Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз – ұлттың ұйытқысы

Ұстаз – ұлттың ұйытқысы

Ұстаз – ұлағатын ұлт ұмытпайды, ұлықтайды! Кез келген қоғамда және барлық кезеңде ұстаздың даңқы биік, абыройы асқақ. Шәкірті шыңдалып, шыңға шыққан сайын мерейі тасып, беделі арта түсетін ұстаздар қауымына мәңгілік бас иеміз.
Кезінде ел болашағын қамын ойлаған Хан Абылай «Ендігі заман білектінің емес, біліктінің заманы» деп 18-ғасырдың өзінде білімге басымдық берген болса, ұлы Абай да «Білімнің жолына малды да, жанды да аяма» деп насихат қылды. Ал «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың пайымын ой таразысына салар болсақ, мұғалім – елдің сүйіктісі, ұлттың ұйытқысы екенін ұғамыз. Мұқым елдің ақыны мен батыры, ғалымы мен дарыны да ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаздың дәрісінен тәлім алады. Қазақ сол үшін де «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген аталы сөз қалдырды.

5 – қазан ұстаздар күніне орай Арал аудандық мәдениет үйінде «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты мерекелік шара өтті. Жылы жүздесуге аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, білім майталмандарына өзінің ізгі лебізін жеткізіп, білім саласындағы айтулы жаңалықтармен бөлісті.
– Білім беру саласы мемлекеттің басты назарынанда. Себебі баланың бүгініне салынған инвестиция ертең еселеп қайтарын өмір тәжірибесі айқындаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясына қатысқанын білесіздер. Жиында ел ұстаздарына 5 айқын міндет жүктеді. Онда: «Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. 
Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек» деді. Бұл заман талабынан туындайтын ұстаздар алдындағы басты міндет. Осы бір дәстүрлі жиынға Мемлекет басшысының өзі қатысуы білім саласына деген бірегей бетбұрыстың белгісі.
Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Ақорда төрінде білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды. Бұл ұстаздарға көрсетіліп жатқан ерекше құрметтің белгісі. Шын мәнінде мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр.
Өздеріңіз білетіндей, биыл ауданда 4 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілді. Мергенсай ауылдық округінде тағы бір жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Сәтін салса жыл соңына дейін ол мектепті де іске қосатын боламыз. Осылайша біз облыс бойынша бір жылда 5 мектеп салған бірден бір аудан атанамыз. Бұл – үлкен жетістік, – деді А.Сақыпұлы.
Расымен, биыл ауданда білім саласы өзінің үздік екенін дәлелдеді. Мәселен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жыл басында Арал қаласында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сексеуіл кентінде де дәл осындай білім ордасы жаңа оқу жылының басында толық аяқталып, ел игілігіне тапсырылды. 
Аймақ басшысының тікелей қолдауымен демеушілік есебінен Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектебі, сондай-ақ Ақшатау ауылында 60 орындық мектеп салынып, ауыл балаларының алтын ұясына айналды.
Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің көне ғимараты күрделі жөндеуден өтсе, Шөміштегі №263, Арал қаласындағы №62 және Сексеуілдегі №177 мектептер ағымдағы жөндеуден өтті.
Білім саласына аудан кәсіпкерлерінің де әркез қолдау білдіріп келе жатқанын айта кетуіміз керек. Аудандағы №14 мектеп–лицейінің түлегі, кәсіпкер, «Almara Petroleum» компаниясының басшысы, Астана бокс федерациясының президенті Алмат Досымов №62 мектеп-лицейге өз қаражатымен толықтай жабдықталған телестудия кабинетінің ашылуына демеушілік жасады.
Аталған азамат қаладағы №14 мектеп-лицейінің түлегі ретінде күрделі жөндеуден өткен бастауыш сынып ғимаратына 30 жаңа үлгідегі парта, 4 интерактивті панель және музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Осындай ізгі амалдарымен білім саласына қолдау білдіріп келе жатқан кәсіпкерлердің қатарында облыстық мәслихат депутаты, «Арал-Тоғысотын» ЖШС директоры Мейрамбек Жұмашов және белгілі кәсіпкер Батырхан Ұзақов сынды азаматтардың бар екенін мақтанышпен айтуға болады.
– Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4341 бала тәрбиеленуде. Балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамту мақсатында 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Қаратерең, Аралқұм және Ақбай ауылдарынан 3 жеке бөбекжай-бақшасы ашылыды.
2024-2025 оқу жылында 11 сыныпты аяқтаған бітірушілер саны 1091 болса, оның ішінде Алтын белгі иегері 53, Үздік аттестат иегері 57.
