Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құрдымға кетіреді

Құмар ойын құрдымға кетіреді

Ойынханаға бір рет бас сұққан адамның құмар ойыннан бас тартуы тым қиын. Әлденеше жыл бұрын «Зенит», «Олимп», «Фортуна» секілді түрлі букмекерлік кеңселердің есігі келушілер үшін тарс жа­былса да, құмарлықтың құрбанына айналғандар онлайн ойынға кірі­сіп кетті. Ғаламтор арқылы логин ашып, қалтасындағы барын шашып, тақырға отырса да, лудомандардың саны азаяр емес.

Көпшілікті әбігерге салған дерт – лудомания. «Бір рет бәс тігіп көрейіннен» басталған құмарлықтың тарқауы расында да қиын. Психологтердің айтуын­ша, лудомания дертіне шал­дық­­қандарды құлантаза айық­тыру – тым қиын шаруа. Тіпті бұл дерт уақыт өте келе тұқым қуа­лау­шы­лыққа дейін апаруы ықтимал тәрізді.

«Ақиқатында бұл дертке шал­дыққандарды бірден емдеу оңай емес. Сарапшылар ойын дағ­дысы бір-бірімен үйлесетін ойын­құ­мар­лардың әлденеше санатын айқын­даған. Олардың қатарында невро­ти­калық, импульсивті және сим­п­то­матикалық форма жиі ұшы­расады. Дерекке сенсек, бұлар­дың ішіндегі ең қауіптісі – симп­то­­ма­ти­калық форма. Құмар ойын­ның құрығына ілінген адам өзін-өзі бақылауды жоғалтады. Қоғам үшін бұдан асқан қасірет жоқ. Олардың ойынға деген құмарлығы уақыт өткен сайын арта түседі. Бойындағы құмар­лықты жеңуі қиынға соғады», дейді психолог Жанар Байгутдинова.

Әлбетте, құмар ойынға аңсары ауғандардың дәл санын тап басып айту мүмкін емес. Өйткені қалта телефонын ұстаған кез келген адам ыңғайлы уақытта логин ашып, қалағанынша ойнай береді. Тіпті түні бойы кірпік қақпай, ойынның жетегінде кететіндер де жеткілікті. Құмар ойынға жіпсіз байланғандардың кейбірі дер кезінде тоқтап, ашқан парақшасын жойып жатса, кейде әлгілердің санатын жаңа ойыншылар толықтырып жатады. Әйтсе де, ресми дерек өткен жылы құмарпаздардың саны 400 мыңға жуықтады дегенді алға тартады. Әрине, бұл цифр жанға батады, жаға ұстатады.

Талай отбасының шырқын бұзған құмар ойындарға деген тәуелділік кімді де болсын, тол­ғандырмай қоймайды. Мем­лекет үшін ең бір өткір мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында құмар ойынға деген шектеуді күшейту қажеттігін атап өткені жадымызда. «Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», деген Президент сөзі жергілікті атқарушы билік өкілдеріне ой салғаны талас тудырмайды. Қазіргі кезде құзырлы орган қызметкерлері дәл осы құмар ойынмен күреске айрықша басым­дық беруінің бір сыры Президент тапсырмасымен сабақтасып жатса керек. Әлбетте, жауапты азаматтар ойын құрбандарын азайту мақсатында ауқымды жұмыс атқарып жатқаны даусыз.

Жалпы алғанда, заңсыз ойын бизнесімен күрес жұмысы өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр? Өңірдің қай аудандарында заңды белден басқандардың қарасы басым? Бұл ретте Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев қылмысты әшке­релеуде қандай жұмыс атқа­ры­лып жатқанын айтып берді.

«Департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесімен күресте тынымсыз еңбек етіп жатыр. Олар заңсыздықтың жолын кесуде жеделдік танытып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, былтыр біздің өкілдер Тараз бен Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін анықта­ды. Бұл дерекке қатыс­ты қылмыс­тық кодекстің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданды. Кейінгі 5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтады. 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл мәселе бо­йынша Тараз қаласы көш басында тұрса, 10 дерек анықталған Шу ауданы – екінші, 6 дерек тіркелген Қордай ауданы үшінші орында тұр», дейді Р.Сатыбалдиев.

Қалай десек те, құмар ойындардан келетін материалдық шығын аз емес. Ал мамандардың айтуынша, құмар ойынның құрбанына айналған адам ұдайы депрессияға түседі. Ақылынан адасатындар да аз емес. Бұл – өткір мәселенің бергі беті ғана.

Қоғам үшін ең ауыр қасірет – суицид. Өкініштісі сол, елімізде жыл сайын мыңдаған адам өз-өзіне қол салса, олардың едәуір бөлігін құмар ойынға тәуелді азаматтар құрайды екен. Бұл мәселе де қоғамды толғандырмай қоймаса керек. Расында да, статистика жан түршіктіреді. Құмар ойынға деген тәуелділікті жоюды әр адам өзінен бастамаса, мәселе ушыққан үстіне ушыға түсетіні анық.

Жамбыл облысы

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай
25 ақпан 2025 ж. 32 0