Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр даласына дуадақ жіберілді

Сыр даласына дуадақ жіберілді

Қызылордада табиғат аясына дуадақ жіберу шарасы басталды. Табиғат қорғаушыларының «Ренеко-Қазақстан» жеке меке­месімен бірлесе атқарған шарасы аясында биыл Арал ауда­­нын­дағы қанаттылар қатарын 1512 жорға дуадақ толық­­тырады. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда филиа­лы бас­шысының орынбасары Нұ­ридин Қасымовтың ай­туын­ша, ай соңына дейін Бет­пақ­далаға тағы 4 496 құс жіберіледі.

Араб әмірліктері мен Марокко мемлекеттерінде қатары сиреген құсты қолдан кө­бейту тәжірибесі бұрыннан бар. Ал Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы питомникте дуадақ өсірі­ліп келе жатқанына оншақты жылдан асып қалды. Қазақстан мен БАӘ бірлесе қолға алған осы шаруа әлдеқашан «Қы­зыл кітап» «кейіпкеріне» айналған құстың қарасын көбейтуге айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Осыдан 5 жыл бұрын елімізде азайып бара жатқан құс түрін қорғап, көбейтуге ел назарын аудару үшін дуадақ «Жыл құсы» болып жарияланды.

«Табиғат аясына жіберілген құс­тардың бәріне білезік тағылып, олар­дың миграция кезіндегі қозғалысын бақы­лап отыруға тері астына чип орнатылған. Қанаттылар арасын­да аса сақтығымен ерекшеленсе де жайлы жерде өскендіктен бұлар әуелгіде ешкімнен қауіп күтпейді. Браконьерлер осындай сәтті пайдаланып, оларды атып алатын жағдай да кездеседі.

Жалпы, ерекше қорғауға алынған құстарға қару кезегендер 700 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Мем­лекетке келтірген залалы тағы есептеледі. Сөйте тұра, ебін тауып атып алатындар бар. Солар құлқынын емес, табиғат байлығының құрымауын ойласа екен», дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда филиалы бас­шысының орынбасары Нұридин Қасымов.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
ҚЫЗЫЛОРДА

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
17 қыркүйек 2024 ж. 75 0