Ғасырлық той
Туғанына 100, дүниеден озғанына ширек ғасыр болған, асқар таудай әкелері, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Сүйінтай Назарұлы атына Арал қаласынан көше берілуіне байланысты және әкесі мен «Алтын алқа» иегері аяулы аналары Жәмила Сүлейменқызы ғасырлық тойы ресми түрде «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жолына жақын орналасқан көшенің ашылу салтанаты өткен еді.
Майдангердің жақын туысы Жаппар Бержанов ашып, өмір жолын таныстырды:
– Сүйінтай Назарұлы 1923 жылы Сазды ауылына қарасты Қайнар қыстағында дүниеге келді. 7 жасында әкесі қайтыс болып, анасы Бәт пен ағасы Нұрмағанбеттің тәрбиесінде болып оң, солын таниды. 1930-1932 жылдары колхоздастыру кезінде Куйбышев кейін Ұзақбай колхозына мүше болып сол жерде 4 кластық білім алады. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде небәрі он тоғыз жастағы Сүйінтай да қолына қару алып, 1942 жылы Сталинград майданына аттанып, Қырымды, Севастополь, Симферопальді азат етуге жанқиярлықпен қатысып, жараланып, дала госпиталіне түседі. Іріктеу кезінде 1-ші Беларусь майданы 171 Идрицское дивизиясына қосылып, Варшава, Вена қалаларын азат етіп, Берлин операциясына қатысады. Әлгі аталған қалаларды азат еткен ерлігі үшін майдан даласында кеудесіне төрт медаль тағылады. Аталмыш дивизия құрамында ерлігімен көзге түсіп, 1945 жылы қаңтар айында полковник Негоданың бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Ал сәуірде Берлинді алудағы жойқын шайқаста аяғына снаряд түсіп, госпитальға түседі.
Соғыста бес мәрте жараланып, жеті мәрте іріктеуден кейін қоян-қолтық ұрысқа қайта түскен. Жіліншікке түскен снарядь жарықшағы 1962 жылы ғана әрең түскен екен. 1945 жылы елге жеңіспен оралғаннан кейін әртүрлі қызмет атқарады. Қазалы техникумына түсіп, есепші мамандығын оқып, білім алады. Колхозда бірнеше жыл есепші болып қызмет етіп жүріп 1947 жылы Жәмила Сүлейменовамен отау құрады. Қажырлы еңбегімен танылған жас маманды 1957 жылы колхоздарды біріктіріп, «Қарақұм» совхозы құрылған кезде елдің алдыңғы сапында қызмет істеген Сүйекеңді совхоз орталығы Абай ауылына жібереді.
Еліміздің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, 1984 жылы еңбек демалысына шықты. Жәмила екеуі 13 ұл, қыз тәрбиелеп, бақытты ата-ана атанды. Сүйінтай ақсақал 2000 жылы 77 жасында, ал аналары Жәмила 2010 жылы 80 жасында екеуі де ұл мен қыздың рәтін көріп, дүние салды.
Қарақұм және Атанши ауылдық округтерінде бұрын әкім болған Бегалы Дәулетжанов, бауыры Қанибек және Қызылордадан келген туыстары Аханай Қалымбетов, Байқоңырдан келген Кемаладин құда сөз алып, бір ғана Арал ауданынан 12 мың жерлесіміз соғысқа аттанып, 6 мың адам майдан даласынан қайтпағанын, күллі адамзатқа қырғын әкелген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың міндеті дей келе, сұм соғыстың сұрапыл алапат қасіретін өз басынан өткізіп, көзімен көріп, ерте есейгеніне куә болған қанды қырғынды есіне жиі алып, айтып отырғанына куә болдық деді. Алматыдан келген бауыры әрі құдасы Қоңырбайұлы Бөрібай мен Қазалы ауданынан келген Ботабайұлы Абай, нағашыларының атынан, Ішкі істер бөлімінде басшылық қызметте болған Байтақ Сүлейменов жұбайы Ұлмекен «ұрпақ үшін өнегелі бұл шараны мәңгі есте қалдыру мақсатында соғыс және еңбек ардагері 100 жасқа толған атаның өткен өмір жолын, ерлік істерін үлгі етіп, жас ұрпақты елін сүйер патриот болуға тәрбиелеуге күш салуымыз керек», – деді.
