Тамаша еді-ау "Тамаша"

Халық театрының режиссері болып жүрген Оңталап жылт еткен жаңалыққа құштар, жаңа нәрсені іздеп жүретін тынымсыз жігіт болатын. Өзіне тән тынымсыздықпен, ізденгіштікпен сол 80-жылдары сән болған республикалық «Тамаша» ойын-сауық отауының үлгісімен көк теңіз жағасындағы Аралда «Тамаша» атты әзіл-сықақ отауын құрған.
Бұл Аралдың «Тамашасы» туралы айту – бір ғанибет. Ғанибет дейтініміз, одан бұрын да, одан кейін де көрермендерін сүйсіндірген және олардың шексіз қолпаштауына ие болған өнер ұжымы бұл өңірде болған емес. «Тамаша» әзіл-сықақ отауы туған жерімізде талай-талай өз қойылымдарын аншлагпен қойып, жұрт көңілін жадыратқан. Аудан жұртшылығы жылдың әрбір мерекесінде бір-бірінен: «Тамаша» қашан болады?» деп сұрап жүретін. Айтпақшы, Оңталап керегесін керіп, шаңырағын тіктеген әзіл-сықақ отауының сол жылдардағы жетістіктеріне біздің де автор ретінде үлесіміз болған. Бізді таныстырған да осы аудандағы «Тамашаның» жәйі. Мен мектеп бітірген соң, Арал Май зауытында механик болып істеп жүргенмін. Жастайымнан қолыма қаламды серік етіп, әуелі газет-журналдарға өлең, әңгіме жазып жүрсем, кейін әзіл-сықақ жағына көше бастадым. Сол дүниелерімді оқып танысқан болуы керек, Оңталап бірде жұмыс жағыма әдейі іздеп келді.
Екеуіміз біраз әңгімелестік. «Тамашаның» әртістері ойнайтын күлкіге құрылған интермедия, пародиялар жазылу керек екен. Оңқаң менің қолымнан бұл жұмыс келетіндігін дәлелдеп кетті. Содан шығармашылық байланыстарымыз жалғасып жүре берді. Ұзамай мені де осы мәдениет Үйіне әдіскер етіп қабылдады.
Бірнеше жыл бойы «Тамашаның» Толыбай Абылаев, Дабыл Омаров сияқты авторлары қатарында скечтерімді үзбей жазып жүрдім. Кейін сол скечтерді әңгімеге айналдырып, жинақтарыма енгіздім.
Әңгіме Аралдың тамаша «Тамашасы» туралы ғой. Бұл «Тамашаның» әр шымылдығы әп деп «Япырмай» деген әзіл-сықақ өлеңнен басталатын. Айтатын Оңталаптың өзі мен Бағдат. Жергілікті жердегі түрлі кемшіліктерді, жетіспеушіліктерді өлтіре сынайтын. Содан да болар көптеген мекеме басшылары «Япырмайдың» қармағына ілініп қалмайық деп сақтанып жүретін. Бұл өлеңнің қазіргі тілмен айтқанда хит болғаны сондай – концертке келген көрермендер «Япырмайды» жаттап алып әндетіп отыратын.
«Тамашаның» әрін ашқан әрине, Оңталаптың өзінің әртістік дарыны және қасындағы талантты әріптестері Бағдат Әлжанов пен Мирон Бәйімбетов болатын. Бұл жігіттердің бойындағы барша қабілетін режиссер ретінде аша білді. Әсіресе Оңталап пен Бағдаттың «Ой, рақат-ай!» деп басталатын диалогтары жұрттың ішек-сілесін қатыратын. Ал қыз-қырқынның, кемпірдің рөлін шегіне жеткізе орындайтын Миронның орындаушылық әлемі өз алдына қызық дүние. Рөлге енетіндігі сондай, шынымен де оны әйел деп қалатын жұртшылық. Сондықтан да Миронға арнап жазылатын рөлдерді Оңталап бас болып, біз ой қосып жазып жүрдік. Миронға ер адамның рөлін берсе, «ойнай алмаймын» деп шоршып түседі.
«Тамашаның» тағы бір ерекшелігі – скечтердің арасында өңіріміздегі ең бір талантты жастарды тауып сахнаға шығаруы болатын. Бұл сахнаға бір рет шыққан әнші, күйші, термеші, бишілердің атағы сол күні-ақ дүрілдеп шыға келетін.
