Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 18:25...

18:25...

Мен такси тізгінгерімін. Иә, қарапайым көлігіммен түрлі адамды қалаған жеріне жеткізіп, адал табысыммен отбасымды асырап жүрмін. Күнім жұбайым жасаған таңғы асты ішіп, бойжетіп қалған қызымды оқу орнына апарудан басталады. Түскі ас кезінде ұлдарымды мектепке апарамын. «Кешкі ас дайын» деген хабарлама келгенде, дүкенге соғып тәтті аламын да, үйге асығамын. Күнделікті тіршілігім – осы.
Көбіне көлігіме тәтті кәмпиттерді, сусындарды салып жүремін. «Өмірді сүю керек, мен бақыттымын, шүкір». Міне, менің жанымдағы жанның ойы осындай болғанын қалаймын.
Тапсырыс түсті. Хайуанаттар бағына екен. Демалысты пайдаланып, балаларын қыдыртқысы келген ата-ана болар. Әдетте бұл күндері саябақтарға көп барамын. Кішкентай жолаушылар көлікке мінген сәттен кәмпитке ұмтылды. Анасына еркелеп, рұқсат сұрауда.
– Жей ғой, – дедім мен сөзге араласып. Маған келіншек таңырқай қарап, жақтырмаған сыңай танытты.
– Қызым-ай, – дедім мен күлімсіреп. – Қазір бөбегің құшағыңа сиятын жаста ғой. Кейін есейгенде жүрегіңе ғана сыйдыратын уақыт болады. Сонда оның осынша тез өскенін байқамай да қаласың. Оны алда не күтіп тұрғанын білесің бе? Әрине, білмейсің. Сондықтан мүмкіндігің барда еркелет, айтқанын қыл.
– Оныңыз да дұрыс шығар, аға. Кейде ашуланып-ұрсып, май құйрықтан тартып-тартып жіберетініміз де бар ғой. Сондай кезде Алланың берген сыйы екенін, отау құрған соң әулие-әмбие жағалап тілеп, дүниеге келгенін ұмытып кетеміз-ау, – деп қойды келіншек. Бұл кезде егіз ұлдарына тәттінің қағазын қалай ашып бергенін өзі де байқамаса керек. Саябаққа жеткенше оларды аймалай, маңдайынан шөпілдете сүйді. «Ана мен баланың махаббаты – ең құдіретті сезім» деп ойладым.
– Рақмет, аға. Жолыңыз болсын, ісіңізге береке берсін, – деп жолаушылар көліктен түсіп, діттеген жеріне аяңдады.
Ұялы телефонға сол бір хабарлама осы сәтте түскен. Оның маған мәңгі жүректі тербер ой тастарын білгенде, мүмкін қабылдамас па едім?!
Абай көшесінен жақын маңдағы зиратқа екен. Жолаушы ұсынған төлем де әдеттегі бағадан біршама жоғары. Мекенжайы жақын болғандықтан да, көп ойланбадым. Бірер минутта шағын ауласы, бақшасы бар үйге келдім. Арада жарты сағат уақыт өткенде ғана еуропа стилінде әдемі киінген әйел адам шықты. Сәлемдесіп болған соң:
– Ұзақ күттірдім бе?! Рақмет. Төлемақыңызды беремін ғой. Жол-жөнекей гүл дүкеніне соға аламыз ба? – деп сұрады.
– Әрине, қай дүкенге барайын? – дедім мен де сұраулы жүзбен.
– Өзіңіздің ыңғайыңызға қарарсыз. Кейін ол да, мен де үндемей, ең жақын дүкен алдына тоқтадым. Жолаушы әйел көп ұзамай әдемі нарттай қыз раушан гүлін құшақтап, алып шықты.
Телефоным шыр ете түсті. Көлік тізгінінде отырғандықтан, дыбыс күшейткішке қоя салғанмын. «Әке-е, боссыз ба? Бүгін қыздармен киноға барушы едім. Ақша саласыз ба?» деді қызым. «Әрине, бірақ ертерек үйге қайтасың ғой. Алаңдатпай, жазып отыр. Мүмкін өзім де алып қайтармын» деп, тұтқаны қоя салдым. Осы сәтте артқы орындықтан:
– Неткен керемет көрініс. Қызыңыз ба? Менің де қызым бар, – деген дауыс шықты.
– Иә, ерке қызым ғой. Өзі әулеттегі жалғыз қыз бала әрі үйдің үлкені. Барынша «қыз – қонақ» деп, бетінен қақпаймыз, – дедім көңілдене.
– Бүгін – қызымның туған күні, – деді ол.
– Ұзақ дайындалып, киім таңдағаным да сондықтан. Екінші мүшелі. Мында тұп-тура 25 гүл бар. Анарым 13 жасында жол апатынан қайтыс болған. Содан бері 12 жыл да өте шығыпты. Ақшам уақытында дүниеге келген. Бөбек кезінен барлық қылығы көз алдымда. Кішкентай, қара қыз, – деп ыстық естелігімен бөлісті. Не дерімді білмей, үнсіз қалдым.
– Туған күніне кешікпей барамыз ғой, иә?! – дегенде ғана селт ете түстім. Сағатқа қарасам, ақшам намазына 7 минут уақыт қалыпты.
– Алматыны білесіз ғой, кептеліс болмаса, жетіп қалармыз, – дедім. Минут өткен сайын ол да, мен де асықтық. Қырсыққанда, қаладан шығар соңғы бұрылысқа келгенде көлік бұзылып, оталмай қалды.
– Ештеңе етпес. Жолаушы әйел асығыс төлем жасады да, – жаяу барсам да кешікпеуім керек. Бұл кездесуді асыға күткенмін, жақын қалды ғой, – деп жүгіріп кетті.
Көлікті жөндеуге құралдарымды алып, енді кірісіп жатқанмын. Қатты айқай-шу мен соқтығысқан көліктің, жедел жәрдем шақырып, шыңғырған әйелдің дауысы естілді.
Жүрегім бірдеңе сезгендей, жақындадым. Жерде қызыл күлтелер шашылып жатыр екен. Қан жуған асфальттың түсі қоңырлана түскен. Дәрігерлер ақ жапқан мүрдені көтеріп барады.
Құлағыма азанның даусы ап-анық келді. Ақшам! Жолаушы қызымен кездесті. Ол кешіккен жоқ еді!
Г.САҚТАПОВА
19 ақпан 2025 ж. 181 0