Терең түпсанадан ой тартқан
Есімі қазақ оқырманына бірегей көркем туындыларымен танымал жазушы, белгілі публицист, саяхатшы Сайлаубай Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты кезекті кітабы өзінің атауы көрсетіп тұрғанындай, әр оқырманды өзіндік бір құпиялылығымен, ерек бір жасырын күшімен таңғалдыра тартары анық. «Неге кітап атауы «Топансу» уақиғасымен байланыстыра қойылған, ол апатты тасқынның «Ұлы Даланың жүзін жуған» сәті қандай?» деген көңіл баурар сауалдар кім-кімді де ойландырары анық. Әйтсе де, кітаппен таныса келе, ондағы көтерілген мәселелердің ауқымы біз ойлағаннан мүлде бөлектеу, тереңдеу екеніне көз жеткізесіз. Кітапта тарих, философия, география, әдебиеттану, тіл, дінтану және тағы басқа ғылым салаларының бір-біріне жақын аспектілері қарастырылады, автордың ешкімге ұқсамайтын өзіндік ойлары мен тұжырымдары алға тартылады.
Автордың өзі кіріспе сөзде («Ой жүйесі») айтып өткеніндей, кітаптың материалдарын жазушының әр жылдары республикалық басылымдарда жарияланған көлемді ғылыми-көпшілік, ойтастар, ойсалар танымдық мақалалары құрайды. Тіпті, кейбір мақалалар сипаты жағынан ғылыми танымдықтан гөрі ғылыми-фантастикаға жақындау ма деп қаласыз. Кітаптағы көтерілген мәселелердің бәрі айналып келгенде Ұлы Дала деп аталып жүрген өзіміздің Отанымыз – Қазақстан тарихының ең ежелгі кезеңдеріне қатысты сұрақтарға жауаптар іздестіреді және де автор бұл саладағы өзіндік бірегей тұжырымдарын ұсынады. Ол тұжырымдарды оқырман қабылдай ма, қабылдамай ма, ол әркімнің өз ісі. Бірақ мұндағы әр ой-пайым ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Өйткені кітапта біздің жыл санауымызға дейінгі ежелгі тарихта өтті деп болжанған, дәлелденген, адамзат баласының өміріндегі аса күрделі тарихи үдерістер туралы бізге етене табиғатты сөз бар. Сол аса маңызды үдерістер Ұлы Дала аумағымен байланыста қарастырылады, Ұлы Тұран Даласына қатыстылығы негізделе айтылады.
Адам баласы жаратылғаннан бері өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік орта мен қоршаған табиғаттың ғажап құбылыстарын, болмыстың керемет сәттерін, тылсым күштерін, оның құпия жұмбақтарын танып білуге, сол құбылыстардың себеп-салдарын анықтауға ұмтылумен келе жатқаны мәлім жайт. Адамзаттың ғұмыр бойына созылған және күні бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келе жатқан бұл білуге деген ұмтылысы, білу үдерісі ақыл-ойдың жемісі – таным деген ұғымды қалыптастырды. Қазір таным ұғымы кең қанат жайып, оның арғы-бергі шекарасын анықтаудың өзі қиынға айналып бара жатқандай. Дегенмен таным теориясымен арнайы айналысқан мамандар оның үш түрі бар екенін айтады. Біріншісіне, практикалық танымды немесе адамның сезім мүшелері арқылы қоршаған ортаны тануды айтады. Екіншісіне, шығармашылық танымды, яғни қоршаған ортаны, өткен, бүгінгі өмірді шабыттану, әсерлену арқылы көркемдеп танып-білуді жатқызса, ал үшіншісіне, ғылыми танымды айтады. Осы таным түрлерінің бәріне ортақ және әрқайсысының жеке өздеріне ғана тән ерекшеліктері бар. Мұны талдап айтып жатқанымыздың себебі, осының белгілі жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты кітабының бар болмысына қатысы бар. Танымның алғашқы кезеңі көруден, ұстаудан, естуден, яғни сезім мүшелері арқылы танып-білуден басталса, бұл автор жазушы-саяхатшы ретінде Ұлы Даланы оңды-солды жаяулатып аралап, кітапта айтылатын – Тұран, Арал, Сыр және тағы басқа да географиялық аймақтарды көзбен көріп, тынысын аңдап, ауасын жұту арқылы шығармашылық танымның тұғырынан үн тастайды.
