Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тігінмен өрілген тіршілік

Тігінмен өрілген тіршілік

«Қазір елімізге ең алдымен, жұмысшы мамандар керек. Сондықтан мемлекет жастарды сол мамандықтарға оқытып, отандық өндірісті дамытуға баса мән береді. Еңбек адамына құрмет – жай ұран емес. Бұл – мемлекет саясатының нақты бағыты».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Шешім – Ел Президентінің еңбек адамына деген құрметінің, қарапайым жұмысшының қоғамдағы рөлін айшықтауға бағытталған тарихи көрінісі. Өйткені өркениетті елдің іргесі адал еңбекке сүйеніп қаланады. Ал еліміздің өндірісі мен шаруашылығы, ауыл мен қала тіршілігі, міне, осы жұмысшы мамандық иелерінің мойнында.
Бүгінде дәнекерлеуші мен электрик, сантехник пен тігінші, тас қалаушы мен шебер – барлығының еңбегі еленіп, мәртебесі қайта оралып келеді. Бұрын «қара жұмыс» деп қарабайыр ұғыммен тұмшаланып келген салалар енді «кәсіптің иесі – табыстың иесі» екенін дәлелдеп отыр. Осы тұста елімізде өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар көбейіп келе жатқаны қуантады. Солардың бірі – Қайрат Сейтманбетов пен Аманкүл Қожабергенованың отбасы.
Ақиқатқа айналған арман
Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген Қайрат мырза мен Аманкүл ханым осыдан 10 жыл бұрын Арал қаласына қоныс аударды. Қалаға көшіп келген жас отбасының жүрегі үмітке толы еді. Олар алдымен жалдамалы пәтерлерде тұрады. Тұрақты жұмысы болмайды. Сондықтан уақыт өте келе жеке кәсіп бастауды жөн көреді.
Аманкүл Қожабергенованың тігінге деген ынтасы мен таланты осы кезде ерекше білінді. Жастайынан ине-жіпті серік еткен жан үйінде отырып-ақ перде тіге бастайды. «Жасап көрейінші» деген алғашқы талпыныс бара-бара тапсырыстарға ұласты. Жолдасы да жұбайының қасында жүріп, бірге жұмыс істеп, тірлікті дөңгелете бастайды.
2017 жылы ерлі-зайыптылар орталық базардан шағын бутик жалға алып, кәсібін ресми түрде жүргізуге көшті. Күн сайын келушілер қатары көбейіп, перде мен жалюзи тіккізушілер саны артты. Сапалы қызмет пен таза өнім – жұрттың сеніміне ие болуға себеп болды.
– Перде – үйдің шапаны іспеттес. Ол таза, сәнді, ұзақ мерзімге төзімді болуы керек. Біз сапаға мән береміз. Бастысы – тапсырысты уақытында беру, тұтынушының көңілінен шығу, – дейді Аманкүл Қожабергенова кәсібі жөнінде.
Еңбекті қадірлеген отбасы
Бүгінде отбасы тек перде тігумен шектелмейді. Жалюзи, перде, ысырмалы сетка есіктер орнату, кеңес беру, үйлестіру және орнату секілді бірнеше қызмет түрін қатар атқарады. Аралдағы көптеген тұрғын үйлер мен кеңселер – олардың қолтаңбасы қалған орындар. Іскерлік пен ұқыптылық, жауапкершілік пен сенімділік – кәсіптің берік іргетасына айналған.
– Еңбектің ешқашан ұялатыны жоқ. Бізге біреу ақша құйып, бизнес ашып берген жоқ. Таза өз маңдай терімізбен келдік. Еңбектің дәмі бөлек. Қиындығын да, қуанышын да бірге көріп келеміз, – дейді Қайрат мырза.
Отбасылық жұптың басты арманы – кәсібін үлкейту. Мақсаттарына қиялмен емес, күнделікті әрекетпен, нақты жоспармен беттеп келеді.
– Әр адам өз ісінің маманы болса, мемлекет те алға басады. Біз еңбекке сүйенген елміз ғой. Жас ұрпақ «ақша оңай келеді» деп емес, «еңбекпен келеді» деп өсуі керек. Біз де балаларымызға соны үйретіп келеміз, – деп түйіндеді Аманкүл ханым.
Адал еңбегімен нан тауып жүрген отбасының өмірі – еңбекке деген құрмет пен табандылықтың, сенім мен үміттің көркем үлгісі. Сейтманбетовтер отбасы – еңбек еткен ердің еңсесі биік болатынын дәлелдеген жандар.
Г.САҚТАПОВА
15 маусым 2025 ж. 126 0