Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық қос ұстаз қолғап шығаруды қолға алды

Қызылордалық қос ұстаз қолғап шығаруды қолға алды

"Қазір бір айлыққа қарап отыратын уақыт емес", дейді ұстаздар.

Қызылордалық қос ұстаз қолғап шығаруды қолға алдыФото: Балдырған Мәмен
Бір қызығы, олар бұл саланы 2 жыл зерттеген. Қос ұстаздың тандемінен күніне 200-250 дана қолғап шығып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Самат Ақпанбетов жары Гүлзирамен бірге жұмысқа арналған қолғап шығаруды қолға алған.

Оның кәсіптің бұл түріне қызығушылықпен келген. Самат әлеуметтік желі, ютубтен қолғап шығаруға қатысты бейнематериалдарды көруді ұнатады. Осы саланы екі жылдан астам уақыт зерттей келе, отбасымен ақылдасып, шығарып көруге бел байлайды.

Саматтың келіншегі де – ұстаз. Мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Қос ұстаз – көпбалалы отбасы. Бүгінде 5 баланы өсіріп, тәрбиелеп келеді.

– Қазір бір ғана табысқа қарап отыратын уақыт емес. Ешкімге қол жаймай балаларымызды аяққа тұрғызғымыз келеді. Сол үшін отбасылық кәсібіміз болғанын қалаймыз. Бұған дейін де кәсіппен айналысып көргенмін. Сала бізге таңсық емес. Дегенмен осы жолы хоббиімді бизнеске айналдырып көргім келеді, - дейді Самат Ақпанбетов.
Самат пен Гүлзира ең алдымен нарықты зерттейді. Қызылорда облысының өзінде шаруашылыққа қолданатын жұмысқа арналған қолғап шығарылмайтынын анықтайды. Облыс тұрғындары оны көрші Шымкенттен, Қытайдан алдырады екен. Содан қолғап шығару ісін жақсы білетін мамандарды іздеп табады. Таразда осы салаға машықтанған кәсіпкерлер бар екен. Солармен серіктес болып, Қытайдан қолғап шығаруға қажет жіп пен шағын цехтың құралын алдырады.

– Кәсібімізге қажет қаржыны "Қызылорда" Өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында аз пайызбен 6 млн теңге несиеге осы ісімізді бастап отырмыз. Қазір нарықта жұмысқа қолдануға арналған қолғап парымен 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Біз 80-85 теңгеден береміз. Сұраныс жоғары. Енді ғана ғой бастап жатқанымыз. Десе де алғашқы шығарған партияны құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкерлер қуана-қуана алып кетті, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер қазір күніне 200-250 дана, аптасына 1200-1500 дана қолғап шығарып жатыр. Цехтың қуаттылығына сай өнім шығаруына Гүлзира, ал өнімнің сапасы мен тұтынушы табуға Самат жауапты. Әзірге бар шаруаны өзі істеп жатқан отбасылық кәсіп иелері болашақта жұмысшы алуды да көздеп отыр.

Сурет: inbusiness.kz
17 қазан 2024 ж. 92 0