"105": ҮЛКЕНДЕРГЕ ЕСКЕРТУ
Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің "адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады" деген сөзіне үңілейікші. Расында бала жас кезінде нені көрсе, есейген шақта соған бейім болады. Оны уақыт айшықтап беріп отыр.Сондықтан көргенін көңілге түйетін баланың болашағына бағдар беру біздің қолымызда. Әуелі ата-ананың, одан қалды мектептің міндеті келешекке кемелділік ала келетін тұлға тәрбиелеп шығу. Міне, дәл осы тұста қоғамда ең өзекті тақырыптардың бірі – мектептегі буллинг жайын жайып салған жаңа сериал жайында айтуды жөн көрдік. "105" сериалында балалар арасындағы күш көрсету мен психологиялық зорлық ашық көрсетіледі. Бұл туынды – көрерменге ой салып, ата-ана мен ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейтін тәрбиелік мәні зор драма.
Фильм жайында киноиндустрия бағытында талай табысты жобаларымен танылған, дәл осы "105-тің" авторы Абзал Қамбаров:
– Мен өзім қарапайым мектепте оқыдым және бұл жағдай өте көп кездесетін. Бірақ бұл туралы үндемеу әдеттегідей жабулы қазан түрінде қала берді. Біз мектеп ортасын таңдадық, өйткені дәл сол жерде адамның мінезі қалыптасады және дәл сол жерде әділетсіздік пен жалғыздық сезімі пайда болады. Біздің сериал жасөспірімдердің қатыгездігін ғана емес, сонымен қатар жүйенің – мұғалімдердің, ата-аналардың, сыныптастардың көздерін қалай жауып тастайтынын көрсетеді. Біз көрермендердің үнсіздік сізді проблеманың бір бөлігіне айналдырады, ал сөйлесу мен қолдау біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін түсінгенін қалаймыз, – дейді.
Сондай-ақ фильмнің түсірілуі жайында "Ең қиыны тепе-теңдікті сақтау болды. Біз оқиғаны қорқынышты оқиғаға айналдырғымыз келмеді, бірақ тігісін жатқызып жеткізе салуға да болмайтынын білдік. Сериалдағы буллинг қазақстандық мектептерде болып жатқан нақты жағдайларға негізделген. Осыны көрсете отырып одан шығар жолды ұсындық. Үміт сыйлауға тырыстық. Ең қиын жағдайда да шығудың жолы бар екенін, көмек қолын соза алатын адамдар табылатынын көрсетуді көздедік. Әр жолдың финалында біз көрермендердің көкейіне жарық сыйлауға тырыстық. Мұны көрген жанда келешекке үмітсіздік сезімі болмайды" деп жеткізген.
Иә, фильм оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың тамыры қаншалықты тереңге кеткенін айқын көрсетеді. Бір қарағанда жай ғана мектептегі балалар арасындағы түсінбеушілік сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл – қоғамдық дерт. Кішкентайдан қорлық көрген бала ертең өз ортасында тағы біреуді қорлаушыға айналуы мүмкін. Бұл – режиссердің айтқысы келген басты ойы.
Десе де, хикаяның ауыр тұстары өте көп. Мектеп басшылығының үнсіздігі, ата-аналар мен мұғалімдердің жауапсыздығы көрерменнің жүрегін ауыртады. Себебі, бұл – өмірде жиі кездесетін шындық. Көп жағдайда осындай жағдай орын алғанда, ересектердің немқұрайлығы салдарынан бала тағдырына сызат түседі.
«105 сериялы» туындысының күші – шындықты ашық айтуында. Режиссер мен актерлер қоғамдағы үнсіз шындықты айнадай көрсете алған. Көрермен ретінде әркім өз ортасына, өз мектебіне, тіпті өз баласына көз жүгіртеді. “Бәлкім, мен де байқамай жүрген бір бала осындай күй кешіп жүрген жоқ па?” деген сұрақ санаға оралады.
Түсіне білгенге тәрбиелік мәні ерекше. Ол әр ата-ананы баласының жан дүниесіне үңілуге, әр мұғалімді шәкіртінің мінез-құлқын бақылауға, әр оқушыны өз ісіне жауапты болуға шақырады. Себебі күш көрсету тек денеге емес, жанға салынған жара. Ал сол жараның жазылуы үшін қоғамның әр мүшесі үн қосуы тиіс.
Десе де бала тәрбиесі тым нәзік дүние. Жарық көрген туындыны көрген көпшілік "Бүгінгі жастар экраннан ойын-сауық іздейтін кезеңде, мұндай шынайы әрі әлеуметтік бағыттағы фильмдер – рухани тазалыққа шақыратын сирек дүниелердің бірі. «105 сериялы» – тек көріп қана қоймай, жүрекке әсер ететін, адамды ойлануға итермелейтін туынды" деп бағалап жатыр.
