Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі ардақты жан

Абырой биігіндегі ардақты жан

Халық саулығы мен елдің амандығы – мемлекеттің басты байлығы. Тұрғыны сау мемлекеттің ғана тұғыры биік болады. Елімізде халықтың салауатты да сау өмір сүруі жолында аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын ұлт денсаулығын ұлықтауға арнап жүрген жандар жетерлік. Сондай жандардың бірі – 36 жылын денсаулық сақтау саласының дамуына арнаған Қанибай Оңдасынов. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында Арал аудандық «Санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы» басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып бейнетінің зейнетін көріп отырған жан туралы айтатын боламыз.
Оңдасынов Қанибай 1950 жылы 27 желтоқсанында Арал қаласында дүниеге келген. Қанибай Оңдасынұлы әкесі Оңдасын мен анасы Бибажардың өмірге әкелген алты перзентінің үшіншісі. Жастайынан алғыр, зейінді болып өскен ол білімге құштар, спортқа құмар болып ержетті. 1968 жылы Арал қаласындағы Т.Г. Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебін бітірген соң 1969 жылы Монғолия елінің Ұлан батыр қаласында екі жыл әскери борышын өтеген.
Әскерден келген соң 1971 жылы Қарағанды қаласында «Қарағанды мемлекеттік медицина институтына» оқуға түсіп, 1977 жылы «Санитариялық-гегиеналық маман» дипломын алған. Қанибай жоғары оқу орнында жүріп өзінің спортқа деген қызығушылығының бар екендігін байқатады. Түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындарды еншілеген болашақ дәрігер жан саулығы денешынықтыруда екендігін дәлелдей түскендей. Ол бокс спортынын «спорт шеберіне кандитат» дәрежесіне жеткен және оқу орнынан жаттықтырушы дипломын қоса алған.
Оқу бітіріп келген соң 1977 жылдан бастап Арал аудандық «Санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы» басшысының орынбасары қызметін міндетіне алған ол осы мекемеде табан аудармай 36 жыл қызмет етеді. Қанибай Оңдасынұлы қалтқысыз қызметінің арқасында 2013 жылы зейнет жасына жетуіне байланысты өзінің сүйікті қызметінен қол үзді. Дегенмен саналы ғұмырын қызмет жолына арнаған адамға қарап отыру оңайға соқсын ба? Зейнеткерлікке шыққан соң Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының "Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансері" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде және сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде «Дезинфекция, Дезенсекция, Дератизация» саласында лицензия алып жұмыс істеді.
Денсаулық саласына өз үлесін қосып, аянбай еңбек еткен жылдарында Қанибай Оңдасынұлы «Үздік санитарлық дәрігер», «Үздік орынбасар», «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгілерін иеленді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірінің дипломымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрмет грамотасымен және медалімен марапатталған. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Гигиенистер съездіне 2 мәрте делегаты болып қатысты.
Ол қызметте абыройлы маман болумен қатар отбасылық бал бақыттың дәмін татқан жан. Жары Даража екеуі өмірге 7 бала әкеліп өніп, өсіп өген үлкен әулетке айналып отыр. Ердің қызметте жетістікке жетуінде жарының қосар үлесі ұшан-теңіз. Отбасында жайлы тұрмыс кешкен азамат қана халық үшін алаңсыз қызмет ете алады. Бұл тұста Даража анамыз өзінің көрегенділігін көрсете білгендігін де атап өтуіміз керек. Тігін цехында тігін шебері болып жұмыс істеген ол кейін № 15 мектепте қолөнерден сабақ берген. Мектептің жабылуына байланысты жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Өзі де еңбек ете жүріп, өмірге ұрпақ әкеліп, жолдасын қадірлей білген отанасы.
Қазіргі күні 74 жасқа аяқ басып елдің ақылшы ағасына айналып отырған Қанибай Оңдасынұлы ел ағасы ретінде отбасын ғана емес, өзінен кейінгі жастардың ақылшысы ретінде танылып жүр. Қиындықтан жол табудың тетігін қарастырып беретін ақылман ағаны ағайыны мен ауыл тұрғындары ерекше ардақтайды. Ұрпақтары да әке жолымен, оның арманын орындап, бір-бір отбасы болып түтінін түзу шығарып отыр.

Назерке БАҚЫРАН
15 маусым 2024 ж. 256 0