Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақбастылықтар ауыз суға қол жеткізбек

Ақбастылықтар ауыз суға қол жеткізбек

Қос ауданның халқын тіршілік нәрімен қамтып, сапалы ауыз су беруде «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру насосты стансасының атқарар маңызы зор.
Аудан үшін аза маңызды стратегиялық нысан саналатын бұл су айдау станциясының үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жылдардың жүзі болды. 240-270 метр аралығындағы тереңдіктен бұлақ суын тартып, 180 мыңдай халықтың игілігіне беріп тұрған станция арқылы енді шалғайдағы Ақбасты да сапалы су тұтына бастайды.
Аудан әкімі елге жасаған сапары барысында ең алдымен осы «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру насосты стансасына соғып, мұнда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты азаматтармен тілдесіп, Ақбасты бағытына үлкен қысымда су айду үшін қондырылып жатқан насосты құрлығыларды көрді.
– Насосты станциядан Ақбастыға дейінгі жүздеген шақырым қашықтықпен су жүргізу оңай шаруа емес. Осы бағыттағы бастамының тіні тарқатылып, қозғалыс ене бастағанына да 7 жылдай уақыт өтті. Сол жылдар бойы сапалы ауыз судың келуін күткен шалғайдағы ағайынның үмітін үзбеу керек. Жұмысты жеделдетіңіздер. Әрбір жасалған жұмыс сапалы әрі қауіпсіз болатын болсын. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген «Сапа құрылысы 2007» ЖШС мердігер мекемесінің азаматтары уақытпен санаспай еңбек етуі қажет. Күн суытпай тұрып, қысқа мерзім ішінде Ақбастыдағы әрбір үйдің шүмегінен Сарбұлақтың сапалы суы ағып тұруы керек, – деген аудан басшысы жауаптыларға жұмыс барысына қатысты тапсырма жүктеді.
Аудан әкімі Ақбастыға жасаған сапары барысында «Қосаман-Ақбасты» бағытындағы жолдың 34 шақырымындағы су айдау насосты станциясына соқты. Мұнда сыймдылығы 300 текше метр болатын екі су қоймасы орналасқан. Станцияның аумағы толықтай бетонмен қоршалған. Насосты қондырғы жұмыс істейтін орын, бақылау бекеті және арнайы қызметтік тұрғын үй де қарастырылған.
Жапан далаға жан бітірген мұндай жұмысқа бағытталған қаржы да осал емес. Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңге. Дегенмен жұмыс өз деңгейінде емес. Аудан басшысы бекетте жауапты азаматтармен тілдесіп, құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуді тапсырды. «Қажет болса жұмыс күшін арттырып, уақытпен санаспау керек. Нысан алдағы екі апта мерзім ішінде қалыпты жұмыс кестесіне көшуге дайын болу керек» деп ескертті.
Аудан басшысы Ақбасты ауылындағы су айдау насосты станциясына соғып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 150 текше метрді құрайтын 2 дана су қойманың, сорғы станциясы, КПП ғимараттарының құрылысы жүргізіліп, су мұнарасы тұрғызылған. Елді мекендегі тұрғын үйлерге сервистік желі толықтай жүргізілген. Аудан әкімі жұмысты жандандыруды тапсырып, азаматтардың ісіне сәттілік тіледі.
Сосын аулдық клуб үйінде тұрғындармен тілдесіп, қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Елдегі ағайынның ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Ауыл ардагері С.Смағұлов ең бастысы уақыты жақындаған сапалы ауыз суды ертерек тұтынсақ деген тілегін айтты. Сондай-ақ ауылға газ құю бекеті немесе газ тасымалын реттеу мәселесін көтеріп, жол қиындығының жайын да назарға салды. Бұл мәселелерді ескерген аудан әкімі А.Оңғарбаев елдің тілегін әрқашан ескеретінін айтып, мәселені қолдан келгенше реттеуге атсалысатынын жеткізді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
28 қараша 2024 ж. 85 0