Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігерлі жастардың жарысы

Жігерлі жастардың жарысы

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Арал индустриалды-техникалық колледжінде «Junior Skills» чемпионаты өтті. Мектеп оқушыларына кәсіптер әлемін ашудың, қазіргі заманғы және болашақ кәсіби дағдыларын осы бастан қалыптастыруға мүмкіндігі берген жарыс білім алушыларының мамандық таңдауына  қызығушылығын арттыру және қолдау білдіру, ерекше дарынды, сондай-ақ интеллектуалды қабілеті жоғары, теориялық және практикалық дағдыларды меңгерген өз ісінің шеберлерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Тартысты чемпионат «ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» сынды екі бағытта өтті. Алғашқы бағыт бойынша сынға түскендер арасынан №292 орта мектебінің оқушысы Жұбаныш Алтынбекұлы оқ бойы оза шауып І дәрежелі дипломды еншілесе, ІІ дәрежелі диплом Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің оқушысы Саят Ердәулетке, ІІІ дәрежелі диплом Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының оқушысы Дамир Дауэнге бұйырды.
Сынға түскен жастар жайында осы құзыреттілік бойынша сарапшы болған колледждің арнайы пән оқытушысы Талғат Ермағамбетов:
– Еліміздің болашағы осы жастардың қолында. Бүгінгі чемпионатта егемен еліміздің болашағы жарқын болатынына анық көз жеткіздім. Қазірдің өзінде қызығушылығы, талабы бар осындай оқушыларды баптап, додаға қосқан жетекшілеріне рахмет айтқым келеді, – деп өз ойын ашық жеткізді.
Ал «тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» құзыреттілігі бойынша  сайысқа түскен қыз балалардың да болашақта осы кәсіпке бейімділігін байқау қиынға түспеді. Есесіне шын жүйрікті анықтау сапаршыларға оңай болмағанын атап айтқан жөн. Алайда қазылардың шешімімен І дәрежелі диплом тағы да №292 орта мектебінің оқушысы Әмина Мейрамованың қанжығасында кетсе, Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің оқушысы Ақнұр Жылқышиева ІІ дәрежелі, Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының оқушысы Жанерке Жеткергенова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Иә, білімді, қызығушылығы бар жастардың чемпионаттан алған дағдылары келешекте биік белестерге бастайтынына біздің де сеніміміз мол.
Жанна ҚЫРҚАБАҚОВА
24 мамыр 2025 ж. 53 0