Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлері санаулы, қыздары қынулы...

Ерлері санаулы, қыздары қынулы...

(Хирургия бөліміне хат)
Жақында аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатып шықтым. Дәрігер, медбикелердің қызметін көрдім. Әуелгіде таң қалғаным рас. Зал тым-тырыс. Медбикелер мен тазалықшылардың жүріс-тұрысы білінбейді. Сырқаттар да емін алып, ұйқыда жатқандай...
Отыз бес төсек орынды бөлімшеде үш ер дәрігер, өзгелері медбике және тазалықшы қыз-келіншектер екен. Ертелік бас хирург Әмірхан Жүсіпов көрінді. Сол-ақ екен жұмыс қайнап жүре берді. Қан қысымды өлшеп, медбикелерге тәртібін көрді. Содан кейін күн ұзаққа көрінбеді.
– Бас хирург қайда? «Түске дейін операцияда, түстен кейін теміржолға таяу емханада адамдарды қабылдайды» деген жауап алдым.
– Демек бүгін келмейді десеңші?
– Жоқ, неге, келеді. Кейде түн ортасына дейін болады.
Айтқандай-ақ Әмірхан кешкі сағат 19:00 шамасында оралды. Содан біз ұйқыға кеткенше дауысы естілді. Сонда бұл қызметте 43 жылдық өтілі бар еңбекқор Әмірханның қай кезде демалатының пайымдай алмадым.
***
Бас медбике Гүлназ Сарбөпеева демалыста екен. Уақытша орнындағы медбике Жұмагүл Жолшарақызы медициналық коллежді 2009 жылы бітіріп, Бекбауылда, Қазалыдағы инфекция ауруханасында практикадан өтіп, 2012 жылдан бері осындағы күндізгі аяжан болып қызмет атқарады екен.
– Аяжандардан кімдердің есімін атар едіңіз?
– Бәрі де жақсы.
– Бәрі де жақсы дегенмен аға аяжан Шолпан Ахметова, аяжандар Гүлсара Ешниязова, Гүлнәр Ержанова, Кенже Мамытов, Жұмагүл осы болар? Бәрін айтайын та, өзгесі өкпелеп жүрер, ата!
– Жоқ, өкпелемейді.
***
– Шаруашылық жағын 2014 жылдан бері басқарып келемін, – дейді Гүлнұр Байтұрсынова сұхбатында, – мұнда 13 тазалықшы бар, күнделікті тексереміз, сырқаттардың талап-тілектеріне құлақ түреміз, айтқандарын мүлтіксіз орындаймыз. Оның бәрі қолдан келетін жұмыс. Біздің міндет – палаталарды таза ұстау. Тәжірибелі тазалықшылардан Бейбігүл Әйтешова, Лиза Пірекешова, Бағила Алниязова, Жадыра Әбдірейова, аспазшы Әлмира Сүлейменованы да қосып айта берейін, ата!
– Жоқ, осылар да жетер, қарағым.
ЛЕБІЗДЕР
Сырқаттармен сөйлесіп, сыр тарттым. Алдамұрат Танымбетов Сазды ауылынан келіпті. Отыз жылдай мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған. Ауырып емделіп жүріп, Қызылордаға барып та көрініпті.
– Айналып жүріп осы хирургия бөліміне түстім. Мұнда барлық анализ алынып, соқыр ішек деп диогноз қойылып лазермен ота жасалды.
– Отаны кім жасады?
– Әмірхан Жүсіпов. Оған мың алғыс. Қазір жақсымын. Жақында шығамын.
***
Ақмарал Шораева Қосжардан келген. Қолына жара шыққан. Әмірхан ота жасапты. Өзі ауылдық округте статист екен. «УЗИ, МРТ аппараттары бізде де болса, кәні!» деп армандайды. Пікірі дұрыс, әрине, оның қаржыға байланысты екенін айттым.
***
Сансызбай Оразбаев осы қаланың тұрғыны. Оң қолы ісіп, іріңдеген. Хирург Ойарыс ота жасаған. «Қолы жеңіл екен, айығып келемін» деп күлді ол. Медбике мен тазалықшылардың қызметіне де разылық білдірді.
***
Хирург Ойарыс Маратұлымен де кездесудің сәті түсті. Ол медициналық институтты 2014 жылы тамамдап, Жалағаш ауданына келеді. Онда Мұрат Оспановтың басшылығымен ота жасайды. «Одан кейін Аралға ауысып, әуелі «Камаз» машинасымен ауыл-ауылды аралап ота жасадым. Кейін 2018 жылы қалаға, хирургия бөліміне хирург болдым. Одан бері де 7 жылдай уақыт өтті. Әмірхан аға, хирург-уролог, мен хирург, Әділет Изатов эндоскопист».
***
Кіммен кездессең де осындай жақсы пікір. Әрине, клиент ретінде мен де қуандым, шаттандым. Айтпақшы, бірінші дәрежелі узи дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, екі бірдей төсбелгісінің иегері Зәмзәгүл Бекарыстановамен жолығып, сұхбат алдым. Оның бас хирург Әмірханның жұбайы екенің біліп, «қос аққудай келеді қатар жүзіп» деп мінездедім. Мұнымды оқырмандар теріс демес.
***
Хирургия бөлімінің жалпы медиктерін 6 маусым – медиктер күнімен құттықтаймын. Отбастарына амандық, береке-бірлік, өздеріне қызметте аброй, биік біліктілік тілеймін.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ

Фото: автордан
14 маусым 2025 ж. 50 0