Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нан өнімдерін шығарумен айналысатын жергілікті нысандардағы санитариялық бақылау жұмысы

Нан өнімдерін шығарумен айналысатын жергілікті нысандардағы санитариялық бақылау жұмысы

Аудан көлемінде тіркеуде нан өнімдерін шығарумен айналысатын 5 кіші нан цехтары бар. Басқарма мамандарының тарапынан, қауіпсіз тағамды пайдалануды насихаттау мен тағамнан уланудың алдын алу бойынша және фортификацияланған ұнның артықшылығы мен қажеттілігі жөнінде Басқарманың әлеуметтік желілерінде посттар жарияланып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 07 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 111-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын (айналымдағы) жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа заттармен міндетті түрде байытылуға (фортификациялауға) жататындығы атап көрсетілген. Осыған байланысты құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа заттармен байытылған, фортификацияланған ұнды пайдалану қажеттігі туралы кіші нан цехтарына ұсыным хаттар жолданып, санитарлық ағарту жұмыстары Басқарма тарапынан орындалып келеді.
Адамның денсаулығына қаупі бар мәселелердің бірі – ол ас үлесіндегі темір мен фолий қышқылы сияқты дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі. Қазіргі таңда азық-түліктердің көптеген түрлері технологиялық өңдеу кезінде өзінің құнарлылығын азайтады. Мәселені шешудің маңызды әдістерінің бірі тек фортификацияланған ұнды пайдалану болып табылады. Ұнды фортификациялау дегеніміз – ұнды адам ағзасына қажетті дәрумендермен және минералдармен байыту. Фортификациялау ұнның сапасы мен тағамдық құндылығын арттырады. Фортификацияланған ұнның сақтау мерзімі – 6 ай. Бидай ұны фортификациялау үшін бекер таңдалған жоқ. Ұн дәрумендер мен темірдің қарапайым, арзан, қолжетімді түрі. Байытылу процесі ұнның дәмін, түсін өзгертпейді, пісірілім сапасы бұрынғыдай қалады. Фортификацияланған ұнды пайдалану қауіпсіз. Ұнды фортификациялау бидайды ұнтақтау кезіндегі жоғалған дәрумендерді толтырады, сондықтан, бұндай ұнды пайдалану өте пайдалы.
Байытылған нанның, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар:
1)Нанды, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді өндіру кезінде адамдардың денсаулығына зиянды әсер етпейтін мөлшерде амин қышқылдарымен, витаминдермен, микроэлементтермен байытылған шикізатты қолдануға жол беріледі.
2)Байыту өнімдердің тұтынушылық қасиеттерін нашарлатпауға, олардың құрамында бар басқа тағамдық заттардың құрамы мен сіңімділігін азайтпауға және (немесе) олардың қауіпсіздігіне әсер етпеуге тиіс.
3)Нанға, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерге қосылатын витаминдер мен минералдық заттардың мөлшері өнімнің сақталу мерзімі ішінде байытылған өнімде сақталуға тиіс.
4)Қосылған витаминдер мен микроэлементтер көрсетіле отырып, байыту туралы ақпарат халықтың жекелеген топтары үшін қолдану жөніндегі ұсынымдар мен ескертпе жазулар бар өнімнің таңбасында көрсетілуге тиіс.
Нанды, нан-тоқаш, ұннан жасалған аспаздық және кондитерлік өнімдерді және оларды өндіруге арналған шикізатты сақтауға арналған үй-жайлар:
1) таза, құрғақ, жақсы желдетілген, зиянкестермен залалданбаған, салыстырмалы ауа ылғалдылығы жетпіс бес пайыздан аспайтын атмосфералық жауын-шашыннан қорғалған;
2) оларға кеміргіштердің, құстар мен жәндіктердің енуінен қорғалған;
3) салмағын, температурасын, ауасының салыстырмалы ылғалдылығы, уақытын өлшеуге арналған бақылау-өлшеу аспаптарымен жарақтандырылған болуға тиіс.
Өздеріңізде және жақындарыңызда теміртапшылықты анемияның алдын алу үшін темірмен және фолий қышқылымен байытылған ұн мен нанды таңдаңыз деп кеңес беремін.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Сурет: www.gov.kz
19 қыркүйек 2024 ж. 127 0