Кітапхана келешегі қандай?
Кітап көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын руханият құралы. Сондықтан асыл тастай құнын жоғалтқан емес. Уақыт өте келе заманына қарай жазушы стилі мен тақырыбы жаңаруда. Кітапты жансыз дейміз, алайда ол ақылына ақы сұрамайтын шынайы дос.
Бізді ойлануға мәжбүр ететін кітап. Алайда есігін кіргеннен оқиғалар мен жаҺанның жаңа қырларына жетелейтін кітапхана әлеміне оқырмандар қаншалықты көп барады? Осы мәселе қоғамда пікір таласқа түскелі қашан.
Жастар мен орта буын өкілдер пікірі екі тарапқа бөлінген. Жастар бұрынғыдай кітапхана араламайды. Тіпті, қоғамда кітапты қолға ұстамайтындар қатары көбейді. Дамыған заман талабы ғаламторды әспеттеуде. Дұрысы кітапхана есігін ашу қашаннан бері заман талабына сай емес деген пайымды алға тартады.
Бірі: "Кітапты өз қолыңмен ұстап, оның әр бетін ашып оқып, тіпті өзіндік ерекше иісін сезініп,барлық парағын ашқандағы дыбысты есту бөлек емес пе" дейді. Ендігі тарап: "Тегін кітап орнын ақылы ғаламтор кітаптармен толтырудамыз. Бір сәт кітапханаға барып кітап оқуды соншалықты қиын санаймыз. Оған керісінше ғаламтордан сатып алып, үйден оқығанды жөн көреміз" деген қарама қарсы пікірге ие.
Оқушы балалардың өзі керек мағлұматты кітапхана кітабынан емес ғаламтор сайттарынан іздейді. Қолына кітап алып ертегі оқып жүрген мектеп баласын кезіктіру тіпті, қиын. Сонда мұның барлығы кітапхана болашағында оқырман санының төмендеуіне алып келе ме?
Өкінішке орай пендешілікке салынып керісінше жасап та жүргендейміз. Себебі бұған дейін кітапхана сөрелері бос қалып, кітап тапшы болған кезде оларды әрең іздеп тауып, көз майын тауысып оқыған-ды. Керісінше қазіргі таңда кез-келген кітапты оңай сатып алып немесе ғаламтор сайттарынан ешбір қиындықсыз жүктей аламыз, бірақ ендігі бұған қызығушылық танытатындар аз. Кітап келіп, оқырман кетіп жатқандығы айқын байқалады.
Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» дегені қазіргі оқырманға қада қазықтай айтылғаны іспетті. Кітап санын көбейту емес, керісінше қажетті кітап мәртебесін өсіргеніміз жөн. Әрине, ешкім жаман кітап жазайын деп ойламайды. Шөп те – өлең, шөңге де – өлең дегендей, оқырманға еш жаңалық не бір әсер қалдырмайтын көшқұлаш жазбаларын кең жазира романға балап жүрген жазушыларда жоқ емес. Сол себепті өз сауатын жөндей алмай жатып әзірше ғана жазушы санатында жүргендердің талайының өресі жеткен жерінен ортақол, кейде тіпті арзан, жасық дүниеліктер де тоғытылып туып жатады. Бұл дегеніміз кітап пен кітапхана арасын алшақтататыны сөзсіз. Себебі кітапсүйер қауым өз жазушысын тапқанда ғана кітапхана сахнасының атақты жұлдызы болары анық. . Жамау-жасқау білімді желімдеп жапсырғандай жасанды кітап болып шықпағай. Әйтсе де, кешеуілдеп жететін төрелікті сарғайып күтпей, бүгінгі оқушының қамы үшін кітап сапасы, талғам тақырыбында, жалпы сауатымыз, іздену өрісіміз жайында білікті ұстаздар, кітапханашылар, кітапқұмарлар, әдебиет, мәдениет қайраткерлері ағынан жарылып өз үлестері қосса игі.
Қоғамда "заманауи кітапхана" түсінігі қалыптасқан. ХХІ-ғасыр талабына арналған кітапхана – ыңғайлы атмосфера. Ол дегеніміз ыңғайлы заманауи кітап шкафтары мен ыңғайлы креслолар. Шаң басқан көне ертегілер мен өткен заман жазушылар кітаптары бар сөрелері азайған. Керісінше қоғам тақырыбына арналған "психология" мәселесінің шешімі көп. Сол тақырыпта жазылған кітаптар мен жаңа жазушылар шығармалары кітапхана сәніне айналғандай.
Өмір ағымына қарай өзгерген дұрыс. Тек кітапхана қай заманда болса да өз оқырманын жоғалтпаса игі. Кітапхана – елдің айнасы. Сол себепті болашақта айнамызға дақ түспесе болғаны. Ең болмаса ақылы кітаптар өз оқырманын өткінші дүниелермен алмастырмаса екен. Бұл тұрғыда жауапты сала мамандарына үлкен сенім артылары сөзсіз.
Нұрай ӘМІРХАНОВА