Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірдің өзекті мәселесі – су

Өңірдің өзекті мәселесі – су

Ұлы теңіздің ұлтанына қарасам әжемнің әжіміндей ескіліктің сарыны сайрап жатады. Кепкен кенезе мен уақыт кемірген кемелердың қаңқасы аңқасы кепкен батырдай «бір жұтым су» сұрап тұрғандай елестейді. Теңіз аумағында шөлдің кемесі үлектер үрке жайылып, көлдің кемесі көлеңкеде қалды. Топыраққа жұтылып бара жатқан теңізге шынымен «бір жұтым» тіршілік нәрі керек. Судың табиғаттағы және адамзат өміріндегі ролін халқымыз «Су – тіршілік көзі» деп бір ауыз сөзбен түйіндегені де, «От пен су – тілсіз жау» деп сақтандырғаны да рас. Айналамызда орын алған оқиғалар осыны растап отыр. Ойлана келсек, Арал оралмай, еш істің оңалмайтынына көз жетті.
Ахуал адам аярлық
Иә Арал теңізі әлем назарында. Шыны керек, адам баласы қолымен жасалған апат зардабы шекара таңдаған жоқ. Заманында шалқып жатқан теңіздің қазіргі ахуалы адам аярлық. Бүгінде сол көк айдынның кіші бөлігін сақтап қалу арқылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мықтап қолға алынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да Экологиялық ахуалды жақсартуға баса мән берді.
– Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.
Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соның ішінде судың сұрауы бар екенін қаперге салды.
– Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен, орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек. Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.
Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек, – деді.
Яғни бұл салаға жүйелі жұмыс керек. Елдің бір шеті құрғап, енді бірі суға кетіп жатыр. Мәселе тепе-теңдікті сақтап, ұтымды ұсыныстарды тәжірибеге енгізу. Сонда ғана Аралдық адам аярлық ахуалы қалыпқа түсуі мүмкін.
Су шаруашылығы саласындағы жобалар
Мезетінде «Шардара» су қоймасына секундына 660,5 текше метр су түсіп, өткен жылғыдан 555,3 текше метрге артқан. Қоймадағы су көлемі 4915 млн текше метр, бұл көрсеткіш өткен жылдағыға қарағанда 903 млн текше метр көп. Төменге секундына 350 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылғыдан 100 текше метр артық.
«Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі 302,2 млн текше метр, бұл өткен жылғыдан 138,02 млн текше метр кем.
«Шардара» мен «Көксарайдағы» су көлемі 5 217,2 млн текше метр, бұл өткен жылғыдан 764,9 млн текше метр артық. Қызылорда облысына секундына 654 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылғыдан 39 текше метр көп.
Сырдария өзені арқылы түскен су шабындық, жайылымдық жерлерге және егістікке жіберілуде. Айта кетейік, өткен жылдың 8 желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді.
Оған республикалық меншіктегі 26 магистральді және шаруашылықаралық каналды, 21 қашыртқыны, 144 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту, каналдарды цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілген.
Сонымен бірге салалық министрлікке коммуналдық меншіктегі 8 су шаруашылығы нысанын күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім ұсынылды. Вегетациялық кезең басында «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жинақталған су көлемі өткен жылғыдан 0,6 млрд текше метр кем болғандықтан, «Су кодексіне» сәйкес болжам ескеріліп, 3,7 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгіленді. Өткен жылы лимит 3,8 млрд текше метр болған.
Дегенмен мамандар сала мінсіз демейді. Мәселе көп екенін алға тартады. Жоба мен атқарылған істің, цифр мен келеген судың сәйкестігі мұқият қадағалануы шарт.
– Су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің айлығы төмен, уақытылы алмайды, мәртебесі де төмен. Кейде су бөлудегі адами факторлардың орын алатыны да сондықтан шығар.
Аудандық су шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын қалыптастыруда да мәселелер бар. Заманауи су өлшегіш вертушкалар, цифрлық үлгідегі теодолит, нивелир, лазерлік тахеометр, ультрадыбыстық датчиктермен жабдықтау, осы құралдармен жұмыс істеуді оқыту, дрондармен егіс көлемін нақты бақылау, ат-көлік, мотоциклдер мен учаскелік гидрометр, техник-гидротехниктерді қамтамасыз ету – суды дұрыс басқарып, үнемдеуге қол жеткізудің бірден-бір төте жолы. Қанша айтқанмен, күрішті артық егу, ауыспалы егістікті сақтамау секілді фактілерін жоққа шығара алмайтынымызды ішінара әңгімеде естіп жүрміз. Аталған мәселелерді қатаң бақылауда ұстайтын кезең келді, – дейді«Сыр мұрабы» ҚБ төрағасы, техника ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА академигі Серікбай Өмірзақов.

