Тақыр жерге гүл өсірген Сарагүл

Сарагүл Омарова 1968 жылы Ақбасты елді мекенінде қарапайым балықшы отбасында өмірге келген. Жастайынан әке-шешесі балаларын адал еңбекке баулып өсіреді. Сонысынан болар буыны қатайған шақтан бастап ол әртүрлі салада табанды еңбек ете бастайды.
– Ес білгелі еңбекке араласып келемін. Жұмыс талғаған емеспін. Кәсіппен де айналыстым. Қолдан келетін тірліктен қашпадым. 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде еңбек ете бастадым. Қаланың тазалығы, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүктелді. Өзім бұрынан гүл өсіргенді жақсы көремін. Бұл менің тіпті сүйікті ісіме айналды. Қаланың белгіленген аймақтарына неше түрлі гүл еге бастадым. Өздеріңіз білетіндей, бізде ақ су мәселесі бар. Сол еккен гүлдерім нәтижеге жету үшін күні-түні уақытпен санаспай еңбек еттім. Осылай жұмысым нәтиже берді, – деген Сарагүл Омарова өзінің еңбек жолы туралы айтты.
Рас, қаланың қай жерінен жайқалған гүл көре қалсаңыз, оның бәрі осы Сарагүл апайдың қолымен отырғызып, күтіп баптаған еңбегінің нәтижесі. Қазіргі күні қоғамдық негізде еңбек ететін адамдардың жұмысын бақылып, басшылық жасап жүр. Күнделікті таңертең 8:00-де орталық алаңда жиналған еңбеккерлерді түгелдеп, жұмыстарын бөліп беріп отыру Сарагүл Омарованың міндетіне жүктелген. Олардың жұмысын реттеп отырудан бөлек, әрқайсысының қуанышты күнін ескеріп, өз тарапынан сый жасап, түйінді мәселесін басшылыққа жеткізіп жүрген еңбегін ел жақсы біледі.
– Өзіме жұмысым ұнайды. Қасымда көмекші қыз-жігіттер бар. Олардың бәрі адал еңбекпен бала өсіріп отырған қарапайым жандар. Қаланың ішіндегі қоқыстарды тазалаймыз, гүлдерді күтіп баптаймыз. Биыл қаланың 6 аймағына гүл отырғызылды. Біздің өңір жаз мезгілінде шамадан тыс ыстық болатындықтан, көп гүлдер шыдас бере алмайды. Сол себепті табиғатымызға сай келетін гүлдер отырғызамыз. Биыл еккен гүлдің бәрі де жайқалып шығып, еңбек ақталды, – дейді ол.
Тазалық пен әсемдікті ұштастырып еңбек етіп жүрген кейіпкерімізді қынжылтатын жағдай да бар. Ол – тұрғындар мәдениетінің төмендігі. Гүлдерді жұлып, көшені қоқысқа толтырып кететіндігіне өкпелі. «Қаншама жасалған жұмыс көзге көрінбей қалып жататыны да сондықтан» дейді ол. Рас, қаланың көрікті һәм таза болуы бір ғана адамға байланысты емес. Ол әр адамның жауапкершілігінен бастау алады.
Сарагүл Омарованың 20 жылға жуық адал еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Әркез лайықты құрмет төрінен көрініп жүр. Жуырда, ербекші күні қарасаңында қала әкім Батыржан Жансерікұлы тазалық пен әсемдікке қосқан үлесін ескеріп, Сарыағаш қаласындағы шипажайлардың біріне демалуға жолдама тарту етті.
Сүйікті ісін кәсібіне айналдырып, қаланың ажарлы келбетін келтіруге атсалысып жүрген Сарагүл Омарова көше комитеті ретінде де халықтың мәселесін шешуге септігін тигізіп жүр. Кейіпкеріміз қарапайым болмысымен, адал еңбегінің арқасында халықтың сүйіктісіне айналған жан. Қаланың қай қалтарысында жайқалған гүл көрген адам «Сарагүлдің гүлдері ғой» деп тақыр жерге сұлулық сыйлап тұрған еңбекке сүйсіне қарайды. Кейіпкеріміз үшін де содан асқан мақтау мен марапат керек емес. Ел еңбегін ескерсе болғаны.
Назерке БАҚЫРАН