Сапалы білімнің өлшемі – нәтижелі көрсеткіш. Биыл Арал ауданы бойынша ҰБТ-ге 787 оқушы қатысса, 90 пайызы грант иегері атанды. Нәтижесімен, орташа бал 84,8 пайызды құрады. Осылайша Арал ауданы ҰБТ қорытындысы бойынша облыс көлемінде 5 жыл қатарынан үздік үштікте. Биылғы білім бәсекесінде қаладағы №13 орта мектеп оқушысы Жансая Ақбаева мен №220 орта мектеп оқушысы Еркеназ Мәдиқызы аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш 134 балды иеленді. 
Саладағы тағы бір жағымды жаңалық, Арал қаласындағы №220 орта мектебі Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енсе, ауданның екі ұстазы Қазақстанның ТОП-50 финалисті қатарынан көрінді.
Бүгінде аудандағы 50 мектепте 17 487 оқушы білім алуда.  Әр шәкірттің жүрегіне жол тапқан 2498 мұғалімнің 4-еуі шебер, 370-і зерттеуші, 853-і сарапшы және 907-сі модератор кәсіби біліктілік санатында, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Жетістік қоржыны да биыл салмақты. Республикалық деңгейде ауданымыздан өткен оқу жылында 382 педагог кәсіби байқаулар мен түрлі танымдық, спорттық сайыстарға қатысып, оның 93-і жүлделі орындарға ие болса, түрлі білім бәсекелеріне қатысқан 405 оқушы үздіктер қатарынан көрінді.
Білім беру саласындағы мұндай жетістіктердің артында қанша ұстаздардың тынымсыз еңбегі бар екенін ерекше атап өткен жөн. Осы оқу жылында да ұлағатты ұстаздарымыз нәтижелі жұмыстарымен аудан мерейін асырады деп сенеміз.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы» демекші бұл салаға қызығушылық танытатындардың саны жылдан жылға артып келеді. Себебі Мемлекет басшысының салаға қолдауы айрықша. Мұғалімнің мәртебесін арттыру бағытында түрлі шаралар атқарылып, арнайы Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғанын жақсы білесіздер. Десек те салаға білікті әрі нағыз өз ісінің маманы қажет екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Сөзсіз, білім беру жүйесінің басты тұлғасы – ұстаз. Мұғалім жақсы болса жүйенің үдеткішіне, нашар болса тежегішіне айналады.
2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модульді іске қосты. Бұл бастама конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.
Бұл дегеніміз, бұған дейін де, бұдан кейін де ұстаздық қызметке қадам басқысы келетін жандарға қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді.
Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Жұмысшы мамандықтарды даярлауда ауданымыздағы Арал индустриалды-техникалық және Арал көпсалалы колледждерінің әлеуеті зор. Бүгінде қос бірдей кәсіптік білім беру мекемелеріндегі 614 студентке 88 оқытушы-ұстаз дәріс беруде.
Жұмысшы мамандық иелерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында ұйымдастырылған «Worldskills-2025» облыстық кәсіби шеберлік байқауында Арал индустриалды-техникалық  колледжінің 2 студенті жеңімпаз атанды. Қараша айында бұл студенттер аталмыш байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайды. Бұл жетістік те кәсіптік және өндірістік бағытта білім алып жатқан студенттерді даярлаудағы ұстаздар еңбегінің айқын көрінісі.
Өткен оқу жылынан бастап ауданымызда Қызылорда Ашық университетінің бөлімшесі ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінде 80-ге жуық студент жергілікті жерден қашықтан білім алу мүмкіндігіне ие болды.
– «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ы.Алтынсаринның пайымы Сіздер үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Сонда ғана табыс пен ізденіске толы саладағы Өздеріңіз салған жаңашылдық ешқашан ескірмек емес. Осы қызметтеріңіз үшін, қадірлі ұстаздар, Сіздерге зор ризашылығымызды білдіреміз!
Ұстаз – ұлттың рухын көтеріп, болашағын айқындайтын қасиетті мамандық иесі. Сіздер жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, имандылық, елжандылық қасиеттерді сіңіріп жүрсіздер.
«Ұстаз – шәкірт жүрегіне сәуле құятын күн секілді» деген дана сөз бар. Шәкірттің әр жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Сондықтан Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, төзім мен мейірімге толы жүректеріңіз әрдайым құрметке лайық. 
Тәуелсіз ел болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие берудегі жасампаз еңбектеріңіз әрқашан нәтижелі болып, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Сіздерге шығармашылық толағай табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев.
Ұстаздар күні — бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүргендерді халқымыз әрқашан ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар.
«Ұстаз» сөзінің өзі «Отан», «Ар», «Адамгершілік» сияқты қасиетті ұғымдардың қатарынан орын тебуінің өзінде үлкен мән жатыр.
«Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті». Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана орындай алады. Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін, ұстаздар! 

А.СЫРЛЫБАЙ

04 қазан 2025 ж. 106 0