ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫС ӨТТІ

Иә, мұндағы әр сабақ пен ұйымдастырылған шара терең тәрбиеге негізделеді. Әсіресе, мұғалім, оқушы, ата-ана үштігінің байланысы бұл шараларды одан әрі нәтижелі ете түседі. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті үштаған ұстанымы.
Бүгінге дейін осы байланысты үздіксіз бекемдеп келе жатқан білім ордаларындағы орынды жұмыстарды көргенде көңілге қуаныш орнайды. Таяуда ғана отбасы күні қарсаңында қаладағы келешек мектебінде «Бақытты отбасы – берекелі ел» деген тәмсілді ұран етіп, шәкірттер мен олардың ата-аналарын шаттыққа бөлеген «Әкем, анам және мен» атты эстафеталық сайыс өтті.
Мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімдері Әуелбек Төлеков пен Дархан Бектұрсыновтың ұйымдастырумен өткен жарысқа алты отбасы қатысып, жеті жарыс түрінен сынға түсті. Тартысты өткен байқаудың нәтижесінде намысты қолдан бермеген «Намыс» тобы – Базановтар отбасы жеңіс тұғырына көтерілді.
Шараның ұйымдастырушысы Ә.Төлеков:
– Бүгінгі уақыттың талабы солай болып отыр. Ата-аналарымыз табыс табу үшін таңнан кешке дейін еңбек етіп, кейде тіпті балаларымызға көңіл бөле алмай қалып жатамыз. Өйткені қоғам соны талап етіп отыр. Алайда балаға бір сәт бөлген уақыт оның көңілін көтеріп тастайды. Бүгінгі шара отбасыларды бір-бірімен жарыстырып, кім мықтыны анықтау үшін емес, бүтіндей отбасы болып, бірге жұмыс жасауды насихаттау болатын. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Бал-бұл жанған балақайлардың жүзі мен қызықты сәттер, алғаусыз күлкісі соны аңғартты. Әр бала бақытты отбасыда тәрбиелену керек. Бұл олардың басты бақыты. Алаңсыз өскен бүлдіршіннің алар асуы биік болмақ. Ол үшін ата-ана да, ұстаздар қауымы да жауаптымыз, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