Су саясаты: Әр тамшының құны мен маңызы артты

Иә, Жолдауда экологиялық қауіпсіздікке де айрықша мән берілді. Әсіресе Арал теңізінің қазіргі жағдайы жайлы айтқаны жергілікті халықтың көңіліне қуаныш сыйлады. Президент Арал мәселесін халықаралық деңгейде көтерудің маңыздылығын атап өтіп, экожүйені қалпына келтіруге күш салу қажеттігін айтты. Бұл – табиғатты аялауға, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке үндеу іспетті көрінді.
Жолдауда Мемлекет басшысы адамзат тағдырына айналған Арал теңізі жайлы сөз қозғап «Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмысы қарқынды жалғаса беруі қажет» деп теңіз анамыздың жағдайы әркез назарында екенін жеткізіп, жергілікті халыққа қуаныш сыйлады.
Расында үздіксіз жұмыстар өз нәтижесін беруде. Теңізді өлке тұрғындарының талабын жан-жақты қарастырып, теңізді сақтау ғана емес, Сырды жағалай қоныстанған ауылдарға да пайдасын тиізетін идеяларға қол жеткіздік. Ол – Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу.
Осының нәтижесінде Солтүстік Арал су айдынының көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Айта кетейік, бүгінгі жағдайда су көлемі 27 текше шақырымды қамтиды. Яғни жобаның екінші кезеңі аяқталғанда су көлеміне 7 текше шақырым қосылатын болады.
Кіші Аралды сақтап қалу, теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық ететін болады. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар істеледі.
Соның бірі Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында, дәлірек Мырзастан су торабын салу жобасы. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады.
Мұнан бөлек Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру үшін 2021 жылы Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасы бөгеліп, «Аспай» су ағытқысы іске қосылған-ды. Нәтижесінде елдегі шаруаларға төнген қауіптің беті қайта бастады.
Бұл ауқымды жұмыс, әрине, көпшіліктің зор алғысына бөленді. Судың арнасын реттеп, табиғаттың тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы қайта жанданып, қолдауға ие болды. Халық үшін бұл үлкен жеңіс, өйткені олар бірнеше жыл бойы құрғақшылық пен су тапшылығымен күресіп келген еді. Осы тұрғыда жергілікті билік өкілдерінің қабылдаған шараларының тиімділігі айқын көрініс тапты. Су қорларын дұрыс реттеп, табиғи экосистеманы қалпына келтіру жұмыстарының бір бөлігі ретінде жүзеге асқан бұл бастама, халықтың тұрмысын жақсартуға ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды болып табылады.
«Бұрмақұлақ» учаскесінде Сырдария арнасында су деңгейі көтеріліп, Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесінен бөлек жолдағы каналдарды су ала бастады. Бұған қоса «Аспай» суағытқысынан су тасталып және оң жақ қашыртқы каналы арқылы төменге қарай, яғни Кіші Арал теңізіне су жіберілді.
2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында Сырдария өзені арнасымен мол су және сең өту барысында «Аспай» су ағытқысы жанындағы «Ескі арнасы» өздігінен жырылып, нәтижесінде аудан көлеміндегі көлдер жүйесіне су мөлшері өз деңгейінде жетпегені белгілі болған.
Осыған байланысты, бүгінгі таңға қайта қалпына келтіру жұмыстарына тиісті қаржы бөлініп, «Аспай» су ағытқысы өз деңгейінен 30-40 сантиметрге түсірілді.
Бұдан бөлек «Ескі арна» арнасын бөгеу арқылы Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін қайта суландыруға мүмкіндік болды. Осы мақсаттағы жұмыстардың бір бөлігі Жаңақұрылыс ауылдық округінде де орын алды. Округке қарасты «Ералы» каналының екі жағалау бөгеті қайта қалыпына келтіріліп, аталған су арнасы арқылы елді мекен аумағындағы жерлер суландырылуда.
Жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі мен ауа температурасының өте жоғары болуы және Сырдария өзеніндегі су деңгейінің аз болуына орай биыл ауданымызда қуаңшылық жағдайы қалыптасқаны белгілі.
Бұған қоса соңғы жылдары «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесіне дария суының түспеуі сол маңайдағы жайылымдық, шабындық жерлердің жағдайына әсер етпей қоймады.
Осы ретте «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру арқылы құрғақшылық салдарынан орын алған мал өлімінің алдын алу, қысқы мал азығын дайындау үшін шабындық алқаптың көлемін арттыру бағытында шешім қабылданып, «Аспай» суағытқысын қайта іске қосу, «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеу жұмыстарының қажеттілігі анықталды.
Осы орайда 1974 жылы салынған «Аспай» суағытқысы бойынша ағымдағы жылы жауапты мамандардан құрылған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нəтижесімен нысанның ақау актісі жасалған болатын. Соған сәйкес аталған жұмыстарды іске асыру бағытында шұғыл шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, бүгінде тиісті жұмыстар толығымен аяқталды.
Ауқымды жобада теңізді өлке тұрғындарының талабын жан-жақты қарастырған тиімді жолы ұсынылды. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі жобаның екінші кезеңіне қатысты техникалықэкономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жобада тек теңізді сақтау ғана емес, Сырды жағалай қоныстанған ауылдарға да пайдасын тиізетін идеялар бар. Ол – Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу.
Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Айта кетейік, бүгінгі жағдайда су көлемі 27 текше шақырымды қамтиды. Яғни жобаның екінші кезеңі аяқталғанда су көлеміне 7 текше шақырым қосылатын болады.
Сол кездесуде Нариман Қыпшақбаев:
– Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін биыл басынан бастап Қызылорда облысы мен Арал ауданы әкімдіктерінің өкілдерімен бірқатар кеңес өткізілді. Сонымен бірге министрлігіміздің мамандары жергілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен бірнеше рет кездесті. Аймаққа жұмыс сапары барысында Парламент депутаттарының, жобалаушылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Кездесуде Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды, – деген еді.
Аралдықтардың асыл арманы – теңіз ананың қайта шалқығанын көруді көздейтін жергілікті жұрт үшін арманға бір қадам болса да жақындаудың амалы қарастырылып жатырү
Нақтырақ айтсақ Кіші Аралды сақтап қалу, теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық ететін болады. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Соның бірі Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында, дәлірек Мырзастан су торабын салу жобасы. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады.
Кіші Арал теңізіндегі су қорын молайту мақсатында ағымдағы жылы Ташкент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мемлекеттері арасында төртжақты келісім жасалды. Келісімге сәйкес вегетациялық кезеңде су алу лимиті белгіленді. Нәтижесімен жыл басынан осы күнге дейін Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.
«Қазсушар» РМК-і арқылы Кіші Арал теңізіне суды жіберу, судың тұздылығын төмендету және Көкарал бөгетін нығайту мақсатында жұмыстарды жалғастыру үшін 2025 жылы «Тәуір», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2», «Тұщы» және «Сарытерең» каналдарына су тоспасын салу жұмыстары атқарылуда.
Жалпы, биылғы Жолдау – тек ағымдағы жылдың жоспарларын емес, ұзақмерзімді стратегиялық бағыттарды да қамтыған тарихи құжат. Ол – ел бірлігін бекемдеп, болашаққа бағдар сілтейтін, нақты істерге негізделген серпінді жол. Ендеше айдыны шалқып, балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған теңізді қайта көретін күн де алыс емес деп сенеміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