Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда құрылыс қарқынды

Ауданда құрылыс қарқынды

Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді. Оны күнделікті көзбен көріп жүрміз. Әсіресе, халық қажеттілігін өтейтін нысандардың бой көтеріп, ел мүддесіне жұмыс істеп  жатқаны көңіл қуантады. Әдемі құрылыс нысандары өңірдің  ажарын аша түсуде. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында  саладағы серпінді істерді саралап өтсек.
Өтпелі жобалар ретінде «Арал ауданының Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып «Бейнеу-Шымкент» магистарльды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу» және «Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы» жобаларының құрылысы жалғасуда.
Оған қоса, «Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданға газ желісін тарту құрылыс жұмыстары», Арал қаласындағы 300 орындық Жайлы мектеп құрылысы, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы және демеуші қаражаты есебінен салынып жатқан Тоқабай елді мекендегі мектеп құрылысы биыл жалғасын тапты.
    Қарқын мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2024 жылы  құрылыс саласында инфрақұрылымдық жобалары дамытуға, білім беру мен медицина саласының қажеттілігін қолдауға бағытталған жобалар қолға алынды. Олардың қатарында  «Арал қаласындағы №1 мөлтек ауданға электр желісін тарту», «Арал қаласы 0,4 кВа әуе желілерін жүргізу», «Арал қаласындағы №5 мөлтек ауданға газ желісін тарту», «Арал қаласы №6 мөлтек ауданға газ желісін тарту құрылыс жұмыстары» және талай уақыттан бері халықтың өтініші мен тілегіне айналған Арал қаласы бойынша кәріздің сыртқы желісінің құрылысы 1-кезеңі де тап осы жылы қолға алынып отыр. Сондай-ақ болашақ ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында  Ақшатау елді мекеніндегі мектеп құрылысы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы да басталып кетті. Ал Тоқабай елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысы  осындағы халықтың тілегін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.    Жоғарыда айтылған маңызды жобалар қаржысы шешіліп өз бастауын алған болса енді басталып жатқан жобалардың да ауқымы кең. Жалпы аудандағы құрылыс саласында қарқынды жұмыс атқарылып, маңызды жобалар мәнін табуда. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін осы жылы бастау аған жобалардың  бірқатарын тілге тиек ете кетсек.
Қазіргі күні облыс әкімінің бастамасымен «Руханият орталығының» құрылыс жұмыстары қолға алынған.  Мұнда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін орталық болмақ. Бір ғимарат  мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізіліп, тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналмақ.
 Арал қаласындағы Арал туберкулезге қарсы диспансері ғимаратын «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы етіп реконструкциялау» жобасы  оңтайлы бастама ретінде қолдау тауып отыр. Биыл шижағалықтардың бірқатар көкейтесті мәселесі оң шешімін тапты. Шижаға елді мекеніне 0,4 және 10 кВ әуе желілерінің құрылысын жүргізу, газ құбыры желілерін салу, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынды. Сонымен бірге Аманөткел елді мекенінде 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы басталғалы тұр.
Құрылыс саласындағы атқарылып жатқан тағы бір ауқымды жоба һам халық үшін ақжолтай жаңалық халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына сатып алынатын 124 пәтердің құрылысының жүргізілуі. Еске сала кетейік, өткен жылы осындай 100 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын.
 Салыстырып қарайтын болсақ, аудандағы құрылыс саласындағы жұмыстарда ілгерілеу бар. Мұның бәрі де халық сұранысын қамтамасыз етіп, елдің игілігіне жұмыс істеу мақсатында қолға алынуда. Оған қоса, қаладағы сәулеті келіскен кәсіпкерлік нысандар да жыл сайын қатарын көбейтуде. Міне мұның бәрі  елдің дамуын көздейтін бастамалар.
Н.МАРАТҚЫЗЫ

11 тамыз 2024 ж. 217 0