МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ӘР БАСТАМАСЫ МАҢЫЗДЫ
Мәдениет – халқымыздың сан ғасырлық рухани құндылықтарының қазынасы. Мәдениет – көненің көзі десек, сол өткен күннің құндылығын бүгінгі уақытпен үндестіріп, бұқара халыққа бұрмаламай жеткізіп келе жатқан, қызығы мен қиындығы молмәдениет майданында толассыз еңбек етіп жүргенсала қызметкерлері кешегі мен бүгіннің арасында дәнекер болып келеді.Мəдениет мекемелері өзі орналасқан ауылдың айнасы. Ауыл тұрғындарының мəдени демалыс орны. Жастардың руханиятының ордасы. Ұлт құндылықтарын жинап таратушы, насихатшысы. Ауыл бірлігінің ұйытқысы. Қоғамдағы келелі, келеңсіз істерді түрлі іс-шаралар арқылы көрермендер назарына ұсынып, ой салып, жақсылықа қарай жетелеуші руханият ошағы, жаңалықтардың жаршысы. Ал ауданның халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп, мәдениеттің маңыздылығын ұғындырып келе жатқан. Оған дәлел – жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың көрсеткіші.Арал халқының өмірін өнермен өрнектеп келе жатқан саланың жұмысы жайында аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері Бисенкүл Қанатбаевамен әңгімесекенімізде:
– Әрбір мереке күндері біздің жоспарымыздан тыс қалмайды. Алдын ала жоспар жасалып, сол жоспар аясында жыл көлемінде жұмыс жүргіземіз. Бұл қатарда тек атаулы даталар ғана емес, жергілікті жерден шыққан тұлғалардың мерейлі жасы сияқты түрлі бағыттағы жұмыстар оларды насихаттау, еңбегін, ерлігін жеткізу жайында көптеген шаралар өтеді. Мәселен, биыл Сыр елінің саңлағы, журналист Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған «Аққан жұлдыз» атты егде жастағылар арасында аудандық жазба ақындармүшәйрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай және 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Бірлік пен ынтымақтастыққа – 30 жыл!» атты концерт берілді.
Мемлекет басшысының Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасы бойынша мерекені тойлаудың жаңа дәстүрі қалыптастырылып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін 14 наурыз бен 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланып, оның әрбір күні белгілі бір тақырыпқа арналып өткізілді. Көктемнің шуақты мерекесі – Ұлыстың ұлы күні аясында өткен Наурызнама онкүндігі ерекше әсерлі сәттерге толы болды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері жаңғырып, халықтық мерекенің сәні кірді. Бұл аудан жастарының да жадында мәңгі жаңғырып, ұлттық болмысымызды, елдік нышандарымызды санасына тереңірек сіңірді, – дейді.
Мұнан бөлек «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен республика көлемінде қолға алынған «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты эстафеталық жобасы аясында аудандық деңгейде әжелер форумы, дарынды жыршы, талантты күйші кешегі Нұртуған, Дәріқұл, Әбілхан, Сұрағандардың сарқыты, бүгінгі жыршылардың көшін бастаған жерлесіміз эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы Берік Мырзалыұлы Жүсіповтің «Сүлейдария» деп аталатын сыр-сұхбат кеші, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты аймақтық ақындар айтысына еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғызстаннан суырыпсалма өнердің жүйріктері жиналып, айтыс сахнасында Ұлы Жеңіс тақырыбын кеңінен қамтып, майдан мен тылдың ауыртпалығы, аналардың төзімі, боздақтардың ерлігі, халықтың бірлігі мен қазіргі тәуелсіздік жолындағы жетістіктерді жырға қосты.
Аудандағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы өнерпаздарды болашақ өнер адамдары мен мәдениет саласының білікті мамандары болу үшін әр түрлі жанрдағы республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындармен көрініп келеді. Жерлесіміз Шөмішкөл елді мекенінің тумасы, айтыс ақыны Бексұлтан Орынбасаров Шымкент қаласында өткізілген «Күміс домбыра – 2024» атты республикалық жас ақындар айтысында жүлделі орын иеленіп, күміс домбыра иегері атанса, Астана төрінде өткен «Алтын домбыра – 2025» дүбірлі жыр додасында шашасына шаң жұқтырмас жүйрік екенін дәлелдеп, І орынды жеңіп, темір тұлпар тақымдады.
