Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттен әріптеске дейін

Шәкірттен әріптеске дейін

Мемлекет басшысы биыл «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» деген болатын.
Расында, «мұғалім көп, шын ұстаз аз» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ұлағатты кәсіпті жанына серік етіп, білім беру жолында өзгеше қолтаңбасын қалдыра білген жандардың бірі Мәдина Үмбетованы ұстаздыққа лайық деп айтар едім.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Ендеше еңбегің жетістігіңмен көрінетін бүгінгі қоғамда Мәдина Әмірханқызының осы саладағы қол жеткізген биіктігін айтпай кетуге болмас.
Соңғы 5 жылдың көлемінде таудай табысқа жеткен ол 2018 жыл Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Алғысына, 2019 жыл «Жыл таңдауы – 2019» байқауында шәкіртті шебер шыңдаған номинациясына, сол жылы 2019 жыл «IZDENIS» республикалық оқытушылар мен оқушылар порталы Алғыс хатына, 2024жыл Қызылорда облыстық білім басқармасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетіні Құрмет грамотасына, Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, 2022 жыл бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық кезеңнен «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасынан ІІІ орын, 2023 жыл бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған өңірлік «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасынан сертификат, 2020 жыл бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық қашықтық олимпиадасы респулика бойынша ІІІ орын жеңімпазы, 2020 жылы "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы ІІ дәрежелі диплом, өзге де республикалық және облыс деңгейдегі шаралардан дара көрінген жанның жетістігін айтып тауысу мүмкін емес.
Мұнан бөлек 2020 жылы «BILIM-ORKENIETI» Ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы І дәрежелі диплом, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын педагогтер арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан жыл мұғалімі – 2020» атты республикалық байқауда жеңімпаз, 2021 жыл Шымкент қаласы «Жас Ұлан» жастар ұйымы «Бастауыш сынып мұғалімдер олимпиадасы» республикалық олимпиада І орын, 2019 жылы «ZIAT» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жинақталған «Үздік ашық сабақ» атты республикалық оқытушылар сайысынан І орын сияқты көптеген марапатқа ие.
Иә, жетістігі қыруар жүк болатын жанның шәкірттері жайында айтып тауысу мүмкін емес. Түрлі додада озық шығып жүрген оның шәкірттері жетерлік. Мәселен 2024 жыл «Зерде» республикалық зерттеу жобаларының республикалық кезеңінде Асылай Әбілбай ІІІ дәрежелі диплом иеленсе, 2023 жылы облыстық кезеңде І дәрежелі диплом жеңіп алды. 2023 жыл «Алтын сақа» олимпиадасы аудандық кезеңінен І орын иеленген Еркеназ Шамшадин облыстық кезеңде де олжалы қайтты.
Қазірде зерттеуші санатындағы жан бірнеше буын шәкірттеріне үлгі бола алды. Мектеп табалдырығын аттап, алғаш әріп танытқан ұстазына қарап бой түзеген шәкірттері көп. Бүгінде тек ауданда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде баланы білім нәрімен сусындатып, мұғалімдік жолда келе жатқан оқушылары да бар.
Солардың бірі өзім. 2001 жылы мектеп табалдырығын имене аттап, жатырқай кіргенімде әр баланы жатсынбай, жанына жақын тартып, қолдау білдірді. Анамыздай майда болды. Тек білімге баулып қана қоймай, өнерге үйретіп, бойымызға терең тәрбие дарытты. Міне, осылайша ілгері қадам басып, ақылын тыңдап үздік оқушылардың қатарында болдым. Өлең шығарып, оны мәнерлеп оқуды үйрендім. Түрлі қойылымдарда кейіпкерлердің образдарын сомдап, өнерді де бойыма сіңірдім.
Үйге барған кезімде айнадан Мәдина апайымды көргендей болатынмын. Оның сөзіндей сөйлеп, сол кісідей өзіме мұғалім болып жүрдім. Міне, сол бала күнгі арманым ақиқатқа айналып, қазірде өзім білім алған №220 қазақ орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына білім беріп келемін.
Тағы бір қуанатыным – шәкірттіктен басталған баспалдақ әріптестікке ұласқаны. Қазірде сол мектепте 30 жылдық тәжірибесі бар ұстазым әлі күнге ақылын айтып, кеңесін беріп келеді. Балалықтан бергі бағбаныммен бірге білімді ұрпақ тәрбиелеуде әлі талай қолтаңбамды қалдырамын.
Айнагүл ОРЫНБАЕВА,
№220 орта мектебінің мұғалімі
10 желтоқсан 2024 ж. 123 0