БАЛАЛАР АРАСЫНДА ТАРАҒАН ТҰМАУ МА, ӘЛДЕ ӨЗГЕ ДЕРТ ПЕ?
Соңғы уақытта елде кең тараған тұмау түрі халықты әбігерге салды. Еліміз бойынша аталған вирусқа шалдыққандардың саны 183 мыңға жеткен. Әсіресе дертке шалдыққандардың басым көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Кейбір өңірлерде мектептер онлайн режимге ауыстырылған. Қазір халықтың басым бөлігі баласының дене қызуы көтеріліп, тәбеті болмай, кейін жөтелге ұласатын әлсіздікке шағымдануда. Бұл кесел Аралды да айналып өтпеді. Біздің ауданның ақ халаттылары күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудандағы қазіргі ахуалды зерделеп көрдік.Аралдағы дәрі қоры жеткіліктіҚазіргі күні науқастардың күрт көбеюіне байланысты қосымша 100 төсек орын дайындалған. Ауруханада 83 науқас жатып ем қабылдап жатыр. Олардың барлығы – 5 жасқа дейінгі балалар. «Арал ауданаралық ауруханасының» жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист Жолдасбай Жақсылықовтың айтуынша, аса алаңдайтын жағдай жоқ. Тұрақты түрде амбулаториялық ем қабылдаса, сауығу да соғұрлым жеңіл болады. Науқастарды емдеуге аудандық аурухана қорында дәрі-дәрмек жеткілікті.
Сұйықтық ішу – вирустан емделудің негізі
Аймақтық дәрігер Бақыт Сәпи соңғы бірнеше аптада қабылдауға жазылған науқастар санының күрт өскенін айтады. Олардың барлығына тән белгі – бірдей вирус симптомдары.
– Үй температурасы жылы болуы керек. Дегенмен күн сайын үйді желдетіп алған дұрыс. Дене қызуы көтерілген балаға сұйықтықты аз мөлшерде, бірақ жиі беру маңызды. Бұл – бойдағы вирустың кіші дәрет арқылы шығуына көмектеседі. Қызуды түсіретін дәріні әр 6 сағат сайын ғана беріңіздер. Балада вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін дәрумендер берген жөн. Мұндай жағдайда баланың тәбеті қашып, ас ішпей қояды, сондықтан мейілінше сорпа секілді жеңіл тағамдар берген дұрыс. Дене қызуы түскен соң кейбір балаларда жөтел сақталып қояды. Ондайда жөтелге қарсы дәрілерді қолдануға болады. Бірақ өз бетіңізше ем қолданбай, міндетті түрде дәрігердің нұсқауы бойынша ем жасаған жөн, –дейді дәрігер.
Халықтық ем – аурудан сауықтыра ма?
Алаңдаған халық қолдан келгенше үйдегі ем-дом тәсілдерін жасап әлек болуда. Балалардың дене қызуы дәрі бергеннен кейін де түспей қалған жағдайлар да кездескен. Мұндай кезде әлеуметтік желіде таралған халық медицинасы кеңінен қолданылған.
– Халықтық ем-тәсілдер сонау ата-бабаларымыздан бері жалғасып келеді. Оның пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Әрине, қазір медицина дамыған заман. Бірақ кейде сол көне емнің де шарапаты тиіп жатады. Өзім де немерелерім ауырса, алдымен дәрігерге қаратып, тиісті емін тағайындатамын. Кейін халықтық емді қосымша қолданамын. Ол баланың өміріне аса қауіпті емес деп ойлаймын. Жуаны ортасынан бөліп, баланың табанына қойып, сыртынан жылы шұлық кигізіп қоямыз. Жуа бойдағы вирусты өзіне тартады. Сонымен қатар үйдің ішін адыраспанмен аластап шықтық. Дене қызуы түскен соң балаларда жөтел пайда болғанда, қайнаған суға картоп салып, оның буын жұтқыздық. Картоптағы крахмал мен өзге де элементтер тыныс жолдарының ашылуына көмектеседі, – дейді Райхан Боранбайқызы.
Мектептер қашықтан оқытуға ауыса ма?
Аудан бойынша мектепке баратын 581 бала тұмауға шалдыққан. Оның 6-ы ауруханада жатса, қалғаны үй жағдайында ем алуда. Мектептегі бір сыныптың 30 пайызы сабаққа қатыспаған жағдайда, ол сынып онлайн форматқа ауыстырылады. Алайда біздің аудандағы жағдай бұл деңгейге жетпегендіктен, оқу әзірге дәстүрлі түрде жалғаса береді.
Түйін. Мамандардың айтуынша, тұмаудың бұл түрі желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін. Бұған себеп – ауа райының жылдағыдан жылы болуы. «Ауру адам сандалады» деуші еді үлкендер. Расында, соңғы апталарда халықтың үлкен уайымы – балалар арасында белең алған тұмау. Бұл да денсаулықтың қадірін ауру меңдемей тұрып білу қажеттігін еске салды. Дәрігерлер балаларды дәрі-дәрмекпен емдеуден гөрі, олардың иммунитетін күшейтудің маңызы зор екенін айтып отыр. Қалай болғанда да, дене қызуы көтерілген баланың жағдайына алаңдаған ата-аналар қолдарынан келген ем-шараны жасауда. Біз бүгін сізге пайдалы болар деген ниетпен сауығудың тиімді жолдарын кеңінен талдап өттік. Қажетіңізге жарасын!
Н. БАҚЫРАН










