Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнды құжаттар қазынасы

Құнды құжаттар қазынасы

«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тапта бар қалан» дегендей, адамның өміріндегі алтын әріппен жазылар кезең мектеп-ана құшағында өткен оқушылық күндер және қиындығы мен қызығы мол студенттік кезең екені сөзсіз. Ол басыңда мәңгі тұрақталып қалар дәуренің емес, ол сенің патшаның алтын тағына да айырбастамас балалық, жастық шағың, көзді ашып жұмғанша өте шығар сиқырлы күндерің. Өткен аптада «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Арал аудандық архиві» филиалында осы өмірлік таңдауын жасайтын жоғарғы сынып оқушылары мен бүгінде өз ісінің шеберіне айналған іскер жандардың кездесу кеші өтті.
«Мамандық таңдау – болашақты таңдау» атты салтанатты жиынға Мәдениет қайраткері Базар Қостаева, Мәдениет саласының үздігі Гүлжәмиға Ильясова, Ауған соғысының ардагерлері Зинет Әжіғұлов пен Серік Бисенбаев Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің бас редакторы ақын Ерғали Абдулла, аудандық Жыраулар үйінің өнерпазы Сая Орынбасар арнайы шақырылды.
Кештің алғашқы сөз кезегін алған "Арал аудандық архиві" филиалының басшысы Гүлнар Нұрқожақызы:
– Ашық есік күнінің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған "Бабалар жылы" аясында балаларды архив құжаттарымен таныстыра отырып, жас ұрпақты ұлт тарихын білуге тартып-насихаттау.
Архив – құжат сақтап жинақтаушы емес, үлкен-кішімен иін тіресе жұмыс істейтін рухани орта. Мұнан әркім өз керегін табады, жоғын іздейді, құнды дүниелерін өткізеді. Сондай-ақ Арал аудандық архив филиалының толықтыру көзі болып табылатын қор иелерін арнайы кездесуге шақырып отырмыз. Филиал 1963 жылы құрылып, 2005 жылға дейін Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының құжатын сақтады. 2005 жылы комитеттің арнайы бұйрығымен 2 ауданның құжаттары кайтарылып берілді. Қазіргі таңда ауданның құжаттары 233 қор, 61389 қағаз негізінде , оның ішінде 761 фото құжаттар, жеке тектік 20 қорда 406 құжаттар сақталуда. Архив құжаттарды сақтап қана қоймайды, ақпараттық құрал ретінде баспасөз бетінде жарияланады. Сондықтан қор иелерінен қордан қалып қойған құжаттарын толықтырып отыруларын сұраймыз, – деді.
Шара барысында Базар Қостава мен Гүлжәмиға Ильясова өздерінің балалық естеліктерімен, орындалған армандарымен және өнер жолына келу тарихымен бөлісті. Жас буынға өз ақылдарын айтып, болашақ жақсы маман иесі болуға тілектестігін білдірді.
Ауған соғысының ардагерлері Зинет Әжіғұлов пен Серік Бисенбаев оқушыларға мамандық таңдаудың маңыздылығы мен оның өмірдегі рөлі туралы ойларымен бөлісіп, алдағы оқу жылының жақсы өтуіне, грант иегері болуларына ақ тілегін білдірді.
Шара сұрақ-жауап айдарымен жалғасып, қонақтар мен болашақ мамандар өзара пікір алмасып, еркін сұхбат құрды. Кездесу соңында оқушыларға арналған арнайы ойын ойнатылып, Сая Орынбасар әуезді әуенін арнады.
Г. САҚТАПОВА


24 қыркүйек 2024 ж. 124 0