Әлі есімде, «Тамашаның» осындай концерттік музыкалық жағына кейін есімі елімізге белгілі болған өнерпаздар – Бекұзақ Тәңірбергенов, Рысбек Әшімов, Эльмира Жаңабергенова сияқты тұлғалар шыққан.
Әзіл-сықақ отауының әр қойылымы тек Арал ауданының сахналарында ғана қойылмай, мезгіл-мезгіл облыстың барша аудандарына, Ақтөбе облысының көрші аудандарына қойылып, жұртшылықты күлкіге қарық қылатын. Күлкі театрларының облыстық, республикалық конкурстарында жүлдегер атанып оралып жүрді. Бір қызығы, осы жергілікті жерге қойылған скечтерді елімізге танымал Ұлықпан Есеновтің атышулы "Тамашасы" өз репертуарларына алып, концерттерінде ойналып жүрді.
Аралдың «Тамашасы» – өміршең бағдарлама болды. Бірнеше буын әртістер алмасып, кейінгі толқын өнерпаздар Оңталап қалаған бағыттан айнымай еңбек етіп, туған жердің тұрғындарының көңіл-күйлерін көтеріп отырды. Сол кездегі жас талапкердің бірі Мәуе Қаленова: «Өнердегі ұстазым Оңталап ағай. Оның тәлім-тәрбиесімен сахнадағы бүкіл іс-қимылды, сахнада қалай жүру, сөйлеу керек екенін үйрендім. Өмірде күліп жүретін ағамыздың сахнада қойылымға қоятын қатаң талабы біздің бойымыздағы ұшқынды лаулатып жандырды. Ешкімнің көңіліне қарамай, тек мақсатты түрде жұмыс істеуі бізді шынықтыра түсті. Өзімізге тапсырылған рөлдерді алып шығуымызға жол көрсетті. Қазір де сол ағамыздың «Тамашасын» жалғастырып келеміз. Осындай ұстаздан үйренгенімді, білім алғанымды мақтаныш етемін» дейді. Ал белгілі әнші Сәнімгүлшат Өмірзақова: «Оңталап жаны жомарт, қамқор да аяулы аға. Ұжымда көтеріңкі көңіл сыйлап, жан-жағына күлкі витаминін сеуіп отырады. Ол ақын, сценарист, режиссер, мықты ұйымдастырушы. Ойының ұшқырлығы сондай - елдегі болып жатқан жаңалықтар мен халықтың мұң-мұқтажын қиысынын келтіріп насихаттап, жұртшылыққа рухани азық сыйлауда тапқырлығы басым. Бізді орындаушы ретінде тәрбиелеп қана қоймайды, шараны ұйымдастыруды, сценарийді жоспарлауды, бағдарламаны жүргізуді үйретті. Аудандық мәдениет Үйі жанындағы «Көңілашар», мәдени-үгіт бригадасының халықтық атақ алуында да оның үлесі бар. Осындай терең білімді, өмірден тоқығаны мол тұлғамен әріптес болғанымыз бізді шығармашылықпен жұмыс жасауға жетелеп отырды» дейді. Ауданға белгілі әнші, мәдениет саласының әдіскері Гүлбану Матығұлова: «Мен оның өмірдегі де өнердегі қарындасымын деп сезінемін. Осы кісінің жас кезімізде берген тәлім-тәрбиесінің арқасында 30 жылдан астам осы салада жұмыс істеп келемін. Облыстағы халық шығармашылығы орталығында да бірге қызметтес болдым. Әлі күнге дейін ақылдасып, ойласып тұрамын. Көп көмек берді. Қазір де сол кісіге ұқсап бағып, аудандық шараларда сценарий жазып, қойылымдар дайындап абырой биігінде келемін» деді.
Арал өнерінің қазанында қайнап, Сыр мәдениетінің бір тұлғасына айналып, есімі елімізге танымал болған, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Оңталап Нұрмахановтың өңіріміздің рухани, мәдени өмірінде салған дара даңғылын әлі титтей шаң баспай, әрқашан жарқырап көрінеді. Әңгімемізге арқау болған, «Тамаша еді-ау «Тамаша!» деп тамсандырған бір өнер ұжымының даңқы жұртшылық есінде әлі жүр. Ал, Оңталап театр, өнер, поэзия әлемінде өз жұлдыздарын теріп келеді.
Ерғали АБДУЛЛА