АУЫЛ ХАЛҚЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН КӘСІПКЕР
Мемлекет басшысы: «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен әлі де болса бізге шынмәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс» деген болатын.Міне, осыдан-ақ елдегі кәсіпкерлік саласына жасалып отқан жағдайдың қаншалықты жоғары екенін анық аңғара аламыз. Қарап жатпай қам жасап, "еңбек етемін, кәсіп ашып, жұмыс көзін табамын" деген жандарға жанжақты қолдау жетерлік. Бұл жолда бар болғаны талпыныс болса жетіп жатыр. Оған дәлел бола алатын азаматтардың еңбегі көпке үлгі болуы қажет. Тіпті шағын ауылда отырып өз ісін дөңгелетіп келе жатқан кәсіп иелері осының мысалы.Бүгін осындай еңбекке жақын кейіпкеріміз Самат Бекенов туралы айтпақпыз. Арал ауданына қарасты Құмбазар елді мекенінің тұрғыны, білікті маман Самат Өмірзақұлы ауыл өміріне үлкен жаңалық әкеліп, жергілікті тұрғындардың күнделікті қажетін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр. Ол кез келген маркалы көліктің электроникалық жүйелерін жөнге келтіріп келеді. Қолдан келетін жұмысын кәсіпке айналдырып, көмегін елге арнаған азамат шеберлігі мен қызығушылығы оған заманның көшіне ілесуге мүмкіндік берді. Ол жақында шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттен 1 572 800 теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз грант алып, шаруасының өрге басуы үшін толыққанды авто диагностика жасайтын құрал-жабдықтар мен арнайы құрылғыларды сатып алды. "Бұл жабдықтардың ең басты артықшылығы – оның жоғары технологиялылығы мен әмбебаптығы. Бұл құрылғының ерекшелігі қазіргі нарыққа көптеп шығып жатқан, күрделі электроникасы бар қытайлық көліктердің дебарлық ақауларын анықтай алады" – дейді Самат.
Иә, осыған дейін ауыл тұрғындары көліктеріне диагностика жасату үшін міндетті түрде Қазалы немесе Арал аудан орталықтарына баруға мәжбүр болатын. Бұл сапарлар бір-екі күн уақытты алып, қосымша қаржылық шығындарды қажет ететін. Ал кейіпкеріміздің кәсібі бұл ол қиындықты түбегейлі жойды. Ауылдан шықпай-ақ сапалы қызмет алып отыр. Бұл олардың уақытын үнемдеп, тұрмысын жеңілдетті.
Бұл тек бір ауылдың ғана қажетіне жарады деуге келмейді. "Ел құлағы – елу" дегендей ауылдасымыздың бастамасы біреуден-біреуге жетіп, бүгінде оған көршілес елді мекендерден де көптеген көлік жөндетушілер келіп, қызметін тұтынып жатыр.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялай отырып «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» дегенінің сөзі Құмабазарда көрініс тапқандай. Расында жұмысшы мамандықтары бағаланатын мемлекеттер, әдетте, экономикалық дамуы жоғары, әлеуметтік теңдікке көңіл бөлетін елдер. Жұмысшы мамандықтарының бағалануы – бұл елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект. Міне, еңбектің көзін тапқан азамат, ерінбеген ер өз нанын тауып қана қоймай, елдің қажетіне жарап жүрген осындай азаматтар әлі де елдің дамуына өлшеусіз үлес қосатыны сөзсіз.
Т.ТӨРЕМҰРАТОВ
Құмбазар елді мекені










