Балық – халық байлығы

Солардың қатарында мен де қасиетті мекен Бөген ауылынан «Бөген-2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрып, табиғат пайдаланудың қыр-сырын ұғындым. Негізгі мақсат – аталған округке қарасты Қарашалаң елді мекеніндегі «Қарашалаң» көлін пайдалана отырып, аудан экономикасының өркендеуіне, балық шаруашылығының дамуына қолтаңба қалдыру еді. Бүгінгі күні 820 гектарды құрайтын көл аумағында балық өсіруге қолайлы жағдай жасалып, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының жай-күйіне жыл сайын зерттеу жүргізудемін. Тірі табиғат объектілеріне және оларды мекендейтін ортасына жанашырлықпен қарау өндірістік құрылымның күн тәртібінен түскен емес.
Өзіміз көріп-біліп жүргендей, балық шаруашылығының алға басуына бағытталған ілкімді істер ауданда көптеп атқарылуда. Әсіресе, Кіші Аралды ұдайы назарда ұстап, оған қатысты мәселелерді дер кезінде жоғарыға жеткізе білген атқарушы билік те аралдықтардың мақтанышына айналған теңіз деп толғанатынын ұғамыз.
Иә, аудан аумағында балық шаруашылығында ерекше маңызға ие оннан астам көл бар. Ал, Кіші Арал теңізінде балықтың көптеген түрі мекендейді. Жергілікті жердегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер балық өнімін экспорттауға басымдық берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған әр жылдардағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес деген сөзін негізге алған Арал ауданы Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін әлдеқайда ұлғайту жөніндегі үстіміздегі жылы өткен кеңейтілген отырыстағы тапсырмасы аясында тыңғылықты іс тындыруда.
Ата кәсіптен қол үзбей балықты молайтуға күш салған табиғат пайдаланушылар алдағы кезеңдерде балық қорын еселеудің маңыздылығын естен шығарған емес, шығармайды да. Себебі, балық – халық байлығы. Осы кәсіптен нәпақа тапқан балықшылар Кіші Аралдан зор үміт күтіп, шағын көлдер арқылы үлкен-кішіні жұмыспен қамтиды. Ендеше, несібесін теңізден тапқан елдің балық өнімін одан әрі арттырып, әлеуметтің әлеуетін жақсарта түсетініне сенім мол. Оған мемлекетіміз және облыс, аудан тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаулар айқын дәлел.
Жаңатай МУХАМБЕДИЕВ,
«Бөген-2016» ауыл шаруашылығы
өндірістік кооперативінің төрағасы