Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы шегіртке шеруі

Аралдағы шегіртке шеруі

Жуырда ғана Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инс­пекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы семинар-кеңес өткізіп, облыс, аудан әкімдіктері өкілдері қатысқан жиында биыл шегіртке шеруі жылдағыдан ерте басталуы мүмкін екендігі айтылған еді.

Мердігер мекеме өкілдері де әдетте араға уақыт салып жандана бастайтын зиянкес түр­лерінің бір мезгілде «оянып» алғанынан қауіп күтетінін жа­сырмаған. Апта айналмай жатып айтқандары айнымай келді. Арал ауданындағы Қарақұм ауылындағы шегіртке шеруі әлеу­меттік желіні кезіп кетті. Бей­нежазбадағы кадрлардан зиян­кестің біраз аумақты жайлап алғаны анық байқалып тұр.

Оқиғаға байланысты алғаш­қы болып облыстық ауыл ша­руашылығы және жер қаты­нас­тары басқармасы хабар таратты. Басқарманың мәліметінше, Қарақұм ауылдық округіндегі Көкаша елді мекенінде зиянкестер тұрғын үйлер ауласын емін-еркін жайлап алған. Бар-жоғы 4 үйден тұратын елді мекен толық бақыланып, қажетті шаралар қолға алынған. Қалған ауылдық округ орталықтарын­да зиянкестердің дәл мұнша еркінсуі байқалған жоқ.

Басқарма дерегінше, аудан аумағында шегірткелер сәуір айы­ның соңында біліне бас­­­­тап­ты. Әуелгіде Қарақұм ауыл­­­дық округіне қарасты Ай­дар­­­лы шоқалақ, Ізбанқұмы, Төрт­­­қ­ара өңірлерінде, сон­дай-ақ Саз­ды ауылдық округін­дегі Бей­­­сембай құмы, Тазша­төбе, Ескене өңірлерінде ита­лия­лық прус дернәсілдері көзге түс­кен екен. Сәл кейін Ақ­құм окру­гіндегі Теңізбай құмы мен Айт­жантабаннан, 15 ма­мырда Қосаман мен Жіңіш­кеқұм ауыл­дық округтерінен де зиянкес­тер белсенділігі байқалған. Осы­ған байланысты көктемгі-жаз­ғы маусымға ар­налған мони­то­ринг жұмыстары шұғыл бас­талып, қазір 145,6 мың гектарға жос­парланған аумақтың 5,7 мың гектары зерттелді. Нақ­ты өң­деу аумақтары белгіленіп, тех­никалар жеткізілді. Аққұм, Қара­құм, Жіңішкеқұм, Қосаман ауыл­дық округтеріне 5 жер ­агре­гаты, Қарақұмда 2 аса жеңіл ұшақ, Саздыда 3 дрон көме­гі­мен химиялық өңдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Осы кү­нге дейін 7 742 гектар аумақта химия­лық өңдеу жұмыстары жасалды.

Мамырдың 24-нен бастап ­мер­дігер тарапынан тағы 1 ­«АН-2» әуе көлігі қосылып, күрделі ре­льефті өңірлерді улауға кірісіп кетті. Бұдан бөлек, Шижағада 2 жер агрегаты мен 5 РАНС аппараты, Тоқабайда 1 жер агрегаты мен 2 дрон, Қосаманда 1 жер агрегаты мен 1 РАНС, Қара­құм­да 7 жер агрегаты, 2 дельтаплан, 23 РАНС аппараты бар.

Жолындағысын жайпап өте­тін зиянкестер Аралқұм, Сапақ, Жіңішкеқұм, Бекбауыл ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтары аумағы мен мемлекеттік жер қорлары­на да залал келтіріп үлгеріпті. Осыған байланысты Сапақ ауыл­дық округінің Көктем елді мекеніндегі шаруа қожалығы­ның 157 гектар жері арнайы техникамен өңделді.

Жалпы, облыс бойынша был­тырғы жаз бен күздегі зерттеу жұ­мыстарының нәтижесін­де биыл 115,4 мың гектарға фи­то­са­нитарлық шаралар жүргізу жос­­­парланған. Оның ішінде ита­лия­лық прусқа қарсы 24,7 мың га, азиялық шегірткенің таралуын болдырмау үшін 35,3 мың га, саяқ шегірткенің жолын кесу үшін 55,4 мың га өңделуі керек. Қазір италиялық прус дернәсілдері алғаш байқалған Арал ауданында жоспарланған 513,9 мың га аумақтың 164,8 мың гектары зерттелді. Оның ішінде экономикалық зиянды шегінен асқан 14,7 мың гектардың жартысынан астамы өңделді.

Облыстың оңтүстік өңір­ле­рінде саяқ шегірткеге қарсы хи­миялық өңдеу жұмыстары бас­талып кетті. Тиісті сала өкілдері өңдеу жұмыстарының бары­­сын жіті қадағалап отыр. Аудан, ауыл әкімдіктеріне мердігер ком­­­пания­лар жұмысына жағдай жасап, жан-жақты көмек көрсету тап­сырылды.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ​egemen.kz​​​

29 мамыр 2025 ж. 43 0