Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуіл жұрты қорым аумағын қоршады

Сексеуіл жұрты қорым аумағын қоршады

Қазақта «өлі разы болмай тірі байымас» деген мақал бар. Халқымыз ежелден әруақты құрметтеген, рухына жиі Құран бағыштап, олардың мәңгілік жай тапқан жерлерін аяқ асты етпеген. Қолдан келгенше жан-жағын қоршап, олардың бейіті көп шоғырланған жерлерді киеліге санап, балалардың ондай жерлерге бармауын ұдайы қадағалап отырған. Мұндай үрдіс қазір де бар.
Аудан аумағында заманында көптеген өзге ұлт өкілдері тұрған. Халқымыз олардың түрі мен тіліне, діні мен діліне қарамастан құшағына қысқан, бауырына басқан. Сол бір биік парасат мінберіндегі адамгершілік қасиеттің арқасында еліміз көп ұлтты мемлекетке айналды.
Заманында ауданға қарасты Сексеуіл кентінде де орыс ұлтының өкілдері көп шоғырланған. Жергілікті жұрт «орыс мола» атап кеткен қорымда сол жерді мекен еткен көптеген өзге ұлт өкілдері жатыр. Олардың да қазақпен жүрегі бір, тілегі бір болды. Алайда күні бүгінге дейін түрлі себептермен ол қорым басы қоршаусыз қалып, жетімнің күйін кешкен-ді. Жылдар бойы ашық-шашық жатқан аумақты қоршау мәселесі осыдан біршама уақыт бұрын көтеріліп, ел азаматтарының қолдауына ие болды.
«Бірлескен істе береке бар» демекші ел азаматтарының бастамасы, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігінің арқасында ортақ қаржы көздері жиналып, «орыс мола» қорымы қоршалып, айналасы ретке келтірілді.
Біздің қорым немесе мола деп қарайтын қабірстан атты мекен кез келген елде бар. Өйткені тіршілік заңы солай. «Өмір бар жерде өлім бар». Біз сондай жерлерге лайықты деңгейде құрмет көрсете алып жүрмізбе?! Бүгінде қала болсын, дала болсын қорымдар көп шоғырланған жерлер мал аяғы баспасын, ит-құстың мекеніне айналмасын деген ниетпен арнайы қоршалған. Бұл ислам діні тұрғысынан да, адамгершілік жағынан да дұрыс дүние.Алайда біз мұндай құрмет тек мұсылмандарға ғана көрсетілуі керек деп түсінбеуіміз керек.
А.БИСЕНОВ
11 қыркүйек 2024 ж. 190 0