Белсенді волонтерлік қызметпен айналысатын мемлекеттік қызметшілер
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде: «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет»– деп атап өткен еді.
Қазіргі уақытта,экологияны қорғауға және қиын тұрмыстық жағдайға тап келген адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділер бар.Солардың бірі – Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Есенгелді Ережепұлы Есенгелді.
Есенгелді Ережепұлы 1993 жылдың 15 желтоқсанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Жары Нұрила Айдарлы ауылдық клубта мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарады. Жас отбасы бүгінде екі ұл тәрбиелеуде, балалары балабақша жасында.
Ол 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі 6 жылдан асса, оның 5 жылын мемлекеттік қызметте өткізуде.
Ал алғашқы еңбек жолын 2018 жылы туған жеріндегі №139 орта мектепте технология пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Қазақ халқы «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналыққа сүйенеді. Бұл сөздің шындығына Есенгелді Ережепұлының өмір жолы да дәлел бола алады. Оның әкесі Есенгелді Майлыбаев ұзақ жылдар бойы Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарса, анасы Күлшарай Ниязбекова ауылдық дәрігерлік емханада медбике болып еңбек еткен. Бүгінде екеуі де құрметті зейнеткерлік демалыста.
Әрбір азамат үшін туған жер – ең қастерлі мекен. Отанға деген сүйіспеншілік сөзден емес, нақты істерден көрініс табуы тиіс. Есенгелді Ережепұлы осы қағиданы берік ұстанып, туған елінің игілігіне аянбай еңбек етуде. Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері ретінде ол ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласады.
Қазіргі таңда, Есенгелді ауыл жастарын игі іске тартып, волонтерлік жұмыстарға жұмылдыруда. Жастар бригадасы түрлі әлеуметтік маңызды істерді жүзеге асырып, нәтижесінде, бүгінгі күнде олардың бастамасымен және демеушілігімен ауылдың кіре берісіне арнайы қақпа орнатылған. Сонымен қатар, екі тұрмысы төмен отбасының үйлерінің шатырларын жаңарту жұмыстарын жүргізіп, ауыл маңына 700 түп ағаш отырғызған.Командасымен көгалдандыру шаралары жүзеге асырылды.Осындай белсенді Есенгелді және ауыл жастары ауыл тіршілігіне сіңген еңбектері үшін аудан және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жас мемлекеттік қызметкердің туған ауылын көркейту жолындағы еңбегі әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Бұл бастамалар өзге де жастарға үлгі болып, ел игілігі үшін атқарылар жұмыстардың жаңа кезеңіне жол ашпақ.
Талғат Мұхамбетжанұлы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет саласындағы
бақылау басқармасының басшысы