АБЫРОЙ БИІГІНДЕГІ АҚСАҚАЛ
Әр жердің өз төбесі, әр елдің өз ағасы, әр үйдің өз төресі бар. Әр әулеттің қиналғанда арқа сүйер тау секілді, терең көл секілді, дарқан дала секілді ардақтысы болады. Ондай адамды сол әулеттің бәйтерегі деп атайды. Ол бәйтеректің саясы өз отбасына ғана емес, айналасының барлығына ортақ. Кісілік пен кішілігі, парасат пен шапағаты басқаларға үлгі болатын осындай азаматтар жайлы айтып та, жазып та жүрміз. Осындай жандардың бірі – адамгершілі мол құдайдың бергеніне разы мәдениет пен өркениетке шыңдалған ақсақалдыққа жарасатын қасиеттерді бойына сіңіре білген Сәдуақас Ұзақов жайлы айтпақпын. Халық оны «Сәду» деп таниды. Сәдуақас Аметұлы Сырдария ауданы, Тасбөгет кентінде дүниеге келген. №20 Бөген орта мектебін 1966 жылы бітіріп шығады. 1966-1969 жылдар аралығында сол кездегі Германия Демократияық Республикасында әсери борышын өтеген. Әкесі Ахмет Қаратүп ұжымшарында есепші болып, абырой биігінен көрінген, аузы дуалы ақсақал болған деседі. Ал анасы Әмила уй шаруасымен қоса, ошағы оттан түспеген, ауылдың ардақты анасы болыпты.
«Атасы тектілердің тұғыры асыл,
Ұрпағы бір тартады қалыбына» деп даналарымыз айтқандай, әке жолын қуған ол 1969 жылы аудандық ауруханада қатардағы есепші болып жұмыс істейді. Қызметтен қол үзбей жүріп Қазалы ауылшаруашылық техникумын және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің есеп және аудит мамандығын оқиды. Білімімен білігінің арқасында Сәдуақас 1978-2016 жылдары аудандық денсаулық мекемесінде бас есепші қызметін абыроймен атқарды. Бұл биігін ол Ұлы Отан ардагері есеп-қисап саласының майталманы Елкей Қалыбековтың ақыл-кеңісінің арқасы деп еске алады. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарысса, адамгершілік ұтады» дегендей, Сәдуақаста екеуі де болды. Әкенің тәрбиесімен, ананың ақ сүтімен дарыған адамгершілік қасиет оны мұратқа жеткізді. «Басында бұлағы бар өзен ұзаққа ағады» деген осы шығар.
Төккен тердің қайтарымы ретінде еңбегі ескерусіз қалмай, ауданнан, облыстан алған марапаттармен қоса, 2013 жылы «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медальі кеудесінде жарқырады.
Өмір тақтайдай тегіс емес екенін әр пенде сезінетіні аян. Жол көрсетер ағасы Бақыт пен тынысын кеңейтіп жүрген інісі Алдоңғар өмірден өткенде Сәдуақастың қабырғасы қайысты. «Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» дегендей, бауырларына деген пейілі мен мейірін тек жүрегінде сақтап келеді.
Ол жар таңдаудан маңдайлы болды. Күләнжанмен 1969 жылы бас қосты. Күлән Рахманқызы Сайхонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1969 жылдан 2009 жылға дейін сауда саласында мінсіз қызмет жасады. Әкесі Рахман Қосбармақов екінің бірінің қолынан келмейтін екінші мекке атанған Түркістандағы Қазіретке қол тапсырып, сопы атанған. Араб тілін жетік біліп, Құранды қари оқитын сауатты еді. Жауырыны жерге тимеген палуан да болыпты деседі.
Көп жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген жиені Тойбазар Ұзақовтың естелігін айтайын.
– Жас уақытым. Нағашы әжем Мауыты екеуміз мотоциклмен Дария үстіндегі мұзбен келе жатып, мұз жарылып, көлігіміз мұз астына кетті. Сол уақытта бізді көріп тұрған Рахман атам жетіп келіп бізді құтқарып, беліне ораған арқанды батып бара жатқан мотоциклге байлап, шығарып алды. Сол кездегі күш-қайраты әлі көз алдымда. Рахман мен Мауытыдай қос қайнардың мейірімге шөлдемей өскен Күләнжан осал болсын ба?!
Бүгінде осы екі қадірлі қарияның ұлдары ұялтпай, қыздары қызартпай еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Тұла бойы тұңғышы Тойбазар жоғары білімді құрылыс маманы ретінде ауданда құрылыс саласын басқарып, Аралдың дамуында өз қолтаңбасын қалдыра білді. Ал келіншегі Нәзігүл Алдақиярқызы Алматыдағы ҚазМУ-дың химия факультетін бітірген. Бүгінде қаладағы №83 орта мектебінің жоғарғы санатты ұстазы. Өткен жылдары аудандық химия пәні мұғалімдері арасындағы олимпиадада оза шауып, бас бәйгені жеңіп алды.
Ал Темірланы АҚ «ТНК және ҚАЗ ХРОМ» Ақтөбе ферроқорытпа зауытында шебер-инженер, Абылайханы Алматыдағы ҚазМУ-дың геология-геодезия факультетін бітірген геолог, Уәлиханы Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің құрылыс мамандығын бітірген білікті маман. Ал кенжесі Бекнұр да болашағынан зор үміт күтіріп отыр.
Қызы Күмісай Шымкент қаласында дәрігер болып қызмет етсе, жолдасы Данияр Асқарұлы Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы бастығының орынбасары.
Міне, әдемі қартаюдың үлгісі бола білген осындай азаматтарды насихаттап, өмір жолын өнеге еткім келді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері









