РЕИНКАРНАЦИЯ: ШЫНДЫҚ ПЕН ШЫРҒАЛАҢ

– Еркiн дүние-ай, ен далам,ерен далам,
Мына ғалам шынымен бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз. Мәңгi өмiр керек маған.
"Дүние – жалған" дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем, – деп басталатын ақын Есенғали Раушановтың өлеңінің соңындағы...
Қартайдым деп, жастықтан жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi сыбап, күндеп...
Кетiп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң. Бiрақ кiм боп? – дейтін жолдары сіздерге ой салмайды ма?
Расында ойландырады. Тіршіліктің түсініксіз тұсы жайындағы осы бір ойымызды нақтылауға тырыссақ, алдымыздан тағы бір шытырман шыға келеді. Сол секілді сіз адам айтса сенгісіз мына бір деректі естідіңіз бе? Бәлкім сенерсіз, мүмкін жалған дерсіз. Өткен ғасырдың басында, яғни қоғамның дамуы қарқынды белең алған уақытта, нақтырақ 1926-1987 жылдар аралығында өмір сүрген үндістандық Шанти Деви туралы әңгіме баршамызды ойландыруы мүмкін. Себебі бұл оқиғада қайта туудың зерттелген жағдайлары жайлы айтылады. Және бірінші өмірі туралы естелік жадында толықтай сақталып қалған.
Шанти Үндістанның Дели қаласында жергілікті шенеуніктер отбасында дүниеге келген. Ол 3 жасқа толғанда, "күйеуім, балаларым бар" деп айта бастайды. Алғашында ата-анасы бұған мән бермейді. Олар мұны баланың қиялы деп есептейді. Бірақ арадан 2 жыл өткенде кішкентай қыз өзінің басқа отбасы болғанын және аты Шанти Деви емес екенін, оның Кадир деген күйеуі барын, басқа қалада тұрғанын, өткен өмірін керемет түрде баяндап, өзі тұрған көшені нақты суреттейді. Ол Шанти Деви болып дүниеге келерден бір жыл бұрын, 1925 жылы босану кезінде қайтыс болғанын да айтады.
Содан кейін қыздың ата-анасы Кадир есімді адамның көрсетілген мекенжайда тұратынын тексеруге шешім қабылдайды. Шанти сипаттаған барлық деректер адам сенгісіз шындыққа сәйкес келген. Сонда бұл не? Мұны ғылыми тілде "реинкарнация" деп атайды.
Жанның ауысуы жалған ба?
Бала кезден естіп өскен түрлі әңгімелер мен ертегілер ұмытыла қоймады. Әсіресе адамның өзге хайуанның кейіпіне енуі жайлы көптеген ертегі бізді қиялдың қиян шегіне жетектеп кетеді. Осы бір құбылыс бүгін біз айтқалы отырған реинкарнацияға сәйкес келетіндей. Алайда ол жайында дау көп. Оны бір топ жоққа шығарса, екінші топ растайды. Ежелгі заманнан бері жан туралы діни, мифологиялық, және философиялық түрлі түсініктер қалыптасқан. Жанның көшуі, жанның ауысуы, жанның пайда болуы мен өзгеруі туралы мифтер көптеген халықтың мәдениетінде сақталған. Бұл түсініктер кейінгі діндердің жан туралы түсінігіне арқау болған.
Жалпы бұл терминнің баламасы латын тілінде жанның трансмиграциясы деген ұғымды білдіреді. Оны ғылым тілінде кейде метемпсихоз дейді де екен. Жанның көшуі деген мағына беретін осы атау тірі жанның өлмейтін рухы бір денеден екінші денеге қайта-қайта көшедіге санайды.
Сондай-ақ бірқатар дәстүрлер реинкарнациялардың белгілі бір мақсатты көздейтінін және онда жан эволюцияға ұшырайтындығын айтады. Жанның трансмиграциясы идеясы тек діни жүйелерге ғана тән емес. Жандардың трансмиграциясына сену ежелгі құбылыс. Этнограф С.Токаревтің пікірінше, бейнелеудің алғашқы түрі тотемизммен байланысты. Кейбір халықтар (эскимостар, солтүстік америкалық үндістер, еврейлер) атасының рухы балаға, немереге немесе сол тектегі басқа өкілдің денесіне ауысады деп санайды. Реинкарнация туралы ілім индуизм, буддизм, джайнизм және сикхизм үшін ортақ құбылыс. Жанның трансмиграциясы идеясын Пифагор, Сократ және Платон сияқты ежелгі грек философтары да айтты.