Алайда таяқтың екі ұшы барын тағы да естен шығарып алдық. Бүгінгі қоғамда жасыратыны жоқ, әлеуметтік теңсіздіктен тұрады. Ал қатарластарынан қалмай киіну, қыдыру үшін қиындықтан шығудың, жеңіл ақша табудың жолын іздеген жастар осы кинодағы көрсетілген дүниелерді қайталамауына кім кепіл? Әлімжеттік жасамауына кепілдік жоқ. Ал ең бастысы біз мұғалім дейтін ұлағатты мамандық иелерін тым қатты төмендетіп жібермедік пе?! Осы жайында №292 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Ембергенованың пікірін тыңдаған болатынбыз.
– Қазіргі таңда қоғамда жиі көтеріліп жүрген өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылық. Осы тұрғыда жарық көрген «105» фильмі қоғамның, әсіресе мектеп пен отбасының назарын бала қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатына аударған маңызды туынды болды. Фильмнің басты артықшылығы – жасөспірім өміріндегі ауыр шындықтарды ашық көрсетуі, ересектердің назарын оқушының ішкі жан күйзелісіне аударуы. Ол бізге бей-жай қараудың, елемеудің қандай үлкен трагедияға апаратынын ұғындырады.
Алайда, фильмнің екінші жағы да ойландырмай қоймайды. Жаңа өсіп келе жатқан бүлдіршіндер, әсіресе бастауыш және орта буын оқушылары, экрандағы көріністерді тура қабылдап, кейіпкерлердің мінез-құлқына еліктеу қауіпі бар. "Осылай істесем, мен де мықтымын" немесе "мектепте күш көрсету – назар аудартудың жолы" деген қате түсініктер туындауы мүмкін.
Бұл – тәрбиелік тұрғыдан өте қауіпті жайт. Сондықтан мұндай фильмдерді балаларға мұғалім мен ата-ананың бағыттауымен, түсіндірумен бірге көрсету аса маңызды.
Сонымен қатар, фильмде көрсетілген мектеп әкімшілігінің, әсіресе тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бейнесі де ой салады. Кейіпкердің әрекеттері кей тұстарда кәсіби этика мен педагогикалық әдепке қайшы көрініп, мұғалім беделіне көлеңке түсіретіндей әсер қалдырады. Бұл да – қоғамда ұстаз еңбегін бағалау мен қорғаудың өзектілігін көрсететін мәселе.
Біздің мектебімізде мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында "ДосболLike" бағдарламасы жүйелі түрде іске асуда. Барлық сыныптарда буллингтің алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстар, сынып сағаттары, тренингтер және челлендждер өткізіледі. Мектеп аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 66 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мұғалімдер кезекшілік қызметін тұрақты атқарып, оқушылардың қауіпсіздігін жіті қадағалайды. Әлеуметтік педагог пен психолог әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіп, сенім атмосферасын қалыптастыруда. Біздің басты мақсатымыз – зорлықсыз, мейірімге негізделген мектеп мәдениетін қалыптастыру, әр баланың өзін қауіпсіз, сенімді және бағалы сезінуіне жағдай жасау.
«105» фильмі қоғамға үлкен ой салды, ал біз ұстаздар – сол ойды іске асыратын, шынайы өмірде зорлыққа жол бермейтін тұлғалармыз, – деді Әсем Салауатқызы.
Ал Ә.Қуандықова ата-ана ретінде:
– Бәріміздің үмітіміз балада. Солардың оқып білім алғанын, тәрбие алғанын қалаймыз. Әл-Фараби бабамыздың "Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы" деп айтатыны бар. Міне, "105" сериалы осыны анық көрсеткен туынды болды. Әртістердің шеберлігі, сценарий авторының оқиғаны үйлесімді келтіруі, барлығы көрерменді қызықтырмай қоймайды. Өзіміз де бастан-аяқ енді қалай болар екен деп қарап шықтық.
Алайда осындай кадрларды, әсіресе қатыгездікке толы эпизодтарды жалпақ жұртқа кеңінен көрсету "қаншалықты қажет еді?" деген ой мазалады.
Расында бізге дейін де, бізді де, ендігі ұрпақты да көгілдір экран тәрбиелеп келеді. Ол жағы жасырын емес. Осы жайында да бір ойланып қоюымыз қажет сияқты. Тек ойланып қана қоймай, балаларымызға жамандықтың өтеуі өте ауыр болатынын әркез айтып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.
Иә, тәрбие отбасынан бастау алса да, баларымыздың жүрген ортасын, жанындағы достары мен араласатын адамдарын бақылау біздің міндетіміз. Сонда ғана қатыгез қоғамнан толықтай құтыла аламыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