Құдайдың берген таланты мен дарыны арқасында автор танымның екінші сатысы деңгейіне табан тіреп, сыртқы әсерленуден туған ерекше сезімдерін ойға бөлеп, қиялын алыстарға ұшырады, шабыттың қанатына мініп, Жер деген планетаның өзіне ғарыш биігінен қарағандай ерек әсерге барады. Сөйтіп, ой мен қиял, шабыт пен шығармашылық қасиеттер авторды Ұлы Даланың көз жетпейтін өте алыс және өте тереңдегі құпия тарихына қатысты небір болжамдар, тұжырымдар жасауына алып келеді. Ал С.Жұбатырұлы танымның ең жоғары түрі саналатын – ғылыми танымды да, құр тамсаныста айналып өтпей, оның ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы алынған жаңалықтарымен бөліседі, өз ойларын салыстырады, бағамдайды.
Кітаптағы автордың ой-пікірлері мен тұжырымдары тек жазушы қиялы мен шабытынан туып қана қойған емес. Жазушы ғылыми танымның зерттеу элементтерін қолданып, деректерге жүгінеді. Олардың қатарына «Гильгамеш» дастаны, Платонның «Атлантида...» зерттеулерінің материалдары, әлем халықтарының аңыздары қатары, антикалық авторлардың еңбектеріндегі мәліметтер, Латын Америкасы, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания аңыздары жатқызылады. Мысалы, бір ғана Топансу туралы, оның болған уақыты мен қамтыған ауқымы туралы сөз еткенде тарихнамалық материалдар мен деректер қатар пайдаланылады. Бұл жазушының ғылыми таным әдістеріне де батылырақ тереңдеп барған сәттерін көрсететін мысалдар. Және осы тәсіл айтылған ойларды тарихи негізділікпен демеп, ғылыми сөз деңгейінен ұғынуға шақырады.
Кітап атауының өзі айтып отырғандай, «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атауы кездейсоқ қойылмаған. «Аңыздардың тірілуі» атты бөлімде жазушы бірнеше ғана жалпыға мәлім деректер мен аңыз мәліметтеріне ғылыми танымдық тұрғыда қарайды, кей тұста ойы мен қиялына еркіндік береді, кей жерде оларды тізгіндеп, сөйтіп осыдан 10-15 мың жылғы тарихқа барлау жасайды. Тіпті, кейбір болжамдары сол заман жұртшылығымен тұстас, көзбен көріп жазғандай әсер береді. Автор тұжырымдары сонысымен қызықты. Солардың ең негізгілерінің бірі – жер бетінде адамдар куә болған бір алып апат – Топансудың болып өткен уақыты туралы. Бұл әлемдік апат туралы ойын автор былайша бастайды: «Топансу біз үшін әуелі ертегі еді. Сосын оны діни ілімдер сөзінен ести бастадық. Оның шындық тұғырын ғылым көптен іздестіріп жатыр...» деп жалғастырады да, діни деректер мен антикалық авторлардың мәліметтерін, жер бетіндегі халықтардың Топансу туралы аңыздарын саралай келе, сол айтулы Топансудың осыдан 12-15 мың жылдар бұрын болғаны туралы пікірді ұсынады. Әрине, бұрыннан да бар, әр жоба-жорамалда айтылып жүрген ой-тұжырымдар. Бірақ бұл автор интерпретациясында біраз сабақты ойлар бар. Жазушының ойынша, әлемдік Топансудың болуымен ежелгі адамдардың ұзаққа созылған бір дәуірі аяқталады. Оған адамдар қоғамының имандылық ахуалы басты себеп болады. Автордың «Топансу – дәуірлер табалдырығы» деген ойы тіпті қызықты. Сонымен бірге жазушы Арал теңізінің де пайда болған кезеңін сол уақытпен байланыстырады. Бұдан кейін оқырманға Арал теңізі жер бетін жайлаған апатты судан кейін қалыптасқан жәдігер-су деген ойдың өзі-ақ келеді...