Ал дінде реинкарнацияға көзқарас қалай? Бұл сұраққа келгенде де жалпы қайшылықтан құтылып кете алмаймыз. Мәселен заманауи пұтқа табынушылық дәстүрлері, сонымен қатар спиритизм, кейбір африкалық дәстүрлердің ізбасарлары және Каббала, гностицизм мен христиан сияқты эзотерикалық философия ұстанушылары реинкарнацияға сенсе, ислам діні құптамайды. Жанның көшуін арабша "танасух" деп атайды. Араб тілінде жанның адамнан адамға өтуін "нәсх", өзіне лайық жануардың денесіне өтуін "мәсх", өсімдік пен ағаштарға енуін "рәсх", кендерге түсуін "фәсх" деп атайды.
Рейнкарнация, яғни өлген соң қайта тірілу – дәстүрлі діндердің бәрінде бар. Дегенмен, иудей, христиан және ислам діндерінде бұл құбылыс толық деңгейде көрінбеген, буддизм мен индуизмде ғана рейнкарнация жан-жақты және толық түсіндіріледі.
Түсінік тереңдігі
Тоқтала кетейік, танасух сенімін ең ежелгі қауымдар арасынан да ұшырастыруға болады. Бірақ сенім, ұлттық мәдениет, салт‑дәстүр тұрғысынан өзіндік өзгешеліктері байқалады. Танасух турасында мәңгілік құштарлыққа арбалған гангалық пен мысырлықтың арасында едәуір айырмашылық бар. Әсіресе, гректің элленистикалық философиясында мүлде басқаша сипатта түрлене түседі.
Реинкарнацияға деген иланым оккультизм кең тараған бүгінгі таңда да жоқ емес. Қазіргі уақытта жанның ауысатынын сенім жүйесіне негіздеп түсіндіретін секталар да бар. Әсіресе, ақсүйек топтар арасында өздерін материалистік түсінік қанағаттандыра алмағандықтан осындай оқиғаларға жүгінетіндер көп. Тіпті бірнеше адамның басы қосылса болды әңгіме төркіні дереу әруақтың көрінуі, кеңес бергені, физика заңдылықтарына антифизиканың әсері, тіпті, кейбір әруақтардың ескерту жасағаны мен жол сілтегені яки адастырғаны сынды тақырыптарға ойысады.
Кей кісілер бұл сенімінің түбірі сонау ежелгі дәуірлерге барып тірелетіндігін алға тартады. Бұған бірқатар тарихи аңыздарды негіз етіп, Геродот келтірген хикаяларға бұлжымас шындық ретінде қарауда. Тіпті Овидийдің шығармаларындағы аңыз-әңгімелерді дәлел ретінде көрсетуге тырысады.
Мынаны қарайықшы. Анапа қаласының алтыншы сынып оқушысы Наташа Бекетова математика сабағында есінен танып қалады. Мектептегі фельдшерлік пунктте есін жиып, кенеттен айналасындағыларға 120 шетелдік және көбіне ескі, ежелгі тілдерде сөйлей бастаған. Ал орыс тілін мүлдем ұмытып, оны кейін қайтадан үйренеді. Жағдайды зерттеген мамандар күйзеліске байланысты қыздың өткен өмірі туралы естеліктері оянып, оның қайта туу циклінде 500 жыл өмір сүргенін анықтады. Наташа орта мектепті бітіргеннен кейін университеттің аударма бөліміне оңай түскен. Осы тұстағы 500 жылдық меже тым ескі уақытқа тартып тұратындай.
Осындай ойдың қалыптасуында жалпыәлемдік рух түсінігінің әсері болған ба? Рухтың кірігуі мен астасып кете баруындағы ара қатынас қаншалықты?
Реинкарнация түсінігінің қалыптасуында осы екі қате пікірдің ролі болмаған деп нақты кесіп айту қиын. Тіпті, ағылшын эволюционисті Тэйлор реинкарнацияны әрбір жекелеген жанның мәңгілік екендігі түсінігімен байланыстырып қарайды.
Бұл түсінік бойынша ғасырлар бойы аталарына балалары мен немерелерінің бет-пішіні, бойы-басы ұқсауын да реинкарнациямен түсіндіруге тырысқан. Бүгінгі таңда ғана оның генетика заңына бағынатындығы анықталып отыр.
Әуелде реинкарнация түсінігінің Ніл өзені жағасында пайда болғандығы айтылады. Ол мумиялардан, талай сырды ішіне бүгіп тұрған алып пирамидалардың құрылысынан сезілетін секілді. Египеттен Үндістанға, ол жерден ежелгі Грецияға тараған бұл көзқарас бір жағы философтардың сиқырлы сөз бояуына елітіп, бір жағы Ганга мен Инда өзендері аңғарында мекендейтін жұртшылықтың мәңгілікке құштар көңіліне жұбаныш болған тәрізді.
Бұл пікір Каббалистер арқылы кейінгі діндерге де өткен, тіпті кәламшылар қанша қарсы тұрғанына қарамастан кейбір сопыларға да жұққан. Реинкарна-цияға сенгендердің әрбірі түрлі дәйексіз дәлелдерді алға тартып отырған. Айталық, Каббалистер Тәураттағы Ниобтың тасқа, Лұт пайғамбардың әйелінің мүсінге айналуын және де кейінгі кезеңдерде еврейлердің кейбірінің маймылға, ал, кейбірінің доңызға айналуын дәлел етіп көрсеткен. Кейбіреулер жан‑жануарлардағы түйсік пен өсімдік әлеміндегі таңғажайып жүйе мен үйлесімдікті, ағашқа яки жан‑жануарға айналған адамдардың жаны басқарады деп ойлаған, барлық нәрсенің жаны, иесі бар деп түсінген.
Жаңсақтық жаңғырығы
Бұл жаңсақ пікірдің жансыз заттар мен өсімдіктер әлеміне қатыстылығын былай қойғанда, адамдарға қатысты жағының өзі қаншалықты негізсіз екендігі сәл-пәл ой жіберген адамға тайға таңба басқандай анық көрінеді. Жансыз заттар мен өсімдіктер үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, о баста тағдыр бекітілгені күмәнсіз. Сондықтан олардағы белгілі бір жүйе мен үйлесімдіктің себебін араларында бұрыннан өмір сүріп келе жатқан тәжірибелі рухтардан іздеу күлкілі һәм негізсіз. Мәселен, ағаш немесе шөптердің өсімдікке тән тіршілігі бары рас, бірақ ол жамандыққа салынған я ізгілікке бет алған кісінің, болмаса адам болуға бет түзеген рухтың белгісі емес. Өсімдікте оны басқаратын тәжірибелі бір адамның рухы бар екендігі, адамның бұрын өсімдік яки жануар болып өмір сүргендігі жайлы дерек ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Алайда, бұл пікірді жақтаушылар әлгіндей негізсіз «дәлелдерге» сүйенеді. Әсілі, бір-екі есінен ауысқан адамның айтқан сандырағы болмаса, бұған келтірілген басқа дәлел естіген емеспіз.
Реинкарнация – өлген адамдардың рухы басқа денелерге ауысатынын білдірсе, бұл жерде қай рух, қай денеге кірген? Шамасы, күнәға батқан қоғамның рухы бірден алынып, кейінгі ұрпаққа сабақ болу үшін денелері қара тасқа айналдырылған шығар.
Египет, Греция және Ганга бойындағы реинкарнация иланымы ақыретке деген сенімнің бұрмалануынан, пенделердің мәңгілік өмір сүруге деген құштарлығынан барып туындаған. Атонға сенген Египетте де, пифагорлық білімді ұстанған Грецияда да мұндай сенім болмаған. Атон бойынша, адам жер бетіндегі өмірін тәмәмдаған соң көкте жаңа бір өмір бастайды. Яғни, адам өлісімен дереу «үлкен сотқа» бару үшін көкке көтеріліп, Осиристің құзырына кіреді.
P/S. Иә, жанымыз қанша қонса да өзіміз өмірді жалғыз рет сүретініміз белгілі. Алладан аманат етілген шыбын жанның қадірі қанымызда тұрғанда «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастық шақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» дегендей өзге өмірді армандамай өз өмірімізді келісті өрнектей білейік.
Оңталап ЖОЛДАСОВ