Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ домбыра қолға алған Ақнұр

Ақ домбыра қолға алған Ақнұр

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Өнер – адам бойына қанмен келетін қасиет. Өнерлінің бірі жезтаңдай әнші болса, енді бірі домбыраның құлағында ойнаған күйші болады. Тіпті бір емес, бірнеше өнерді қатар алып, аудандық, облыстық көлемде танылып жүрген жастар да жетерлік. Солардың бірі әрі актерлық, әрі әншілік қабілетімен елді сүйсінтіп жүрген – Ақнұр Төлегенова.
Ақнұр Амангелдіқызы 2003 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 2009 жылы қаладағы №13 орта мектептің табалдырығын аттайды. Оқушы қыз сол жылдардан бастап ән айтып, түрлі ортада өзін көрсете бастаған.
–Өзім өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем Амангелді Сәрсенбаев 40 жылдан аса уақыт мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. Ол кісі де ән айтады, актерлық қабілетімен де танылып, халық алдында өнерін көрсетіп жүрген жан. Отбасымда ағаларым да музыкамен айналысады. Олар мені 6-7 жасымнан бастап ән айтуға үйретті. Кейін 6-шы сыныптан бастап әкемнің қолдауымен домбыра үйірмесіне бара бастадым, – дейді Ақнұр Төлегенова өнер жолындағы алғашқы қадамы туралы.
Ақнұр домбыра үйірмесіне 4 жылға жуық қатысып, 9-сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Қазақтың қара домбырасына жан бітіріп, сөйлетуге жаны құштар қыз «Халық аспаптары» бөлімінің «Домбыра» мамандығында 4 жыл кәсіби білім алады.
–Өнерге деген қызығушылығым мені тастап кетпеді. Колледж бітіріп келгеннен кейін қаладағы аудандық мәдениет үйінде «Сыдықовтар» отбасылық-халықтық ансамблінің музыкалық жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Бос уақытымда мектеп оқушыларына домбырадан сабақ беріп, Мұрат Сыдықовтың күйлерін үйрете бастадым. Жұмыс істей жүріп, білімімді одан әрі тереңдетуді ойға алып, ұмтылысым арта түсті. Осылайша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университінің «Музыкалық білім» мамандығына оқуға түсіп, қазіргі таңда 2-курсқа аяқ басқалы отырмын, – деді Ақнұр Амангелдіқызы.
Ол тек ән айтып, домбыра тартумен ғана шектелмей, әртістік қырымен де ауданға танылып жүр.
–Бұл өнерімді әкемнің қанымен келген талант деп айта аламын. Театр жөнінде ешқандай арнайы білімім жоқ, дегенмен аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараларда арнайы рөлдерді сомдап жүрмін. 2 жыл бұрын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған кеште Фаризаның рөлін сомдап шықтым. Жақында аудандық мәдениет үйінде драматург Нұрдаулет Баймаханның Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы негізінде сахналанған қойылымда Айша атты қызды сомдадым. Халық көңілінен шыққан қойылым болды. Бұл қойылыммен Қазалы ауданында аймақтық байқауға да қатысып, жүлделі І орын алғанбыз, – деді Ақнұр.
Еліміздің болашағы өскелең ұрпаққа байланысты екені рас. Өнерлі де өрісі кең жастардың мәңгілік мемлекет іргетасын қалайтыны сөзсіз. Аудан атын танытып жүрген, болашағынан көп үміт күттіретін Ақнұрға өнер жолында тек сәттілік серік болғай дейміз.
10 тамыз 2024 ж. 223 0