Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасын қолдау мен қорғау маңызды

Отбасын қолдау мен қорғау маңызды

Әр адамның ең жақын әлеуметтік ортасы ол – отбасы. Үйдегі тәрбиенің балаға үйретері жетерлік. Яғни, онда бала қоршаған ортамен танысып, түрлі әрекеттер мен тәлім алады. Баланың тұлғалық қасиеті отбасыда орныққан қарым-қатынасқа қарап дамиды. Міне, балғын балалық шағында алған баланың тәрбиесі оның алдағы өміріне әрекет етеді. Отбасын қорғау бойынша ауданда да біршама шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – өткен жылы ғана бой көтерген «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Бұл мекеме қиын өмірлік жағдайда қалған адамды немесе отбасыны қолдау және оларға кешенді қызметтер көрсету бойынша түрлі жұмыстар атқаруда. Сонымен бірге негізгі мақсатқа қол жеткізу үшін оларға әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық және құқықтық қызмет алуға жәрдем көрсетіліп келеді.
– Биыл «E-GOV» электронды үкімет порталы арқылы жер телімін алу үшін 2 адамға, сондай-ақ балабақшаға кезекке қою бойынша 2 адамға қызмет алуға жәрдем көрсетілді. Тағы айта кететін, әлеуметтік қызмет көрсету порталынан мүгедектігі бар адамды аблитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 542 қызмет алушыға тапсырыс беруге көмек берілді. Осындай қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қолдау және оларды қоғамға бейімдеу мақсатында біздің орталық тарапынан жыл басынан 62 түрлі іс-шара өткізілді, – деді орталық маманы Ерболат Айдарұлы.
Бұл орталықтың көпбалалы, қиын жағдайдағы адамдарға үйретері жетерлік. 6 тегін оқу курсын оқыту қамтамасыз етілген. Сонымен бірге мұнда жалпы қызмет алуға 82 адам өтініш білдіріп, сертификат алған. Атап өтер болсақ, тігінші мамандығы бойынша 8 адам, шаштараз мамандығын 7 адам үйренсе, маникюр мамандығы бойынша 15 адам, массажист мамандығын 8 адам, ұсақ моншақтар мен арт-терапия курсын 3 адам оқып, үйреніп шыққан жандардың барлығы түгелдей сертификатпен қамтылады. Қазіргі уақытта 7 бала психолог маманынан қызмет алуда.
Біздегі басты мәселесінің бірі – 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шеттеп қалуы. Мұндай кісілерді көрсек, таңырқай қарайтынымыз жасырын емес. Дегенмен ол кісілер де қоршаған ортамен араласуға толықтай құқылы екенін естен шығармағанымыз жөн. Осыны ескерген «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» 18 жастан асқан ерекше жандарды ортаға бейімдеу үшін ауқымды жұмыстар атқаруда.
– Ерекше жандармен жұмыс істеу оңай емес, әрине. Бірақ біздің орталық мамандары бар күш-жігерін салып келеді. Биылдан бастап орталықта мұндай адамдарға арнайы теннис спорт түрінен 6, шахмат, дойбыдан 9, тренажерлық жаттығу құралдарымен 8 адам қызмет алса, белсенді ұзақ өмір сүру терапиясы бойынша қызмет алатын қарттар да . Сонымен бірге бізге 18 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен бірге келеді. Аталған барлық курсты бітірушілермен бірлесе жұмыс істеліп, кәсіп ашу мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға «Бастау бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашып отырған адамдар бар. Олардың арасында грант талабына сай келетін 2 адам тігін шеберханасы кәсібін ашса, 1 адам сұлулық салоны жобасы бойынша қайтарымсыз грант иеленді. Қалған курс бітірушілерімен мемлекеттік грант алуға жәрдемдесу жұмыстары жүргізілуде, – деді маман.
Сыйластық пен жарастық орнаған орталықтың жетер жетістігі әлі де таусылмайды. Мемлекеттің іргетасы саналатын бұл жер шаттық пен қуанышқа, ауызбіршілік пен кішіпейілдікке толы. Мұндай ортада жүрген ерекше жандар жаман болмасы анық. Сол үшін алар асуы көп орталық жұмысына тек сәттілік тілейміз!
А. НҰРЛАНОВА
27 тамыз 2024 ж. 188 0