Майдангер әкенің жорық жолын, мәлімет деректерін үш жыл бойы архивтен жинауға көмектескені үшін Қарақұмның тұрғыны, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Абай Жұмағұловқа әулетіміздің атынан ризашылығымызды білдіреміз. Әкеміздің әруағы баршаларыңызды желеп-жебесін, біздер қыздар қауымы тек тілекшіміз. Ұлды дәріптейтін халықпыз ғой, осы игі істің бәрі ер азаматтарымыздың арқасында атқарылуда,– деп қызы Айкүміс Назарова ағынан жарылды. «Һас тұлға батыр деуге лайықты, соғыстың қанды көйлек қаһарманы Сүйінтай ақсақалды» деп көшенің ашылуымен барша жиналған қауым бір-бірін құттықтап жатты.
Той Арал қаласындағы «GRAND ROYAL» мейрамханасында өтті. Айкүміс Сүйінтайқызы апамыз «ғасырлық тойды тірі адамға жасағандай етіп өткіземіз деген шешімге келдік» дегенін есітіп, таң қалғанымды жасырмаймын. Шынында да Назаровтар әулеті жүз жылдық тойға ерекше дайындықпен келіпті. Мейрамхананың төрінде Сүйіндік ақасақал мен Жәмиа анамыз отырғандай әсерде болдық. Әкесі мен анасының өміржолынан фотосурет көрмесін, қос алыптың портреттерін баннерге жасатыпты. Майдангердің өткен өмір жолы мен бүгінін жалғап жатқан ұлағатты ұрпақтарының еңбекпен өрілген игі істерімен тағылымды жұмыстары шараға келген қонақтарға үлкен ой салғандай екен.
Әркімге арман болған бұл тойды Қарақұм ауылының ақсақалдары, көзін көрген от ауызды, орақ тілді Жази Тайлауов, Есенкелді Мүсіров, Жанғабыл Сақтағановтай ауыл азаматтары Сүйекеңмен тонның ішкі бауындай аралас-құралас болғандарын, әңгімешіл адам екенін, талай жанның маңдайынан сипап, қамқорлық көрсеткенін естеріне алды. Сол кездегі ауыл тұрғындарының ауыр тұрмыс-тіршілігін жүрек түкпірінен жарып шыққан шынайы тілектерін, әсерлі әңгімелерін ойға оралтып жатты.
«Әкең өлсе де әкенің көзін көргендер өлмесін» дегендей, еңбегімен елге танылған Сүйінтай ақсақал мен Жәмила анамыздың еңбек жолы, отбасындағы өнегелі тәлім-тәрбиесі жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай екен. Еткен еңбектің осындай дәрежеде бағаланғанынан артық бақыт жоқ-ау сірә да. Жиналған қауым игі іске куә болып, ата-ананың еңбегін бағалап жатқан балаларына ризашылықтарын жеткізді. Той куәгерлері мойындағандай, кім соғысқа қатыспай жатыр, кім еңбек етпей жатыр, алайда әке мен шешенің еңбегін жарыққа шығарып, көптің ықыласына бөлеп жатқан балаларына бір қауым нағашылары да Жетес аға, Бақыт жеңгесі, Қуандық Әбекенов, Орынтай ағасы, Ақсалы Есеналиева бөлесі ағынан жарылды.
Қыз алысып, қыз беріскен мыңжылдық құдалары да өсіп-өнген, жапырағын жайған, тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректер екеніне куә болдық. «Қыз бала-өріс», – деп өрістерін кеңейтіп жатқан 13 баламен одан тараған немерелердің құда-жекжаты да бір қауым ел екен.
Сонау 2005 жылы Кувейт қорының қаржысына салдырған қаладағы Сейфуллин көшесінде тұратын Зәкірдің үйінде суды ашуға кіріп келе жатып бұрынғы Президентіміз Жәмила Сүлейменқызына еріксіз бұрылып «мына жерде кейуана отыр ғой» деп қолын ұстап құшақтасыпты. Үйден шыққан соң да Елбасы қайта бұрылып келіп «алып та анадан туады ғой, батаңызды беріңізші» деп бата сұраған екен.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ақсақалдың майдандас досы Бәйділданың қызы қаладағы №260 орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Шәрбану Жанкүшікова сөз алып, – Сүйінтай атаның қанымен өмірге келген балалары, Нәзира анамыздың сүтімен келген туа бітті қасиеттерді ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіргеніне куә болып, үлгі-өнегесін көріп, бойымызға тоқып өстік, – деп жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Аналарынан ер адамды сыйлауды, қонақ күтуді, бауырға қамқор болуды, ағайынға қызмет етуді көріп өскенін, ал әкелері Сүйінтайдың елге еткен еңбегінің арқасында абыройлы болып, қадір-қасиетін көріп өскен ұрпақтарына тәнтті болдық. Сүйінтай Назарұлы атындағы көше комитетінің төрайымы Гүлнар ханым сөз алып, көшенің атына лайықты болуға, маңдайымызға бұйырған осы көше иесінің балаларындай салиқалы болып, ұрпақтарымыз да өссін, өнсін деп ағынан жарылды.
