніне орай сол кездегі аудан әкімінің "Алғыс хатымен", 2021 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін "Төрт түлігін түлеткен" номинациясы бойынша "Алғыс хатпен", 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталған. Иә, еңбегімен елеусіз қалмаған ол "Ел ардақтылары – фермерлер" атты кітапқа енген, сонымен бірге өткен жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен және де "AMANAT" партиясы "Белсенді қызметі үшін" төсбелгісімен марапатталған.
Жали Байтуғанов отбасында адал жолдас, мейірімді әке. Жары Айгүл Нұрысбетова "Байтуғанов Жали" шаруа қожалығында есепші қызметін атқарады. Ал қызы Жансая Жалиқызы Ішкі істер органында аға лейтенант шенінде тергеуші, сонымен қатар Жансаяның жолдасы Қуандық Аралбекұлы Ішкі істер органында қызмет етеді. Қызы Жансая мен жолдасы Қуандықтың Айбибі, Айым есімді екі сүйкімді қызды тәрбиелеуде. Ал ұлы Дастан Жалиұлы Арал аудандық ветеринариялық стансасында техник болып жұмыс істейді. Кіші ұлы Жандос Жалиұлы "Алматы темір жол қатынастары" академиясының студенті.
А. НҰРЛАНОВА

13 шілде 2024 ж. 128 0