Атап айтар болсақ, 2025 жылы аудан өнерпаздары халықаралық «ХХVІ Бозторғай» бабалар шығармашылығы байқауынан Сексеуіл кентінінің «Ақмешіт» домбырашылар ансамблі ІІ орын, «Қызылорда mobfest» атты облыстық мобилогрофтар байқауынан Аралбек Еңсепбаев III орын, күйші Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына орай өткізілген «Сыр толқыны» атты II Республикалық күйшілер конкурсынана Ерімбет Орынбасаров III орын, «Маржан сөз, қоңыр үн» облыстық концерт жүргізушілер байқауынан Ақбай ауылдық клубының өнерпазы Мағжан Сержанов I орын, күйші, композитор Төлепберген Тоқжановтың 60 жасқа толуына арналған «Туымы бөлек тұлпар» атты облыстық күйшілер байқауынан Ақнұр Төлегенова III орын, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Бәкірдің 85 жылдығына арналған «Тұлға. Қайраткер. Қаламгер» атты облыстық ақындар мүшәйрасынан Құланды ауылынан Айымгүл Дәулетова II орын, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ұлттық ғашықтар күніне орай өткізілген «Сезім әуені» атты жұптық ән орындаушылар арасындағы облыстық байқауынан Қарашалаң ауылының өнерпаздары Қараман Тілеповпен жұбайы Жазира Қыстаубаева І орын, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық «Тілегіміз еңбекпен» атты соғыс тақырыбындағы ән байқауынан Дәулеткерей Қуантқанов I орын; қалалық мәдениет үйінің өнерпазы Нұрсайын Абдыханиев III орын иеленді.
Мұнан бөлек 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран» атты облыстық патриоттық ән байқауынан Айгерім Таңатова I орын, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Шолпан жұлдыз өзіңсің, шоқтай жарық» атты монолог оқушылардың облыстық байқауынан қалалық мәдениет үйінің өнерпазы Венера Молдағалиева ІІІ орын, сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдығына арналған «Қырғи тілді қаламгер» атты облыстық мәнерлеп оқу сайысынан Абай ауылдық клубының өнерпазы Гүлдиназ Нұрланова ІІ орын, Социалистік Еңбек Ері, дән падишасы, батыр ана Сәлима Жұмабекқызының 90 жылдығына арналған «Ғасырдың батыр анасы – Сәлима» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасынана Тоқабай ауылдық клубының өнерпазы Алдоңғар Қалқаман Бас жүлде, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Ұлбала Алтайбаеваны еске алуға арналған «Еңбегі еліне аян – Ер ана» аттат облыстық домбыра аспабымен ән салу байқауынан Шөмішкөл ауылдық клубының өнерпазы Нұрислам Өміржанұлы ІІ орын, күйші, сазгер Нағызхан Жаманбаевтың 85 жылдығына арналған «Қаракөзайым» атты облыстық әншілер байқауынан Айгерім Серікова ІІІ орын, сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдығына арналған «Халқы сүйген қаламгер» атты мысал айтудан облыстық байқауынан Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Гаухар Мылтықбаева І орын, композитор Сауран Елеуовтың 70 жылдығына арналған «Жұлдызым» атты әншілер байқауынан Дәулеткерей Қуантқанов Бас жүлде, Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған «Жүрекке жеткен Абай әуені» атты Абай әндерінен ардагерлер арасында облыстық ән байқауынан зейнеткер Болатбек Тәжімбетов Бас жүлде, ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналаған «Ата заңым – айбыным» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасынан Қарашалаң ауылдық клубының сүймелдеушісі Айгүл Күзенова ІІІ орын, «Әжем айтқан ертегі» атты облыстық байқауынан қалалық мәдениет үйінің үйірме мүшесі, кітапхана саласының ардагері Ранай Сатаева І орын, «Арал» вокалды-аспапты ансамблі Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай Қазалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Әнім сенсің – Қызылорда» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық фестивалінде өнер көрсетіп, Қазалы ауданы әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталса, халық ақыны әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай Бекежановтың 135 жыл толуына орай және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейісовтың 60 жылдығына арналған «Нартайдың Сырнайы едің сырда қалған» атты облыстық жыршылар байқауынан Ақбасты ауылдық клубының әдіскері Хасенхан Кішкенеев Бас жүлде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Тамырлас» жобасы аясында өткізілген облыстық «Достық әуендері» тақырыбындағы патриоттық әндер байқауынан Арал аудандық мәдениет үйінің әншісі Дәулеткерей Қуантқанов жүлделі ІІ дәрежелі марапатпен және Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ақын-сазгер Шынберген Сүлейменовтың 50 жас мерей тойына арналған «Шынбергеннің сырлы әуені» атты облыстық әншілер байқауынан Арал аудандық мәдениет үйінің әншісі Айгерім Таңатова Бас жүлде иеленді.
Иә, ұлттық мәдениетті сақтау және ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту мен жас буын арасында үздік мәдени тәжірибелерді ілгерілету мақсатында, мәдениет саласының мамандары батыстық мәдениеттің жақсы жақтарын ала отырып, өз мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды сақтап, тіл байлығын жетілдіру жұмысы да жасалуда.
Мәдениет негізі – еңбек. Еңбек неғұрлым күрделі болған сайын мәдениетте жаңа сипат алып отырады. Мәдениет адамсыз жасалмайды. Адам дамуы мәдениетке байланысты. Осы тәуелділікті анықтай алғанда мәдениеттің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Ой түйіндей келгенде болашақ мамандар тәуелсіз еліміздің мәдениеттін жетілдіре отырып, көп ұлтты еліміздің рухани мәртебесін арттыра отырып жұмыс жасауы арқылы мәдениет ошақтарының жұмыстарын жақсартып, жаңа белестерден көріне білу басты мақсаты болу керек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