Әкеге, анаға және соғыс тақырыбындағы патриоттық әндерді Жіңішкеқұм, Қарақұм ауылдарынан шыққан өнерпаздар Самал Дінжанова, Асылхан Есжанов, Бақыт Ақжановтың орындауында әндер әрбір адамның жүрегіне жол тауып жатты.
Аудан тұрғындарына ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Сүйінтай ақсақал мен асыл жары Жәмила әжеміздің алтын құрсағынан өрбіген 13 баладан 46 немере, 61 шөбере сүйіп, алақанынан май жалаған бақытты ата-ана. Балалары бақыттарын адал еңбек пен маңдай тердің ащы дәмінің арқасында тапқан әулет. Өмірден өз орындарын тауып, сүйікті мамандықтарын игеріп, ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Теңдігі ішкі істер бөлімінен зейнетке шықса, Ғалымжаны, Кенжебегі, Русланы кәсіпкерлік салада, ал келіндері Лида мен Айгүлі медицина саласында, Клара мен Анары кәсіпкер.
Иә, «қыз өріс» деген ұлағатты сөз бар ғой, сегізі тілекші жандар болып, 5 ұлға еркелей жүріп, әрқайсысы бір қауым елге айналды. Олар екі елді мың жылдық татулыққа ұластырып құда, құдағи деген сара жолдың салынуына себепші алтын көпір болды.
Батан, Гүлназ бүгінде бір-бірі шаңырақтың берекесі мен базары, ажары мен аяулы анасына айналып отырғанын айтуымыз керек. Қазақта «Жиен жақсы жалды болса, нағашы жақсы малды болса» деп әсте бекер айтпаған. Сүйіндік атамыздың қыздарынан туған жиендерінің өзі бір қауым ел екен.
Иә, өнегелі тәрбие отбасынан басталады, Жәмила анамыз қыздарын ес біліп, етек жеңін жинай бастағаннан жат-жұрттық екендігін құлақтарына құйып, келіндік, аналық өмірге дайындаған екен. Тәрбиенің жемісін ата-анасы көрді, барған жерлерінде ибалы келін болды. Сол әулеттің ана, дана келіні атанып, ұрпақтарын өмірге әкелді, тамырын тереңге жайды.
Әкесінің асатаяғын ұстаған ең үлкен қызы Айкүміс аудандық мәдениет бөлімінің бас есепшісі болып ұзақ жыл қызмет етіп, еңбек демалысына шықты.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Сүйінтай атасының еңбек жолы бар баласына үлгі болды.
Кішкене Құттық Домақ елінің бір туар перзенті соғыс және еңбек ардагері Сүйінтай Назарұлының 100 жылдығына орай арнауды жазған ақын Қайрат Құлекешов:
...Келіннің қадамымен келет дейді,
Қазағым шаңыраққа құт қонғанда.
Жәмила анамыз сол қасиетін,
Деймін ғой Венераға жұқтырғанын.
Өмірден өткенінше жанында боп,
Ұқсайды өнегесін ұқтырғанға.
Болмаса бұл екеуі отырмас ед,
Ие боп шаңыраққа Бектұрған да.
Сонымен қатар өнегелі отбасындағы игі істердің бірі заман талабына сай ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеріп, өзін-өзі басқаруы, қаншама адамды жұмыспен қамтуы бір серпіліс әкелгендей екен, оған біз де куә болдық. Ең бастысы, балаларының әкеге қойған ескерткіші көше атын алып беруі. Иә, бар баласына ұзақ өмір, таусылмайтын бақ, денсаулық, үлгі алатын отбасы болсын деп ізгі ақ тілегін жолдап жатты жұртшылық рия көңілмен.
Еліне еңбегі сіңген, халқына құрметті 100 жастағы Сүйіндік ата мен батыр ана Жәмиланың есімдері бұдан былай да ұрпақтарымен бірге жасай бермек. Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бұл әулеттің Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға әбден лайықты екеніне көз жеткіздік.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі