Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу маусымына әзірлік жұмысы жүйелі

Жылу маусымына әзірлік жұмысы жүйелі

Қыстың қамын жаз ойла. Расында күз келгеннен қам жасау қазақтың ертеден келе жатқан қасиеті десек те болады. Қараша түскеннен күннің суықтығы анық сезілетін біздің ауданда қылыш сүйретіп келген қыстың аязы әбігерге салатыны анық. Осындай кезде аудан тұрғындарының қалыпты тіршілігін сақтап, қауіпсіздігін, қысқа әзірлігін қамтамасыз ету жағы атқарушы билік тарапынан қай деңгейде атқарылып жатыр, тұрғындардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілмек?
Иә, қылышын сүйретіп қыс та жақындады. Аралдықтар алдағы маңызды кезеңде қиындыққа кезікпеу үшін дайындықты ерте бастады. Жоспар бойынша атқарылған жұмыстар жұмыстар. Нақтырақ тоқталып өтер болсақ...
Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында Арал ауданы әкімінің 02 мамырдағы №18-ө/нқ өкімімен арнайы аудандық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінгі күнге 2 рет штаб отырысы өткізіліп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Осы орайда, салалар бойынша жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар тізбесі әзірленді. Анығырақ айтқанда, білім және мәдениет саласы бойынша, облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жөндеу және құрылғыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыстардың нәтижесімен барлық әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына әзірлік паспорттарын алды.
Аудан көлемінде әлеуметтік-мәдени маңызы бар 163 нысандар болса, оның 68-і білім бөліміне, 16-ы мәдениет бөліміне, 8-і спорт бөліміне, 44-і денсаулық сақтау саласына және қалған 27-і қала, кент, ауылдық округі әкімі аппараттарының меншігінде. Аталған нысандардың 94-і автономды бу қазандықтарымен, 8-і қазақы пештермен, 1-і электр пеші арқылы жылытылады. Бүгінгі күнге жылу беру маусымына қажетті отынның 42,5% жасақталған. Қазіргі таңда көмір қоймаларында жеткілікті көмір қоры бар. Көмір бағасы маркаларына сәйкес 20,5 мың теңгеден 30,0 мың теңге аралығында кедергісіз босатылуда. Сондай-ақ, жылу беру маусымында көмір тапшылығын болдырмау мақсатында, ірі екі кәсіпкермен меморандум жасалған.
Жоғарыда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына әзірлік жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Тағы бір қауіпсіздік қажет ететін дүние – көгілдір отын. 2015 жылы аралдықтар от жағып, күл шығарудан қолы босағаны белгілі. Дәл сол жылы 27 қазанда табиғи газдың игілігін көруге мүмкіндік алған аралдықтар тарихи сәтті естен шығармайды. Алайда "сақтансаң – сақтайды" деген тәмсілді де естен шығармау керек. Алдағы жылу маусымына дайындықты жауапты мекеме қызметкерлері де жауапкершілікпен атқарып өтті. Істелген жұмыс жайында «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы ҚӨФ Арал газ шаруашылығы мекемесінің директоры Ә. Алданов:
– Арал қаласында 1 АГРС, 3 ГРП, 40 ШРП жұмыс жасайды. Негізгі желінің ұзындығы 350,5 км, оның жоғарғы қысымда 20,75 км, орта қысымда 296 км, төменгі қысымда 296,9 км орналасқан. Бүгінгі күні мекемеде 31 адам жұмыс жасайды. Қала бойынша 8478 тұрғын, оның ішінде Жақсықылыш кентінде 807 тұрғын және 251 коммуналдық, мемлекеттік мекемелер бар. Бұлардың қатарында кәсіпорындардан «Аралтұз» АҚ-ы, аудандық аурухана, 8 орта мектеп, 5 бала бақша және 3 мәдениет үйлері газ желісін пайдалануда.
Негізгі атқарылатын жұмыс жыл бойы тұрғындарға үздіксіз газ беру болып табылады. Жылу беру маусымына дайындық үстіміздегі жылдың 1 мамырынан басталып, бүгінгі күні аяқталуда. Атап айтқанда 350,5 км желінің толығымен тексеруден өткізілді. Барлық ГРП, ШРП-ларға ауыстыру, сырлау, майлау, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, 1 қыркүйекке дейін толығымен 100%-ға аяқталды.
Сонымен қатар Сексеуіл кентіне газ жүргізу мәселесі қазіргі таңда атқарылатын жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Тамыз айының 10-нан бастап Шижаға елді мекеніне газ жүргізу жұмыстары бастау алып, қарқынды жүргізілуде. Бұл екі елді мекенде мекеменің бақылауында. Алдағы уақытта, жүктелген жұмыстарды өз дәрежесінде және сапалы жүргізуге жұмыстар атқарылатын болады, – дейді.
Иә, жауапты кезек салғыттықты көтермейді. Сондықтан бұл қауіпсіздікті халық та естен шығармаса дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 қазан 2024 ж. 102 0