Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктер өзі өтейтін болады

Алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктер өзі өтейтін болады

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында айтты, деп хабарлады turkystan.kz порталы Malim.kz сайтына сілтеме жасап.

Агенттік төрағасы биыл маусым айынан бастап несие беру кезіндегі биометрия талаптары күшейтілгенін айтты. Нақты айтсақ, бүгінде қарыз берілмес бұрын биометриямен қатар екі факторлы аутентификация жүргізіледі.

Жыл басында заңнамалық деңгейде несие алудан ерікті түрде бас тарту нормасы қарастырылды. Қазір 700 мың адам eGov-та бұл норманы қолданды. Енді егер де бұл талаптың болғанына қарамастан, несие берілетін болса, онда соттың шешімі бойынша қарыз алушыдан бұл кредит есептен шығарылады. Бұдан бөлек, қарыз алушының қатысуынсыз ресімделген борышты есептен шығару мүмкіндігі де бар. Бұл оның жеке деректеріне қандай да бір жолдармен қол жеткізілген жағдайларға қатысты, - деді агенттік төрайымы Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік бүгінде алаяқтар рәсімдеген несиелерді есептен шығару бойынша негіздемелерді кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бірінші себеп, барлық мобильді қосымшада ақпараттық киберқауіпсіздік талаптарының бұзылуында. Біз Ресейдің тәжірибесін мұқият зерттедік. Егер барлық талап орындалмаса және несие алаяқтық жолмен берілетін болса, онда банк жауапкершілік арқалайтын болады. Екіншіден, алаяқтық операциялардың типологиясы бойынша негіздемелерді кеңейтеміз. Осыларды банктердегі тәуекелдерді басқару жүйесіне қосымша қосатын боламыз, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.


Сурет: ашық дереккөз 
17 қазан 2024 ж. 116 0