Жазушы Топансудан жер бетіндегі тіршілікті құтқарған Нұх пайғамбар туралы, оның кемесінің Қазығұрт тауына табан тіреуі туралы аңыздарды тірілтіп, осы жөніндегі аңыздардың бірнеше нұсқаларын салыстыра қарап, ол оқиға Тұран аумағында өткен деген қорытындыға келеді. Автордың ұшқыр қиялы мен ойы бұлармен шектелмей, Топансудан кейінгі жер бетіне адамдардың таралуы туралы болжамдары да қызықты. Топансу – дәуірлердің алып табалдырығы деген қағиданы ұсынады. Оған сүйенсек, адамзат тарихын Топансуға дейінгі және Топансудан кейінгі деп бөлуге болады. Топансудан кейін Ұлы Дала (Тұран) аумағында өсіп-өнген адамзат баласы алты түрлі жолмен (Ұлы көштер тараулары арқылы) Америка құрлығына, Оңтүстік-Шығыс Азия аумағына, Оңтүстік Азияға, Таяу Шығысқа, одан әрі Ніл алқабына, Еуропаға қоныстана бастаған деген болжамдарды алға тартады. Жер бетінде ежелгі адамдар бір аумақта пайда болып, уақыт өте келе басқа аймақтарға таралған, ол пайда болған аумақ − Жерорта теңізі аумағы деген пікір үстем болып келсе, жазушы С.Жұбатырұлының пікірі бұл тұжырымның алғашқы бөлігімен – ежелгі адамдар алғашында бір аумақта ғана пайда болған деген пікірмен сәйкес келеді. Ал ол қай жерде пайда болған деген сауалға – Ұлы Дала аумағында деп жауап береді. Соған байланысты қазіргі Қазығұрт атауының түп-негізінде «Қазық жұрт» деген атау жатыр деген ойы кімді болса да қызықтыра түседі.
Автордың мұндай батыл қорытындыларынан өзге жұрттар қалай шошып қорықса, тұрандықтар дәл солай бөркін аспанға атып қуанады деуге болатын сияқты. Басқаша айтқанда, автор қалай десек те туған Отаны Тұранды – Жер деген планетаның кіндігі, тарихының бастауы деп санайды. Мұндай батыл ойлар тек нағыз патриоттарға ғана тән болса керек және осы батылдығымен өзіне басқалардың назарын еріксіз аударуға, өркениетті түрде мәжбүр етсе керек.
Автордың керемет ойлары мен батыл тұжырымдарының кейбіреулерінің маңызы күшті. Жер деген планетаның Еуразия атты құрлығындағы Тұран деген аумақтың құрамдас бөлігі болып саналатын Ұлы Дала аумағында тарих Топансуға дейін-ақ басталғаны жалған болмас. Ал кенеттен келген нәубет – Топансу көпке бармай, бар болғаны 4-5 айға созылғанын тілге тиек етеді. Топансуға дейін болған құрлықтар мен ондағы мәдениеттер оның кері салдарларына шыдас бере алмай өмір сүруін тоқтатса, Тұран (Ұлы Дала) аумағы Топансуға төтеп бере алады, оның қысқаша ғана ауыртпалығына шыдайды, төтеп береді. Топансудан кейін де бұл қасиетті өлкеде өмір жалғасады. Және де содан бері қаншама мыңдаған жыл өтсе де, Тұран үшінші мыңжылдыққа аман-есен жетіп, өмір сүруін жалғастыруда. Бұдан шығатын мәнді түйіндердің бірі – Жер ғаламшары тұрғанда Тұран мәңгі өмір сүре береді.
Кітаптың ең қызықты, құнды жерлері одан әрі жалғасып, «Ұлы Дала: терең тамырлы өркендер бастауы» мен «Ежелгі Ұлы көштер», «Арий – Зердеш (Заратуштра) – Сақ...» тараушалары айтылмақ ойларды ары қарай нақты түрде дамытады. Қысқаша түйіндеп айтсақ, Ұлы Тұран кеңістігі әлемді жайлаған Топансудан кейін қайта дамып, әлемнің орталығына айналады. Сол орталық Тұраннан әлемнің төрт жағына қарай төрт бағытқа алты ұлы көш өтеді. Мұндай тұжырымдарды шабыты мен қиялына қанат бітірген автор сенімді түрде түйіндейді.
Автор жоғарыда айтылған ой-тұжырымдарын лингвистикалық тұрғыда түсіндіруге тырысады. Қазіргі кезеңде ғылымда ежелгі дәуірдегі адамдар бір ғана тілді қолданған деген пікірлердің бар екенін айта кеткеніміз жөн. Жазушы С.Жұбатырұлы осы концепцияны – адамдар бір аумақтан таралған деген оймен демеп және олар бір тілді қолданған деген тұжырымды алға тартады, оны толықтырады, өзіндік дәлелдеулерімен негіздейді.
Сонымен, жоғарыда айтылған қысқа нұсқалы ойларымызды қорыта келе, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты кітабы оқырмандарға терең ой салар, танымдық жағы мол, рухани тұрғыдан пайдалы еңбектердің бірі деп есептеймін.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы