Майдангердің мұрагері

Әкесі Аймағанбет Қосбармақұлы 1940 жылы бұрынғы Октябрь, қазіргі Аққұм Шижаға ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған екен. 1942 жылы Отан қорғау жолында майданға аттанады. Қосбармақ атамыздан Қазмағанбет, Баймағамбет (Байша), Жалмағамбет, Аймағанбет туады. Аймағанбет Украина жерінде Байрак деген жерде жерленген. Аймағамбет соғысқа аттанғанда Зейнегүл қызы үш жаста, ал Зейнулла ұлы 40 күнге де толмаған екен. Не деген қиын кезең. Әкесі үміт күткен перзентті аймалап, мейірі қанып сүйе алмай кеткен қатаң тағдыр десеңізші.
Ұлы Отан соғысына Аралдан аттанған 12 мың азаматтан қаза болған 6 мың боздақтың есімі мәрмәр тақтаға қашалып жазылған. Сол тақтада және Шижаға елді мекенінде «Соғыста қаза тапқандар» тақтасында Аймағамбет Қосбармақұлының есімі жазылған.
Қай кезде де құдайдың бергеніне разы, тәубешілік, шүкіршілік ететін, қанағатшыл, жаратылысынан сабырлы жеңгеміз Алуа Өтеуліқызы болатын. Қазақта «Әйелдің жалғыз жетістігі бар. Ол – дақ түсірмеген ары» деген қасиетті сөзі бар. Сол айтқандай Алуа жеңгеміз арына дақ түсірмей, адалдықтың бұлағын лайламай, ерін пір тұтқан. Адал жарынан қалған қос құлыншағы Зейнегүл мен Зейнулланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, балапандай баптап, қатарынан кем қылмай ер жеткізеді.
Зейнегүл апа мен Алпамыс жездеден тараған ұлдары ұялтпаған, қыздары қызартпаған, бір-бір шаңырақтың отын жалғаған.
Ал Зейнулла тетелес інім болатын. Жастық дәуренді ауызбірлікте өткіздік. Мен білетін Зейнулла қоғамда өз орнын тапқан, көпшілік құрметіне, сеніміне ие болған.
Алла өзі сүйген құлына өзі береді. Көппен көл-көсір пейілі кісінің бағын ашып, көңіліне қанат бітіретіні анық. Ұлы ғұлама әл-Фараби «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады» деп айтқандай, ол мінез бен ақылды қатар ұстай білген адамгершілігі мол мінез иесі еді.
Ұзақ жылдар Арал балық комбинатында абыройлы еңбек етті. Ерен еңбегі ескерусіз қалмай, бірнеше марапаттың иегері атанды. Жазмыштан озмыш жоқ. «Алла пұлсыз береді, құнсыз алады» дегендей, Асқар Тоқтанов Ыдырыс Ноғайбаев қайтыс блғанда төгіле сөйлеген екен. Сол айтқандай Алланың ісіне шара болмаған соң, 2005 жылы мамырда науқастан өмірден өтті.
Зейнулла да жар таңдауда маңдайлы болды. 1961 жылы Сырдың шынарындай Күнқияшқа (ел арасында Қияш деп кеткенбіз) үйленіп, отау құрды. Алуа жеңгеміз өзінің өмірлік өнегесін келініне үйрете білді. Аналық мейірімін төге білді. Өнегелі дүлдүлдерден тәрбие көрген Қияш та ана сүтімен дарыған қасиеттерінің арқасында әулет алдында ұялтпай, көптің алдында қызартпай, көрегенді келін атанды.
Қияш Жамбылқызы Қазалы ауданындағы Лақалы жеті жылдық мектебін бітірген соң Қазалы ауылшаруашылық техникумының бухгалтерия факульетіне түсіп, 1960 жылы аяқтап шығады. Сөйтіп жолдамамен Арал балық комбинатының бухгалтерия бөліміне қызметке орналасады. Екі жылдан соң касса бөліміне ауысқан ол осында қызмет жасайтын жандардың, балықшылардың маңдай терімен тапқан табысынан шашау шығармай, 33 жыл абыроймен еңбек етеді. Халықтан алғыс алған Қияш 1994 жылы зейнетке шықты.
Қияшты сөйлетсек «Өмірді тулап-толқып, буырқанып жатқан теңізге теңесек, сол асау толқынның солқылдаған жағалауындай шаршаған сәтте адам баласы үшін жан тыныштығын табатын орын – отбасы екен. Шүкір, бақытты шаңырақ атанып, ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырмын. Бір қиналатыным тек Зейнулла солардың қызығын көре алмай, өмірден ерте кеткені» деп жанар жасын сығып алады.
Сөз жоқ, бірінші тәрбиешің де, өнегең де әкең мен анаң. Міне, осындай қос қайнардан, Зейнулла мен Қияштан мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйеніп өскен балаларының барлығы еліміздің тұғырын бекемдеп жүрген жанұялы, ауызбіршілігі жарасқан жаны жайсаң жандар.

Тұла бойы тұңғышы Роман Зейнуллаұлы ҚарМУ-дың тарих факультетінде, ал келіншегі Манап Қожахметқызы сол университеттің физика-математика факультетін бітіріп, екеуі қол ұстасып, жолдамамен Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы университетке оқытушы болып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті. Университет жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің директоры, сонымен қатар тарих және қоғамдық пәндер академиясының академигі атағын иеленді. Манап келініміз білгірлігінің арқасында ғылыми жұмыстардың авторы атанды. Қазір зейнет жасына келгенде Астанаға қоныс аударып, үлкен бизнес орталығын басқаруда. Балалары мен келіндері де жоғарғы білімді, өмірден орындарын тапқан жандар.
Ал Русланы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университте шаруашылық жөніндегі ректордың орынбасары, жоғары білімді инженер. Ал келіншегі Қаламқас сол университетте дәріс береді. Ұзақ жылдар бойы ғылым ізіне түскен ұстаз-ана. Балалары да білімді маман, білікті дәрігер, озат оқушы.
Ал Нұрланы теміржолшы. Оның бойынан табылатын қасиеттерді көптен кездестіре бермейміз. Әулеттің үлкендеріне барып, әркез сәлем беріп тұратын мұндай азаматтарды қазақылықтың қайнар бұлағы деуге әбден саяды. Келіншегі Жеңіскүл де ибалы, көрегенді келін. Бүгінде техникалық қызметкер болып адал еңбек етеді. Ал балалары білім саласында қызмет атқаруда.
Ролан Зейнуллаұлы киелі шаңырақтың өнегелі жолын жалғастырушы. Қоғам мен ағайын арасында айтары бар азамат. №220 мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі болса, келіні Жадыра Ағадинқызы отбасының көңілін жадыратып отырған тәрбиелі келіндеріміздің бірі. Ұзақ жылдар бойы №62 мектеп-лицейінің оқу-тәрбие жұмысының аудан көлемінде алдыңғы қатарда болуына аянбай қызмет етуде. Оны осы мектептің 30 жыл бойы ата-аналар комитетінің төрағасы болған соң анық білемін. Ал балалары мен келіні де киелі шаңырақтың келісті жолын жалғап келеді.
Қыздың жолы бөлек қой. Төрт ағасына еркелеп өскен Мейрамкүл бүгінде Алматыдай алып шаһарда жоғары білімді маман ретінде Алматы құс өсіру мекемесінде еңбек етіп келеді. Ал жолдасы Айбек темір өңдейтін зауытта білікті инженер. Олар да білімді ұрпақ өсіріп отыр.
«Құс өліп, балапаны қалса қияғы қалады, ат өліп, құлыны қалса тұяғы қалады, атасы өліп, баласы қалса мұраты қалады» демейді ме?! Аймағамбет атадан, Зейнулла әкесінен тараған ұрпақ қазірде ата, әке мұратын жалғастырып жүр.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері