АРАЛ БАЛЫҚ ТРЕСІНІҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ

Арал аймағы өзінің ерек тағдырымен бүкіл әлем назарын өзіне аудартқан жер болғаны – тарихи ақиқат. Тарихтың елеулі оқиғасы 1921 жылғы ашыққан Еділ бойынан Арал халқына В.Ленин жазған хат және соған қатысты атқарылған шаруа мен балықшылардың зор азаматтық ерлігі тарихымызға алтын әріптермен жазылған оқиға. Балық кәсіпшілігіне Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында В.И.Ленин зор көңіл бөліп, Кеңес мемлекетінің экономикасына әсіресе, азық-түлік саласына Арал балықшылары алғашқы жылдардан-ақ осылай үлес қосты. 1923 жылы Арал қаласында балық аулау инспекциясы құрылып, 1925 жылы қазақ автономиялық республикасының халық комиссариаты бүкіл Арал теңізі және Амудария бойында балық аулау және оны қорғау туралы ереже қабылдап, 1925 жылдың 21 қазанында Қазақ КСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің қаулысымен "Арал мемлекеттік балық тресті" құрылды.
Түркістан республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің бұйрығымен барлық балық кәсіпшіліктері, кемелер мен құрал жабдыктар Арал депутаттары Кеңесіне берілді. Ал қазан айында Түркістан өлкесінің балық өнеркәсібі басқармасы құрылды. 1930 жылдарда Арал теңізінде 38 балык колхозы болып, 1940 жылдары балық шаруашылықтары оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Қарақалпақ Республикасына 13 балық колхозы қарады, олар 8 марта, Ворошилов, Микоян, Калинин, Сталин сияқты тағы да басқа ұжымшарлар.
Ал Солтүстік Аралда Қаратерең, Бөген, Қарашалан, Шевченко, Қасқақұлан, Қызылбалықшы, Ақшатау, Сталинжолы, Аманөткел, Райым, Шөмішкөл, Бірлестік, Тастүбек, Жамбыл, Ленин, Балықшылар, Жаңажол және өзге де барлығы 22 колхоз болды. Бұлардың барлығында 1940 -1950 жылдары 8 мың балықшы, 6,5 мың жұмысшы мен қызметкерлер еңбек етіп балық аулау техникасы, әдісі әрбір кезеңде жаңарып отырды.
Балық жүйесіне мамандар дайындайтын фабрика-зауыттық училище (ФЗУ) және оқу комбинаты болды. Жыл сайын жүздеген матростар, кеме капитаны, механиктер, шеберлер, ұсталар, балық тоңазытушы және сұрыптаушылар дайындалды.
Бүгінде ғасырлық тарихқа ұласып отырған "Арал балық трест" балықшыларға қажетті түрлі өнімдерді Мәскеуден алып тұрған. Сүт, ұн, консерві, нан, киім, байпақ, қолғап, сырмақ, шалбар, бас киім, шарқат, жаз киімдердің түрлері. Оларды "Арал балық трестінің" бұйрығымен әр зауытқа, елді мекендерге бөліп, жіберіліп отырды. Осы мақсаттар мен міндеттерді шешіп отыру үшін Арал балықшылар тұтыну одағы құрылып, тұтынатын заттар мен тамақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отырды.
Балық тресінің кейіннен балық комбинатының құрылуы басшылыққа, өндіріске жарқын серпін әкелді. Мақсаты бір, әрқайсысының өз өкілеттілігі бар екі мекеме балық өндірісінің түгелі Арал мемлекеттік балық тресінің қарамағында қатар жұмыс істеп, табыстылығын еселей түскені ел есінде.
А. САРЖАНОВ,
Арал балық балықшылар музейінің меңгерушісі