Су келіп жатыр ма, кеміп жатыр ма?
Ресми ақпарға сенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде соңғы жылдары теңізге жоғарыдан келетін судың көлемі екі-үш есеге артқан. Айталық 2022 жылы теңізге 816 млн м3 су түссе, 2023 жылы 2,4 млрд м3 су жіберілген. Биыл осы кезеңіне дейін Аралға жоғарыдан түскен судың көлемі 2,2 млрд м3-ді құрапты. Су мамандарының айтуы бойынша, теңіз көлемі биыл 22,1 млрд м3 дейін көбейіп отыр екен.
Негізінен теңіз көлемінің едәуір ұлғаюы Көкарал бөгетінің тұсы мен «Үшарал» аймағында байқалуда. Таяуда осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ асқан аудан әкімі А.Оңғарбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Сермағамбетов Сырдарияның Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы маңызды стратегиялық нысан «Ақлақ» су тоспасында болды.
Жергілікті тұрғындармен болған кездесуде Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары З.Қазтоғанов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары А.Асанбаевпен қатар Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшылары мен су шаруашылығына қатысты мамандар болды.
Қазіргі таңда «Ақлақ» су тоспасы арқылы Кіші Аралға секундына 110 текше метр су жіберіліп жатыр. Дегенмен түрлі экологиялық факторларға байланысты су қорының белгілі бір мөлшері жоғалады. Буға айналады, теңіздің құрғаған ұлтанына, ылғалды аймақтарға сіңетін су мөлшерінің көп болатыны дәлелденіп отыр.
Кездесуде басқарма басшысы Солтүстік Арал теңізін қалыпты деңгейде ұстап тұруда қабылданып жатқан шаралар мен жүргізіліп жатқан мемлекетаралық маңызды шешімдер туралы баяндады.
– «2020-2023 жылдардың маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа 7-10 м3/сек су түссе, ағымдағы жылы 70 м3/сек су түсті. Жыл басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 2 млрд.м3 су түсті. 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 млрд. м3 көбейді, – деді басқарма басшысы С.Сағитжанұлы.
Бұл сапардың басты мақсаты – өңірдің су ресурстарының жағдайын бағалау, су деңгейінің төмендеуі мен экожүйе өзгерістерінің әсерін анықтап, тиісті шаралар қабылдаудың қажеттілігін түсіну.
Мамандар мұнан соң ғасыр жобасы атанған «Көкарал» бөгетіне барып, балықшы қауыммен жүздесіп, теңіз мөлшері мен жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанықты.
Көкарал бөгеті 2005 жылы САРАТС жобасы аясында салынған. Кейінгі жылдары Кіші Аралды сақтауда маңызды рөл атқарып келе жатқан стратегиялық нысанның оң жақ қапталын су шаю қаупі туындаған. Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен жалпы құны 4,3 млрд теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда бөгет жанындағы 788 метр жерді нығайту жұмыстары жүруде. Сондай-ақ Сырдария арнасын қалпына келту бойынша Қарашалаң көлі арқылы 2 арнаның құрылысы қолға алынса, Ескі арнаны қалпына келтіру жұмыстары жүрді. Бұл жұмыстардан күтілетін нәтиже Солтүстік Арал теңізін сақтау, су айналымын қалпына келтіру және теңіздің тұздану деңгейін төмендету болып отыр.
Кіші Арал теңізі – тек экологиялық ғана емес, экономикалық тұрғыдан да аса маңызды аймақ. Мамандар басқосуы осы аймақтағы экологиялық дағдарыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Түйін. Мархабат Байғұт «Абайлайық, ағайын. Ана-табиғатымызға да, адамға да абзалдықпен, аяушылықпен қарайық. Қолымыздан келгенінше. Баршамыз бабаларымыз аманат еткен бірлікке құлшынып, айналайын Аралымыздың қамына жұмылайық. Кіші Аралды сақтағанымыз – кісілігіміз бен кішілігімізді сақтағанымызға саяр» деген еді. Біздің де айтпағымыз – осы!
Айдар САЙЛАУОВ
07 желтоқсан 2024 ж. 85 0