Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек етсең жер жомарт

Еңбек етсең жер жомарт

Сонау көктемде кетпендерін қолға ұстаған балықшы ауыл диқаншылары жаз бойы күтіп, баптаған бау-бақшаларын күзгі суыққа ұрындырмай ұйымшылдықпен жинап алды.
Ұзақ жылдардан бері диқаншылық кәсіпті қолға алмаған сыр бойындағы Қызылжар ауылының тұрғындары биыл игі іске бет бұрып, жанұяларын молшылыққа кенелтті. Бұл ауыл әкімі Қарауымбетов Рүстемнің бастамасы болатын. Әйтпесе көлге қарап көзін сүзетін балықшы ауыл тұрғындары қара жерден нәпақа табамыз деп еш ойлағанда емес.
Халық қамын ойлаған ауыл әкімі ерте көктемде 16 гектардай жердің қыртысын қопартып, қоршауына дейін дайындап қойғанда ауыл адамдарының жалқаулықтан серпіліп, егін екпеске амалы да қалмағандай. Көбісі зенеткерлер. Уақытты тиімді өткізудің ең қолайлы сәтіде осы. Шама- шарқынша қимылдасаң тұла-бойыңның қыртыс-тыртысыда жазылып кетердей. Мектепте қырық жылдан астам бала оқытқан зейнеткер ұстаз Жеткерген Нағашыбаев:
– Ауыл әкімінің халыққа жасап отырған қамқорына рахмет. Жер алып, егін егіңдер дейді. Алғашқыда тосырқап, қиындау көргеніміз рас. Кейіннен бақшамыз көгерген соң құлшынысымызда артқандай болды. Бәрінен бұрын бала- шағамыз жаздай қауын- қарбыз жеп бір қуанып қалды, – дейді.
Ауылдың үлкендерінің бірі Маханбетжан Әміреевте:
– «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» демекші, бізге үлкен ермек болды. Бала-шағамызда мәз. Соның өзі қандай жақсы десеңші. Осындай іске ұйытқы болып отырған ауыл әкіміне рахмет, – дейді.
Ауыл әкіміне ризашылықтарын білдірген балықшы ауыл тұрғындары «баптай білсең жер жомарт» екенін өз көздерімен көргендей болды. Соның айғағындай егіншінің сыналар сәті алтын күзде келді. Сәл-пәл ызғары болмаса, жауын- шашыны жоқ қолайлы сәт. Жаз бойғы еңбектерінің босқа кетпегенін сезген Қызылжарлық диқаншылар бақша өнімдерін күздің алғашқы суығына ұрындырмай мезгілінде жинапта алды. Табиғи таза өнімге дастарқандарын толтырған ауыл тұрғындары «келесі жылы тағы егеміз» дейді. Олардың еңбекке деген құлышыныстарын көріп, Абай атамыздың «еңбек етсең ерінбей...» деген өлең жолдары есімізге түскендей.
Күздің молшылық айы балықшы ауыл тұрғындары үшін табысты болғандай. Бізде оларға істерің берекелі болсын деп тіледік.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені

28 қыркүйек 2024 ж. 84 0