ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ ҚАУЫМ

Бәрі аяқ-асты басталады екен ғой. Күтпеген жерден бұрында да бар қан қысымым жоғарылап, жедел-жәрдем шақыруға тура келді. Аты айтып тұрғандай, бұл қызметтің шапшаңдығына кәдімгідей ішім жылыды. Ақ халатты абзал жандар алғашқы көмектерін көрсетіп, ауруханаға апару қажеттігін тәптіштеп айтып жатыр. Мен де бас шұлғудан өзге ләж жоқ. Сонымен қабылдау бөлімінде кезекші дәрігер қарауына алды. Дертті кісінің ойына не болса сол оралады. «Арал аудандық көп-бейінді орталық ауруханасы» іргесі қалана бастағанда кәсіби міндет аясында құрыш қолды құрылысшылармен емен-жарқын әңгімелесіп, патша көңілді оқырмандарға сүйіншілегенім бар-ды. Аталған мақала үстіміздегі жылы 95 жылдығы аталып өтілетін «Толқын» газетінің сарғайған беттерінде өткен күннен сыр шертіп ,«газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» екенін дәлелдеп тұр. Міне, аумағы атшаптырым алаңды алып жатқан ауруханаға дертке дауа іздеп келіп тұрмын. Одан бері де қаншама өзен ағып өткен. Талай тас мүжілген. Ғимарат заманауи үлгіде бой көтеріп, бүгінгі таңда халықтың шипа іздейтін бірден-бір орнына айналған. Нысан айналасы жасыл- желекпен көмкеріліп, алма шие ағаштары тамыр жайған. Кіреберіс тұсқа ана мен бала мүсіні қойылған. Ананы тіршіліктің символы, ал баланы өмірдің жалғасы деп түйдім. Ізе-шала невропатолог дәрігер – Нұржігіт Сералиев карауына алып, денсаулығымда нендей кінарат бар екенін тексеруді бастап кетті. Аурухананың ба, дәрігердің бе пірі болатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Күн шықса, түн бататын жүйрік уақыт емес пе? Әне-міне дегенше өзіме-өзім келіп, палата төсегіне таңылған науқастармен жай сұрасып жатырмын. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» демекші бәрі дерлік бірінші Алла, сосын, дәрігерлер қауымына алғысын айтады. Бірі су тереңінен су маржанын сүзген, енді бірі ас атасына баланған нан шығарған, тағы бірі ағаштан түйін түйген екен. Қан қысымы жас талғамайтын көрінеді. Соңғы кезеңдерде бұл ауру арта түскені қынжылтады. Оның себеп-салдары неден екені қайдам, әйтеуір осы аурудың қармағына іліккендер қатары сәт сайын көбейген. Біреулер осының бәрі қоғамның бүгінгі бейнесі деп әспеттейді. Ішіп-жем баяғыдай емес .Оның үстіне әлеуметтік мәселелер, күйзеліс, ай сайын алқымынан алатын несие, бәрі-бәрі қан қысымын көтеріліп, инфаркт деген пәлекеттің жүрекке ұялауына әкеліп соқтырып жатқан жоқ па? Бұл – тек әшейін оңашадағы оқшау ой. Жә,бірін айтып, біріне кетті демеңіз. Негізгі тақырыпқа ойыссақ. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын ауруханадан кардиология, инсульт бөлімдері ашылды. Бөлімше меңгерушісі Нұржігіт Сералиевке қым-қуыт шаруасынан саябырлаған сәтін пайдаланып, алтын уақытын бөлуге ұсыныс тастадым. Дәрігер менің қалам ұшымен қоғам қалыптастырған аудандағы үркердей ғана шығармашылық топтың бір өкілі екенімді біліп, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы салған қолқамды жерге тастамады. – Бұрын қан қысымы көтерілген де, инсульт алып қалғанда білікті дәрігер Құралай Омарова терапия бөлімшесінде ем алатын-ды. Жаңа басшы Бауыржан Қуанышбаевтың ұтымды шешімімен түсіп жатқан науқастарды зерделей келе кардиология және инсульт бөлімдерін ашуға бастама көтерді. Әкімшілік,есеп-қисап бөлмелерін босатып, тұрғындардың ем-дом алуларына жағдай жасады. Бүгінгі күні аз уақыттың ішінде берері мол бастаманың игілігі сезіліп отыр. Қазіргі таңда кардиология бөлімшесінде 33 төсек-орын, сондай-ақ инсульт бөлімшесінде 15 төсек орын жасақталған. Жүрек ауруына шалдыққандар осы жерден дертке дауа табады. Тәжірибесі мол дәрігер Айнұр Есенгелдіқызы әрбір науқаспен тығыз байланыс орнатып, олардың құлан-таза айығып кетулеріне бар мүмкіндікті қарастырады. Аталған ұжымдағы дәпігерлер мен мейіргерлер өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай жұмыс жасауды жолға қойған. Сондай-ақ инсульт бөлімшесінің де әр күні қауырт. Өмір мен өлім арбасатын сәтте адамзат баласының амандығы үшін жаңылмауымыз тиіс. Гиппократ антына адал ұжымның әрбір мүшесі тапсырманы мүлтіксіз орындауды қанға сіңірген. Дәрі-дәрмекте де, төсек-жаймаларда да, өзге де қолданыстағы заттарда да тапшылық жоқ, – деп жұмыс барысы жайында қысқаша мәлімет айтты. Көрдік. Адам жаны сақшыларының қалтықсыз қызметіне, өзге де науқастармен бірге бағамызды бердік. Бөлімше іші жып-жинақы әрі мұнтаздай таза. Науқастарға барлық жағдай жасалып, мейірбикелер сәт сайын жағдайларын сұрайды. Көзіме оттай басылды. 2019 жылы әлемді шарпыған коронавирус індетінде «Аралтұз» акционерлік қоғамының демеушілігімен берілген дем беретін аппараттар мұрты шағылмастан қажет болған жағдайда қолданылуға дайындалып қойылған. Иә, мемлекет басшысының денсаулық саласына деген қолдауы ерекше . Аудан орталығында және кент, ауылдарда салынып жатқан медициналық нысандар соның айғағы. Бүгінгі күннің батырына баланған медицина қызметкерлерінің жанкешті жұмысы қандай мадаққа да лайық. Облысты айтпай-ақ қояйық, Аралдың өзінде де бұрын-соңды болмаған оталар жасалып жатыр. Бұл – Қазақстан медицинасының өркен жайғанының көрінісі. Адамның үміті мен сенімін ақтау– жауапты іс. Ендеше, сол жауапты істе жаңылмаған сіздерге ел риза. Науқас үшін көз ілмей таңды атырар, Бағаларың қашанда алда тұрар. Ақ халатың адалдық символындай, Сендер барда өмір бар, ардақтылар!
А.ЖАЙШЫЛЫҚ