Қызылорда облысында заңсыз сот актілерінің күші жойылды

Ақпаратқа сәйкес, биыл жергілікті соттар 15 әкімшілік істі негізсіз тоқтатып, 13 әкімшілік іс бойынша ӘҚБтК-тің санкциясында көзделмеген заңсыз төмен жаза тағайындаған, ал 2 іс бойынша жауаптылықтан негізсіз босатқан.
Сонымен қатар соттар масаң күйде көлік басқарған 3 адамды жауаптылықтан босатқаны анықталып, прокурордың апелляциялық өтінішхаты негізінде кінәлілерге тиісті жаза тағайындалды.
Мысалы, биыл 19 шілдеде масаң күйде көлік басқарған құқықбұзушы бөтен адамның автокөлігін айдап кетіп, жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға болған жерден бой тасалаған. Шиелі аудандық сотының 18 қыркүйектегі қаулысымен масаң күйде көлік басқарған адам жәбірленушімен татуласуына байланысты әкімшілік жауаптылықтан негізсіз босатылған, – делінген прокуратура хабарламасында.Бұл ретте облыстық прокуратураның апелляциялық өтінішхаты нәтижесінде кінәлі азаматқа 20 тәулікке қамаққа алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.